2018 жылы бірде-бір жекпе-жек өткізбеген қазақ кәсіпқой боксшылары

2018 жылы бірде-бір жекпе-жек өткізбеген қазақ кәсіпқой боксшылары
Фото: beegfree.org, tengrinews.kz, massaget.kz, vk.com

Ит жылы да аяқталып келеді. Қазақ спорты үшін тағы бір жылдың жарқын сәттері мен көңілді құлазытқан кездері тарих бетіне қатталып барады. Жетістігіміз баршылық, жеңілісіміз де аз емес.

2018 жылғы кәсіпқой бокстағы халіміз қалай болды? Әңгімені жақсысынан бастасақ, Данияр Елеусінов, Батыр Жүкембаев пен Жәнібек Әлімханұлы сынды боксшыларымыз жарқын жеңістерімен қалың жұртшылықты қуантты. Аймақтық, құрлықтық чемпиондық белбеулерді тағынғандары да бар. Ал Геннадий Головкин, Руслан Мәдиев пен Айдар Шәрібаевтың алғаш рет жеңілгені жанкүйерлер жанына батты. Тағы бір айтпағымыз биыл бірде-бір жекпе-жек өткізбеген боксшылар жайлы болмақ.

1. Қанат Ислам

Биыл жанкүйерлер Қанаттың жекпе-жегін асыға күтті. Ақпан айында 2017 жылдың ең үздік менеджері атанған Эгис Климаспен келісімшартқа келуі жұртты қуантқан. Қазақ боксшысына нағыз чемпиондық атақ үшін жекпе-жек өткізуге жол ашылғандай көрінген.

23 маусымда Қанат Ислам шаршы алаңға шығуды жоспарлады. Қарсыласы мексикалық Фернандо Каркамо (23-8, 18 КО), жапон Йошихиро Камегаи (27-4-2, 24 КО) немесе америкалық Габриэль Росада (24-11, 14 КО) болады деп күтілді. Алайда отандасымыз жаттығу кезінде жарақат алып, жекпе-жек өтпей қалды. Өкінішті-ақ...

"Qazaq" деген лақап атпен танылған қазақ боксшысы 2017 жылдың қыркүйек айынан бері жекпе-жек өткізген жоқ. Астанада канадалық боксшы Брендон Кукпен жұдырықтасып, 9 раундта техникалық нокаутпен қарсыласын жеңген болатын. 

Жуырда "Жарақатымнан айықтым. Жаттығуымды бастадым. Наурыз айында шаршы алаңға оралуды жоспарлап отырмын" - деп мәлімдеді. Қанаттан келер жылы жарқын жеңістер күтеміз.

Айта кетейік, Қанат Ислам 2011 жылдан бері кәсіпқой бокста қазақ елінің атынан бақ сынап келеді. Ал оған дейін Қытай елінде жүріп Олимпиада ойындарының (2008 ж) және әлем чемпионатының (2007 ж) қола жүлдегері атанған-ды.

2. Бекман Сойлыбаев

Екінші жартылай жеңіл салмақта жұдырықтасатын Бекман Сойлыбаев өткен жылы үш жекпе-жек өткізіп, WBC International чемпиондық белбеуін иемденді. Бір рет сәтті де қорғады. Биылға төрт жекпе-жек өткізуді жоспарлаған. Өз чемпиондық атағын қорғағысы келген. Бірақ... Ертеректе қолынан алған жарақаты сыр берді.

Бекман қазіргі таңда емделіп жүр. Бокстағы мансабын аяқтаған жоқ. 2019 жылдың тамыз айына қарай шаршы алаңға шығуы мүмкін.

Кәсіпқой бокста 12 жекпе-жек өткізген Бекман бірде-бір рет жеңілмеген.

3. Жанқош Тұраров

Танымал қазақ кәсіпқой боксшыларының бірі - Жанқош Тұраров. Өзіндік жұдырықтасу мәнерімен ерекшеленетін былғары қолғап шебері биыл шаршы алаңға шыққан жоқ. Жұрт спортшыдан жағымды жаңалық күткен. Алайда жекпе-жек емес, жазда боксшы жазым бола жаздаған сәттің видеосы жұрттың жағасын ұстатты.

