Жазғы трансферде еркін агент атанатын 10 футболшы

Жазғы трансферде еркін агент атанатын 10 футболшы

2019 жылдың жазында жасыл алаңда доп теуіп жүрген бірқатар танымал аяқ доп шеберлерінің клубымен жасасқан келісім шарты бітеді. Сондықтан олар еркін агент есебінде басқа клубтарда бағын сынап көре алады. Біз бүгін сондай футболшылар туралы баяндамақпыз.

©1tribuna.com

1. Давид де Хеа

Клубы: «Манчестер Юнайтед» 
Амплуасы: Қақпашы
Жасы: 28
Трансферлік бағасы: 70 миллион еуро 

Маусымның бірінші жартысында Де Хеаның жолы болмады. Жозе Моуринью бапкерліктен босатылғанға дейін оның көрсеткен нәтижелері өте нашар болды. Бірақ «Тоттенхэмге» қарсы өткізілген ойында «Манчестерге» керек екенін тағы бір дәлелдеді. Қақпашы «Юнайтедте» қалуға қарсы емес, тек аптасына алатын 200 мың фунт-стерлингін, 350 мыңға көтергенін қалайды. Егер жаңа келісім шарт бойынша оның жалақысы өсетін болса, Де Хеа Санчеспен бірге «Қызыл сойқандар» сапында ең көп жалақы алатын ойыншыға айналады.

2. Антони Марсьяль

©sportbox.ru

Клубы: «Манчестер Юнайтед» 
Амплуасы: Шабуылшы
Жасы: 23 
Трансферлік бағасы: 60 миллион еуро 

«МЮ» басшылығының іс-әрекеті түсініксіз. Командадағы бірнеше футболшының келісім шарты бітуге таяу. Де Хеадан бөлек, Марсьяль, Эррера, Мата, Андреас Перрейра, Валенсия және Янгтардың келісім шарты ұзартылмаса олар да жазда еркін агентке айналады. Мысалы, клуб Матаға 1 жылдық келісім шарт ұсынғанымен ол бұған көнбеуде. Алдағы уақытта Италиядан түскен ұсыныстардың бірін қабыл алуы мүмкін. 

Марсьияль 23 жаста. Жас, күшті, клубқа керек ойыншы. Ол Моуриньюға қарсы шыққан ойыншылардың бірі. Ал жаңа келісім шарт туралы әлі мәлімет жоқ. «Клуб бізге жаңа ұсыныс жіберген, бірақ ол жердегі шарттар біздің шарттармен мүлдем сәйкес келмейді», – деген футболшының агенті Филипп Ламболи. Қазіргі уақытта ойыншыға Испанияның «Севилья» клубы қызығушылық танытып жатыр. Ал «МЮ» басшылығы оның қалғанын қалайды. Себебі осы маусымның бірінші жартысындағы қиын-қыстау кезеңде ең нәтижелі ойын өрнегін көрсеткен осы футболшы.

3. Хуан Мата

©readfootball.com

Клубы: «Манчестер Юнайтед»
Амплуасы: Жартылай қорғаушы
Жасы: 30
Трансферлік бағасы: 25 миллион еуро 

5 жыл бұрын футболшының трансфері АПЛ тарихында рекордтық сумма болған еді. Бірақ қазір 30-ға толған Мата футбол заңына сай «кәрі қасқыр» болып саналады. Ол бұрынғыдай нәтижелі ойыншы емес. Бірақ тәжірибелі. Жазда оны «Валенсия» клубы өз сапында доп тепсе дейді, қала берді «Барселона», «ПСЖ» және «Ювентус» сынды топ клубтар да ойыншыны өз командасына қосқысы келеді. Хуан болса ұсыныстарды қарап шығып, Италия немесе Испанияға қайтуға ниет білдіріп отыр.

4. Аарон Рэмзи

©vistanews.ru

Клубы: «Арсенал»
Амплуасы: шабуылға бейім жартылай қорғаушы
Жасы: 28
Трансферлік бағасы: 12 миллион еуро 

«Арсенал» сапында 9 жыл доп тепкен футболшы «жаңа дәуірде» керек болмай қалды. Рэмси әлі де жоғары спорт формасында болғанымен клубтың жаңа бапкері Унай Эмери оған негізгі құрамадан орын бермей қойды. Жалпы, Эмери Венгерден қалған құраманы мүлдем жаңартпақшы. Ал Рэмси үшін футбол базарында талап жоғары. Ол жазда еркін агент ретінде туриндік клубқа барады деген болжамдар айтылуда.

5. Диего Годин 

©coreball24.ne

Клубы: «Атлетико Мадрид» 
Амплуасы: Қорғаушы
Жасы: 32
Трансферлік бағасы: 25 миллион еуро 

Годин - Диего Симеоне командасының негізгі ойыншыларының бірі, осы клубта тоғызыншы маусымын өткізіп жатыр. Годин бір аяғы үзіліп қалсада қақпаға доп өткізбейтін тас қамал қорғаушы. Бірақ клуб Габидің қадіріне жетпегені сияқты оған да бір жылдық келісім шарт ұсынған. 

