Алматыдағы футзал мерекесі

Алматыдағы футзал мерекесі
Фото: Айбар Рысдәулет

Алматының төрінде футзалдан Еуропаның үздік төрт командасы бас қосты. Португалияның "Спортингі", Испанияның "Интері" мен "Барсасы" және ел үмітін арқалап отырған "Қайрат" УЕФА Чемпиондар лигасының жартылай финалдық айқастарын өткізді.

"Алматы Арена" кешенінің алаңына алғаш болып шыққан Португалияның "Спортингі" мен Испанияның "Интері". Сапында әлемнің үздік футзалшысы Рикардиньо бар "Интер" бұл дуэттің айқын фавориті болды. Қатарынан екі мәрте УЕФА Кубогында топ жарған "Интер Мовистар" үшінші кубогынан дәмелі еді. 

Алайда "Спортинг" те оңай шағылар жаңғақ емес екенін аңғартты. 2017 жылы 7:0, ал өткен жылы 5:2 есебімен "Интерге" есе жіберген "Спортинг" қалайда кеткен есесін қайтаруға тырысты.

Ойынның 6-шы минутында "Интердің" шабуылынан кейін "Спортингтің" қорғаушысы Кари өз қақпасына гол соғып алды. Алайда португалиялықтардың жауабы ұзақ күттірмеді. Ортада ойын басталғаннан кейін Део жеке шеберлігінің арқасында таразы басын теңестіріп кетті.

Екінші таймда УЕФА Кубогының иегерлері сылбыр көрінді, ал "Спортингтің" ойыншылары жеңіске деген құлшынысын көрсетті. Португалиялық ұжымның ойыншысы Диегиньо 12 минутта хет-триктің авторы атанып, "Интерді" есеңгіретіп тастады.

Тек соңғы үш минутта екі команда үш голмен көзге түсті. Қорытынды есеп - 5:3, "Спорингтің" пайдасына. Осылайша, португалиялық команда сенсация жасап, финалға жолдама алса, "Интер" үшінші орын үшін таласатын болады.

УЕФА Чемпиондар лигасы. Төрттік финал

"Спортинг" — "Интер" 5:3

Голдар: Кари (аг) 6, Део 6, Диегиньо 24, 30, 36, Бебе 37, Кардинал 39, Гадея 39.

"Спортинг": 14 Гитта (Қ), 8 Эрик, 13 Диегиньо, 15 Алекс Мерлим, 17 Кавинато, 1 Гонсалу (Қ), 2 Лео, 6 Педру Кари, 7 Кардинал, 9 Жоау Матуш (К), 10 Део, 11 Винисиус Роша, 18 Пани Варела, 20 Алек

"Интер": 1 Хесус Эрреро (Қ), 2 Ортис (К), 7 Пола, 10 Рикардинью, 13 Гадейя, 15 Алекс Гонсалес (Қ), 3 Умберто, 5 Бебе, 6 Даниэл Шираиши, 11 Марсел Маркес, 12 Борха, 14 Рафаэль, 17 Марлон Араужо, 19 Элисандро

26 сәуір. Алматы, "Алматы Арена". 6700 көрермен.

Жартылай финалдың алғашқы кездесуі аяқталғаннан соң алаңға "Қайрат" пен "Барса" шықты. Ел үмітін арқалаған алматылық ұжымның матчына жанкүйерлердің қарасы көп болып, "Алматы Арена" кешені лық толды.

Дегенмен аренаны толтырған көрермендер алғашқы таймда гол көре алған жоқ. Тек екінші таймда "Қайраттың" ойыншысы Тайеби есепті ашты. Араға 5 салып Тайнан есепті еселей түсті.

"Барсаның" ойыншысы Хоселито екінші мәрте ереже бұзып, алаңнан қуылғаннан соң "Қайраттың" шабуылы күшейе түсті. Үшінші гол да ұзақ күттірмеді. Джон Леннон ойыншылардың сан басымдылығын сәтті пайдаланады. Дегенмен бір минуттан соң "Барсаның" капитаны Лозано гол соғып, үміт отын жаққандай болды.

Айта кетерлігі, ойынның соңғы 3 минутында 5 гол соғылды. "Барса" Лозаноның көмегімен доп айырмасын бір голға қысқартқанымен, "Қайрат" қарсыласының қателігін пайдаланып кетті. Ал соңғы бір минутта "Барса" мен "Қайрат" бір-бір голмен алмасты.

 

Осылайша, финалға "Қайрат" пен "Спортинг" жолдама алды. Ал жартылай финалда жеңіліс тапқан "Барса" мен "Интер" командалары үшінші орын үшін кездесетін болады.  

УЕФА Чемпиондар лигасы. Төрттік финал

"Барса" — "Қайрат" 2:5

Голдар: Тайеби 22, Тайнан 27, Джон Леннон 38, Лозано 39, Эдсон 39, Диего 40, Дуглас 40

"Барса": 12 Хуанхо (Қ), 2 Айкардо, 7 Диего, 8 Адольфо, 14 Эскердинья, 1 Плана (Қ), 4 Рожер, 5 Лео Сантана, 6 Бойис, 9 К Лосано, 10 Марио Ривильос, 13 Хоселито, 17 Артур.

"Қайрат": 2 Игита (Қ), 6 Эдсон, 7 Ранжел, 9 Джон Леннон, 10 Тайнан, 13 Дуду (Қ), 8 К Сулейменов, 11 Диего, 12 Турсагулов, 14 Дуглас Жуниор, 15 Тайеби, 16 Нұрғожин, 17Оразов, 18 Есенаманов

26 сәуір. Алматы, "Алматы Арена". 12 090 көрермен.

А. Рысдәулет