Жанқош Тұраровты нысанаға алып, қару кезінген қаскөйдің видеосы әлеуметтік желіде жылдам тарады. Барлығы боксшының амандығын тіледі. Себебі жанжал кезінде оқ та атылған. Кейіннен спортшы оқиға қатысты дін-аман екенін айтып, ешкімге өкпе-реніші жоғын да мәлімдеді.

Кәсіпқой бокста 22 жекпе-жек өткізген Жанқош Тұраров бокстағы мансабын аяқтаған жоқ. Биыл жарақатына байланысты шаршы алаңға шықпады. Өткен жылы Астанада аргентиналық боксшы Бруно Ромеомен болған жекпе-жекте алған жарақатынан емделді. Жақын күндері жаттығуын қайта бастамақ. Ол Nelsons Promoutions промоутерлік компаниясымен келісімшарты қалпында.

4. Иса Ақбербаев

Кәсіпқой бокста жеңіліп көрмеген қазақстандық кәсіпқой боксшылардың бірі - Иса Ақбербаев. Бірінші ауыр салмақта жұдырықтасады. 35 жастағы спортшы 2009 жылдан бері кәсіпқой бокста бақ сынап келеді. Барлығы 20 жекпе-жек өткізген. 1 кездесуі өтпей қалған. Жылына бірді-екілі кездесу өткізетін. Биыл шаршы алаңға шықпады.

"Bumblebee" деген лақап атпен танылған боксшы наурыз айында жекпе-жек өткізеді деп күтілген. Қарсыласы белгісіз болатын. Кейіннен бұл кездесуі өткен жоқ.

5. Радмир Ахмедиев

Кәсіпқой бокстағы мансабын 2014 жылы бастаған Радмир жоғары жетістікке жетпесе де, жарқын жекпе-жектерімен жұрт назарына ілікті. 12 жекпе-жек өткізіп, оның 11-де жеңіске жетті. 1 кездесуінде жеңілді.

Өткен жылы 1 рет шаршы алаңға шықса, биыл бір рет те кездесуге шықпады. Былтыр Василий Жиров қолдауымен дайындалып жүргені айтылған. Әйткенмен бұл жігіттің жекпе-жегін биыл жанкүйерлер көре қойған жоқ.

6. Жақсылық Қырғызәлі

Жақсылық кәсіпқой бокстағы мансабын 2016 жылы бастаған. Алғашқы екі кездесуі сәтсіз аяқталып, жеңілген еді. Кейіннен жеңісті жолын бастады. Соңғы рет өткен жылдың 30 желтоқсанында жұдырықтасуға шықты. Алматыда венгр боксшысы Ференц Хофнерді техникалық нокаутпен ұтып шықты. Одан кейін жанкүйерлер бұл боксшының жекпе-жегін көрген жоқ.

7. Рустам Сыбай

Әуесқой бокста Азия чемпионатының күміс жүлдегері (2011 ж) атанған Рустам Сыбай 2017 жылы кәсіпқой боксқа ауысқан болатын. Алғашқы жекпе-жегінде ресейлік Василий Поднебесныйды жеңгенмен, екінші кездесуінде өзбек Рафшан Ергашевтен жеңіліп қалды. Нәтижесінде бұл жолдағы қадамы жалғаспай келеді. Боксшының ертеректе алған жарақаты да мансабын жалғастыруға кедергісіне келтіріп жүргендей.

Иә, біз тізіп шыққан боксшылар биыл жекпе-жекке шықпады. Боксшылар туралы мағлұмат ұсынатын boxrec сайтында Жақсылық Қырғызәліден өзгелеріне "inactive" ("белсенді емес") статусы қойылған. Бұл көбіне спортшының мансабын аяқтағаны немесе уақытша тоқтата тұрғаны жайлы ақпар береді. 

Қазақтың қайсар ұлдары мен қыздары әуесқой бокс шаршы алаңдарында ғана әлемді мойындатпай, кәсіпқой бокс ареналарында да абыройымызды асқақтата береріне сенеміз!

Ө. Сансызбай