Өткен маусымда «Манчестер Юнайтед» Годинды сатып алуды қалады. Бірақ футболшы «Атлетико Мадридте» қалатынын айтқан болатын. Енді жазда еркін агент ретінде басқа клубқа өтуге мәжбүр. Себебі «Атлетико» 30-дан асқан футболшыларға 1 жылдан артық келісім шарт ұсынбайды. Бұған көнбеген Годин Италиялық «Интер» клубымен 2 жылдық келсім шарт жасасып, тіті медициналық тексеруден өтіп қойды деген сыбыстар айтылуда. 2 жылдық келісім шарт бойынша футболшы жаңа клубында жылына 4,5 миллион еуро және 6 миллион бонус алады деген хабарлар таралған.

6. Давид Луис

©itv.com

Клубы: «Челси» 
Амплуасы: Қорғаушы
Жасы: 31
Трансферлік бағасы: 25 миллион еуро 

Луис 1 жыл бұрын да лондондық клубтан кетуі мүмкін еді. Контемен арадағы кикілжіңге байланысты ол негізгі құрамнан орын ала алмай қалған еді. Бірақ Маурисио Сарри келіп ушығып тұрған жағдай біраз жұмсарып, Луис 90 минут бойы ойнай бастады. Сарри келгелі бері ол тек бір ойынға ғана қатыспады. «Челси» жақында бір жылдық келісім шарт ұсынды. Годин сияқты Луизге жан-жақтан тиімді келісім шарт ұсынып жатқан қазірше ешкім жоқ. Ал өзі өсіп-өнген бразилиялық «Палмерейреске» кетуіне әлі ерте. Сондықтан ол 1 жылдық келісім шартты қабыл алып, лондондық клуб сапында қалады деген болжамдар айтылуда.

7. Арьен Роббен 

©utvinfo

Клубы: «Бавария»  
Амплуаси: Шабуылға бейім жартылай қорғаушы
Жасы: 35
Трансферлік бағасы: 5 миллион еуро 

Роббен өткен жылдың желтоқсанында «Бавария» сапында соңғы маусымын өткізіп жатқанын айтқан еді. «Мен осы клубта 10 жылымды өткіздім, кететін уақыт келген сияқты», – деген еді Германияның жеті дүркін чемпионы. 

Нидерландтық басылымдар ол «ПСВ» немесе «Гронинген» клубының біріне қайтады деп жарыса жазуда. Бірақ футболшыға «Интер» клубынан да ұсыныс түскен. Соңғы хабарларға қарағанда Арьен қомақты қаржысы үшін Жапонияның «Токио» клубына өтуі мүмкін.

8. Франк Рибери 

©sportfakt.ru

Клубы: «Бавария»
Амплуасы: Шабуылға бейім жартылай қорғаушы
Жасы: 35
Трансферлік бағасы: 4 миллион еуро 

Бір кездері Роббен мен Рибери әлемнің ең жақсы жартылай қорғаушылары еді. Енді олар құрметті ардагерлерге айналды. Өтен жылдың мамырында франциялық футболшы «Бавариямен» бір жылдық келісім шартқа отырған болатын. Енді клуб арадағы келісімді ұзартуға мүдделі емес. Риберидің өзі футболдан шаршағанға ұқсайды. «Боруссиямен» ойындағы жеңілістен соң ол қымбат мейрамханаға барғаны жергілікті БАҚ өкілдеріне ұнамаған болатын. Оларға жауап ретінде футбошы дөрекі сөздер айтқан. Рибери мансабын басқа клубта жалғастырудан гөрі карерасын аяқтайды деген болжамдар көп айтылуда. 

9. Дани Алвес 

©championat.com

Клубы: «ПСЖ» 
Амплуасы: Қорғаушы
Жасы: 35
Трансферлік бағасы: 3 миллион еуро 

Бразиялиялық қорғаушы футболдағы мансабын жемісті өткізді. Ол «Барселона», «Ювентус» және «ПСЖ» клубтрымен бірге барлығы 40-қа жуық жүлдеге ие болды. Дани әлі АПЛ-де доп тепкен жоқ. Бірақ жазда «ПСЖ»-мен арадағы келісім аяқталып, бұрынғы бапкерінің қол астына – «Манчестер Cити» клубына барып қалуы мүмкін. Испаниялық маман қосалқы құрамда осындай тәжірибелі ойыншының отырғанына қарсы емес. Қала берді Алвес «Барселона» клубынан еркін агент ретінде «ПСЖ» сапына өткенде оның осындай нәтижелі ойыншыға айналарын ешкім білген жоқ. Сондықтан Дани Алвес басқа клубта әлі де жасындай жарқылдай алатын ойыншы.  

10. Джанлуиджи Буффон

©sportbox.ru

Клубы: «ПСЖ» 
Амплуасы: Қақпашы
Жасы: 41
Трансферлік бағасы: 1 миллион еуро 

28 қаңтарда Буффон 41 жасын қарсылады. Осы жасқа қарамай әлі де топ клуб сапында ойнауда. Париждіктер онымен арадағы келісім шартты тағы да 1 жылға ұзартуға мүдделі.

Т. Раушанұлы