Қазақ балуандары әлем чемпионатында 3 медаль еншіледі

Қазақ балуандары әлем чемпионатында 3 медаль еншіледі
Фото: unitedworldwrestling.org, vk.com, wrestling.kz

Күрес түрлерінен 2018 жылғы әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Будапешт боз кілемінде өткен балуандар бәсекесінде Қазақстаннан барған спортшылар 1 күміс 2 қола медаль еншілеп қайтты.

Еркін күрестен чемпион шықпады

Төрткүл дүниенің кіл мықты балуандары бас қосқан жарысты еркін күрес шеберлері бастады. Әсет Серікбаев жаттықтыратын ұлттық құрама жігіттері жүлде алуға желпініп-ақ барды. Оның себебі де бар. Еркін күрестен әлем чемпионы атанған қазақстандық балуан әзірге жоқ. Қазақ спортына бұйырмай жүрген бір жүлде.

1995 жылы Атлантада (АҚШ) өткен жарыста Қазақстан атынан шыққан Елмәди Жабырайыловтың (ұлты - шешен) тұңғыш чемпион атануға мүмкіндігі болған. Бірақ финалда америкалық Кевин Джексонға жол беріп, күміс алды. 2016 жылы Будапештте Олимпиада енбеген салмақ дәрежелері бойынша әлем чемпионаты өтті. Бұл жарыста 70 кг-ға дейінгі салмақта Нұрлан Бекжанов финалға дейін жеткен. Алайда шешуші белдесуде ресейлік Магомед Курбаналиевке жол беріп, күміс жүлдегер атанған-ды. Будапештте Нұрислам Санаевта мүмкіндік болды. Өкінішке қарай, белдесудің аяқталуына 10 секунд қалғанда төрешілер қазақстандық балуанға ескерту жасап, ресейлік қарсыласына ұпай берді. Нәтижесінде күміс медальға ие болды.

Өзге балуандарымыз жүлделі орынға ілікпеді. Болат Сақаев (74 келі) 7-орынға, Мамед Ибрагимов (97 келі) 10-орынға, Ермұхамед Іңкәр (125 келі) 10-орынға, Дәулет Ниязбеков (65 келі) 13-орынға, Нұрғали Нұрғайыпұлы (92 келі) 15-орынға, Бақтияр Ізбасаров (79 келі) 17-орынға, Амандық Бәкеев (70 келі) 18-орынға, Қуат Әміртаев (61 келі) 20-орынға, Әділет Даулымбаев (86 келі) 22-орынға орналасты.

Еркін күрес. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері

Әйелдер күресінен медаль бұйырмады

Әлем чемпионатына қазақстандық 9 балуан қыз барды. Бірде-бірі жүлде еншілей алмады. Жұлдыз Ешімова ғана жүлде алуға үмітті болған. Алғашқы белдесуінде америкалық Сара Хильдебранттан ұтылып қалған. Бірақ қарсыласы финалға шығып, үшінші орын үшін күресу мүмкіндігіне ие болды.

Әуелі Әзірбайжан қызы Анжела Дороганды ұтқанымен, қола медаль үшін өткен шешуші белдесуде канадалық Диана Вайкерге есе жіберіп алды. Нәтижесінде 5-орынды қанағат тұтты.

Өзге балуан қыздардың нәтижелеріне тоқталар болсақ, Эльмира Сыздықова (76 келі) 7-орыннан, Жәмила Бақбергенова (72 келі) 10-орыннан, Екатерина Ларионова (68 келі) 11-орыннан, Алтынай Сатылған (59 келі) 12-орыннан, Аяулым Қасымова (62 келі) 20-орыннан, Марина Седнева (55 келі) 12-орыннан, Эмма Тисина (57 келі) 18-орыннан, Валентина Исламова (50 келі) 13-орыннан көрінді.

Әйелдер күресі. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері

Грек-рим күресінен екі қола еншіледік

Әлем чемпионатын грек-рим күресінің шеберлері аяқтады. Өткен жылғымен салыстырғанда нәтижеміз төмендеу. Парижде қазақ балуандары екі күміс алса, Будапештте екі қола еншіледі.

60 келі салмақта Айдос Сұлтанғали жүлделі орыннан көрінді. Алғашқы белдесуінде украиналық Дмитрий Цумбаликті 6:1 есебімен ұтты. 1/8-финалда Рио олимпиадасының күміс жүлдегері, Джакартадағы Азия ойындарының чемпионы жапон Синобу Отаны жарыс жолынан шығарды. Ширек финалда қырғыз Қайлы Сулаймановтан айқын айласын асырды. Алайда жартылай финалда ресейлік Сергей Емелинге есе жіберіп алды. Қола медаль үшін болған белдесуде солтүстіккореялық балуан Се Унг Риді жеңді.

67 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Мейіржан Шермаханбет те 2018 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Ол бірінші айналымда түрік Атакан Үкселді тізе бүктірді. 1/8 финалда Рио Олимпиадасының чемпионы кубалық Исмаил Борреродан басым түсті. Ширек финалда Иран балуаны Мұхамедриза Герайды жеңді. Жартылай финалда Мейіржан ресейлік Артем Сурковты жеңе алмады. Ал үшінші орын үшін өткен белдесуде Франция үміті Мамадасса Силладан үстем түсті.

Нұрым Дүйсенов жаттықтыратын өзге балуандар жүлделі орыннан көріне алмады. Мақсат Ережепов (82 келі) 8-орын, Жансерік Сәрсенбиев (55 келі) 10-орын, Демеу Жадыраев (72 келі) 13-орын, Айдын Нұғыманов (63 келі) 19-орын, Мансұр Шадукаев (130 келі) 21-орын, Тамерлан Шадукаев (77 келі) 21-орын, Әлімхан Сыздықов (97 келі) 29-орын, Азамат Құстыбаев (87 келі) 33-орын алды.

Грек-рим күресі. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері

Қазақстандық балуандарға 19 жылдан бері алтын бұйырмай келеді

Күрес түрлерінен әлем чемпионатында қазақ балуандарының бағы жанбай-ақ келеді. Тіпті осы бір әлемдік додада Қазақстанның қазіргі әнұраны шырқалмапты да. Соңғы рет әлем чемпионатында Қазақстаннан барған балуан топ жарған жарыс 1999 жылы өткен. Одан бері 19 жыл өтті.

Грекияның астанасы Афиныда өткен әлем чемпионатында грек-рим күресінен Мкхитар Манукян алтын алған. Со­дан бергі уақытта біздің ба­луан­­дарға бас жүлде бұйырған емес...

1993 жыл

Грек-рим күресі
Күміс – 1.

1994 жыл

Грек-рим күресі
Алтын – 1.

1995 жыл

Еркін күрес
Күміс – 1.

Грек-рим күресі
Күміс – 2.

1997 жыл

Еркін күрес
Қола– 1.

Грек-рим күресі
Алтын – 1.

1998 жыл

Грек-рим күресі
Алтын – 2.

1999 жыл

Грек-рим күресі
Алтын – 1.
Күміс – 1.

2003 жыл

Еркін күрес
Қола– 1.

Грек-рим күресі
Қола– 1.

2005 жыл

Еркін күрес
Қола– 1.

Грек-рим күресі
Қола– 1.

2007 жыл

Әйелдер күресі
Күміс – 1.
Қола– 2.

2008 жыл

Әйелдер күресі
Күміс – 1.

2009 жыл

Грек-рим күресі
Қола– 1.

Еркін күрес
Қола– 1.

Әйелдер күресі
Қола– 1.

2010 жыл

Еркін күрес
Қола– 1.

Грек-рим күресі
Қола– 2.

Әйелдер күресі
Күміс – 1.

2011 жыл

Еркін күрес
Қола– 2.

Грек-рим күресі
Күміс – 1
Қола– 1.

Әйелдер күресі
Қола– 1.

2012 жыл

Әйелдер күресі
Күміс – 1.

2013 жыл

Грек-рим күресі
Қола– 1.

Әйелдер күресі
Қола– 1.

2015 жыл

Грек-рим күресі
Қола– 2.

2016 жыл

Еркін күрес
Күміс – 1.

Әйелдер күресі
Қола– 1.

2017 жыл

Еркін күрес
Қола– 1.

Грек-рим күресі
Күміс – 2.

Ресей рекорд орнатты

Будапешттегі әлем чемпионаты Ресей құрамасы үшін аса табысты өтті. 10 алтын 1 күміс 2 қола медаль еншілеп, бас жүлделер саны бойынша жарыстың рекордын жаңартты. Жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды.

Жүлделер бойынша екінші орынды Жапония құрамасы еншіледі. Күншығыс елінен келген балуандар 5 алтын, 1 күміс, 4 қола медаль иеленіп қайтты. Үздік үштікті АҚШ құрамасы түйіндеді. Олар 4 алтын, 3 күміс, 5 қола алды. Ал 3 жүлде алған Қазақстан құрамасы Моңғолия және Сербиямен бірқатарда 16-орынға табан тіреді.

Өзге елдің атынан жүлде алған қандастарымыз

Спортта өзге елдің атынан жарыстарда бақ сынап жүрген қандастарымыз жетерлік. Күресте де бар. Өзбекстандағы қазақ балуаны Елмұрат Тасмұратовты жұртшылық жақсы біледі. Грек-рим күресінен 2016 жылғы Рио Олимпиадасында қола алды. Төрт дүркін Азия чемпионы, әлем чемпионатында екі қола алған. Будапештте Елмұраттың алтын алатын мүмкіндігі болды. Бірақ финалда ресейлік Степан Маринянға 6:3 есебімен жеңіліп, күмісті қанағат тұтты.

Қытай құрамасы сапындағы қандасымыз Уәлихан Серікұлы да Будапештте жүлделі орыннан көрінді. Грек-рим күресінен 60 келіге дейінгі салмақта қола жүлдеге қол жеткізді.

2019 жылғы әлем чемпионаты Астанада өтеді

Күрес түрлерінен 2019 жылғы әлем чемпионаты Астанада өтеді. Боз кілемдегі балуандар бәсекесі келер жылдың 14-22 қыркүйегі аралығына жоспарланған.

Елордада өтетін әлем чемпионатының балуандар үшін маңызы жоғары. Жүлде ғана емес, 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарына жолдама беріледі. Бұл жолдамаларға олимпиадалық салмақ дәрежелерінде 1-ден 6-ға дейінгі орындардан көрінген балуандар ие болады.

Әлем чемпионатынан кейін де лицензиялық жарыстар бар. Астанада жолдамаға қол жеткізе алмаған балуандар сол жарыстарда бағын сынайды.

Айта кетейік, күрес түрлерінен 2019 жылғы әлем чемпионатын өткізуге Астана, Алматы және Стамбул (Түркия) қалалары үміткер болған еді.

Күрес түрлерінен әлем чемпионаты елімізде алғаш рет өтеді.

Ө. Сансызбай