"Әлем барысына" қатысатын апайтөс балуандар салмақ өлшеуден өтті

"Әлем барысына" қатысатын апайтөс балуандар салмақ өлшеуден өтті

2 желтоқсан күні Алматыдағы Балуан Шолақ спорт кешенінде қазақ күресінен "Әлем барысы" абсолюттік әлем чемпионаты өтеді. Бүгін боз кілемде бақ сынайтын балуандар салмақ өлшеу рәсімінен өтті.

Тұңғыш Президент күні қарсаңында ұйымдастырылып отырған жарысқа 29 елден келген 33 балуан қатысады. Ел намысын төрт дүркін әлем чемпионы және Қазақстан барысы Айбек Нұғымаров, жас та болса болашағынан зор үміт күттіретін Айбат Сейтен мен Ерсұлтан Мұзаппаров, биылғы Қазақстан чемпиондары Руслан Әбдіразақов пен Нұрдәулет Жарылғапов қорғайтыны жайлы осыған дейін хабарлаған едік.

"Әлем барысы" үшінші рет өткелі жатыр

Қазақ күресі шеберлерінің басты бәсекесіне айналған "Әлем барысы" биыл үшінші рет өз байрағын желбіретеді. Алғаш рет 2016 жылы Павлодарда өткен бәсекеде кубалық Оскар Рене Видаль Брайсон топ жарды. Өткен жылы Айбек Нұғымаровтың асығы алшысынан түсті. Биыл кімге бұйырар екен?

Биылғы "Әлем барысының" жалпы жүлде қоры 20 миллион теңгені құрайды. Жеңімпаз атанған балуан тең жартысын иеленеді. Екінші орын алған балуанға 6 миллион табысталады. Үшінші орын иегері 3 миллион алады. Дәстүр бойынша алтын, күміс және қола белбеулермен марапатталады. Сонымен қатар биыл алғаш рет жеңіске деген жігері үшін аталымы бойынша 1 миллион теңге сыйақы да беріледі. Жанкүйерлер де жүлдесіз қалмайды. Билеттер бойынша көрермендер арасында жүлде ойнатылмақ. Жүлдеге "Renault Logan" автокөлігі тігіліп отыр. Көрермен болып барып, сіздің де жеңімпаз атанып қайтуыңызға мүмкіндік бар.

Биылғы жарыста қандай өзгерістер бар?

Жарыс ережесіне біршама өзгерістер де енгізілген. Бұған дейін кілемде үш төреші: ортадағы және қапталдағы қос төреші болса, енді боз кілемдегі төрешілер ғана болады. Одан өзге жаттықтырушы бұрынғыдай төреші шешіміне қарсылық білдіріп, қамшы лақтырмайды. Белдесу барысында күмәнді жағдай туындаған жағдайда ғана видеоқайталау экранға шығарылады. Барлық белдесулерді толықтай бас төреші бақылайды.

Алғаш рет Норвегиядан балуан келді

Әлем барысында алғаш рет норвег балуаны бақ сынамақ. Ол – Маркус Леонардсен. Дзюдодан Норвегия чемпионы, Скандинавия чемпионатының қола жүлдегері.

Биыл бас жүлдеге таласатындар қатарында дзюдодан биылғы әлем чемпионы Гурам Тушишвили (Грузия), қазақ күресінен әлем чемпионы Мухсим Хисомиддинов (Өзбекстан), моңғол ұлттық күресінің мемлекеттік "Лашын" атағының иегері Серік Бердімұрат және тағы басқа нәтижелі спортшылар бар.

Чико Реремоана Пембертон – ең ауыр салмақты балуан

Әлем барысының ережесі бойынша балуандардың салмағы 90 келіден асуы керек. Ал ауыр салмаққа шектеу жоқ.

Салмақ өлшеу нәтижесі бойынша биыл да жаңа зеландиялық балуан Чико Реремоана Пембертон ең ауыр спортшы болып шықты. Былтырғыдан 10 келіге арықтаған сумошы балуанның салмағы 161 келіні тартты.

Иран балуаны Джафар Пахлеваниагаргтың салмағы 156 келі болды. Тағы бір ауыр салмақты балуан эстон Танель Карро (143 келі) болды. Ал қазақ балуандары Нұрдәулет Жарылғапов пен Айбек Нұғымаровтың салмақтары 142 келіні көрсетті.

Жеңімпаз бен жүлдегерлер допинг тексеруден өтеді

Қазақ күресінен "Әлем барысына" қатысушылар допинг тексеруден өте ме? Бұл жайында "Қазақстан барысы" қазақ күресін дамыту қорының төрағасы Арман Шораев мырзадан сұраған едік.

- Әлем барысын үшінші рет енді ұйымдастырып жатырмыз. Толықтай допинг тексеруден өткізу болашақтың еншісінде. Халықаралық ұйымдар қатарына қосылу үшін бұл аса маңызды. Допинг тексеруден өткізу қажет. Қазақстан барысын жылда өткізіп жатқандықтан ондай тексеру болады. Әлем барысында биылдан бастап жүлде алған балуандар тексеруден өтеді деп талап қойып отырмыз, - деді.

"Әлем барысы" келешекте салмақ дәрежелері бойынша өте ме?

Түйе балуандар арасында болғандықтан Әлем барысы салмақ дәрежелеріне қарамайды. Десе де кейде 90 келі балуанға 150 келі қарсыласымен күресу оңай бола бермейді. Сондықтан да болашақта бұл жарыстың жүйесі өзгеруі мүмкін бе деген сұрақты да Арман Төлегенұлынан сұраған едік.

- Бұл сұрақтың жауабы болашақтың еншісінде. Мұны жасау үшін ерлермен қатар әйелдерге де осындай додалар өткізуіміз керек. Бұрымды балуандар бәсекесін нығайтып алуымыз қажет. Одан кейін барып салмақ дәрежелерін жүзеге асыруға болады. Қазір салмақ бойынша жарыс жоқ емес. "Еуразия барысы" бар, - жауап қайырды.

Айта кетейік, биылғы балуандар бәсекесін "Qazaqstan", "QazSport", түріктің "TRT AVAZ", Ресейдің "Матч!Планета" және "Бокс ТВ" телеарналары көрсетеді.  


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар