Жансая Әбдімәлік - әлем чемпионатының ширек финалына шыққан тұңғыш қазақ қызы

Жансая Әбдімәлік - әлем чемпионатының ширек финалына шыққан тұңғыш қазақ қызы
Фото: ugra2018.fide.com

Қазақстандық шахматшы қыз Жансая Әбдімәлік Ресейдің Ханты-Мансийск қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатын ширек финалда аяқтады. Отандасымыз 1/4 финалда украиналық Мария Музычукқа жол беріп, жартылай финалға шыға алмады.

Жансая мен Мария арасындағы аса тартысты ойын үш күн өтті. 12 қараша күні классикада қазақстандық шахматшы қыз жеңіске жетіп, мерейімізді асырды. Олай дейтініміз қарсыласы әлемдегі ең мықты шахматшылардың бірі. Үш бірдей Олимпиадада жүлде алған. Алтыны бар, күмісі бар, қоласы бар. Әлем чемпионаты мен Еуропа чемпионатында да зор жетістікке жеткен.

13 қараша күні өткен ойында Мария Музычук жеңіске жетіп, есепті теңестірді. Жансаяға бұл ойында тең түскеннің өзі жеткілікті еді. Алайда тәжірибелі қарсыласы мықтылығын мойындатып кетті. Нәтижесінде жартылай финалға шыққан шахматшы кеше блицте анықталды.

Шешуші ойын өте қызықты өтті. Алғашқы 10 минуттағы ойында украиналық шахматшы қыз жеңіске жетті. Үзілістен кейін Жансая жеңіске бастар жолды тапты. Қорытындысында қосымша 5 минуттық ойында Мария бір рет жеңіске жетіп, бір рет тең түсті.

18 жастағы Жансая Әбдімәлік әйелдер арасындағы әлем чемпионатында зор жетістік шыңын бағындырды деп айта аламыз. 64 шахматшы қатысқан бәсекеде үздік 8 ойыншының қатарына енді. Осыған дейін бірде-бір қазақстандық шахматшы қыз әлем чемпионатының ширек финалына шықпаған.

Жансая Марияға дейін үнді Рут Им Падминиді, қытайлық Хе Жаоны және FIDE рейтингінде 16-орында тұрған поляк қызы Йоланта Завадскийді жеңді.

Жас гроссмейстер Жансаяның жанкүйерлер білмейтін қырлары

Қазақстандық шахматшы қыз қазір FIDE рейтингінде 22-орында тұр. Жансаяның жетістігі аз емес. Талай халықаралық жарыстарда топ жарған. 8 жасқа дейінгі қыздар арасында Азия чемпионы (2008 ж), оқушылар арасында екі дүркін әлем чемпионы (2010, 2012), жасөспірімдер арасында әлем чемпионы (2011 ж), 20 жасқа дейінгі қыздар арасында әлем чемпионы (2017 ж) және күмісі (2013 ж) мен қоласын (2015 ж) да алған. Ерлер (2017 ж) мен әйелдер (2014 ж) арасында халықаралық деңгейдегі гроссмейстер. Халықаралық деңгейдегі спорт шебері.

Айта кетейік, Ханты Мансийскідегі әлем чемпионатына Жансаядан өзге Динара Сәдуақасова мен Гүлісхан Нақбаева да қатысты. Динара алғашқы ойынында испан қызы Анна Матадзені жеңіп, 1/16 финалда болгар Антонета Степановаға жол беріп алды. Ал Гүлісхан бірінші айналымда ресейлік Алиса Галямоваға 1:2 есебімен жол берді. 

Ө. Сансызбай