Қазақ балуандары Азия чемпионатында 17 медаль жеңіп алды

Қазақ балуандары Азия чемпионатында 17 медаль жеңіп алды
Фото: unitedworldwrestling.org, massaget.kz

Күрес түрлерінен 6 күнге созылған Азия чемпионаты аяқталды. Бішкекте (Қырғызстан) өткен сары құрлықтың басты додасында қазақ балуандары 17 медаль (4 алтын 2 күміс 11 қола) жеңіп алды.

Грек-рим күресі

Азия чемпионаты грек-рим күресі балуандарының белдесуімен басталды. Жарыстың алғашқы күні қазақ балуандары 3 қола медаль еншіледі.

55 кг салмақ дәрежесінде белдескен Қорлан Жақанша қола медальға қол жеткізді. 77 кг-да белдескен Мақсат Ережепов те қола жүлде иеленді. Хусейн Муцольгов (87 кг) пен Антон Савенко (130 кг) қола жүлдеге таласта жеңілді.

63 кг салмақ дәрежесінде Өзбекстандағы этникалық қазақ балуаны Елмұрат Тасмұратов Азия чемпионы атанды. Ол жартылай финалда отандасымыз Мейрамбек Айнағұловты жеңіп кетті. 8:1 есебімен ұтып тұрған Мейрамбек соңғы минуттарда сылбыр белдесіп, сан соқты. Елмұрат финалда қырғыз Урматбек Аматовты айқын жеңіп, алтыннан алқа тақты. Қола медаль үшін өткен белдесуде Мейрамбек үнді балуанынан айласын асырды.

Азия чемпионатының екінші күні жарыс жолына шыққан балуандар сәтті өнер көрсетті. 67 кг салмақ дәрежесінде белдескен Алмат Кебіспаев алғашқы кездесуінде өзбек Мирзобек Рахметовті жеңді. Жартылай финалда үнді балуаны Маниш Маништен айласын асырды. Ал финалда жапон Цучика Шимоямадан басым түсіп, жеңімпаз атанды.

Қазақ балуаны спорттағы мансабында екінші рет Азия чемпионы атанып отыр. Сондай-ақ сары құрлықтың басты додасында екі рет күміс алған.

81 кг салмақ дәрежесінде Асхат Ділмұхамедов алтын алды. Финалда қырғыз Атабек Азисбековті жеңіп, спорттағы мансабында алғаш рет Азия чемпионы атанды. Ол осыған дейін екі рет қола алған.

72 кг салмақта Демеу Жадыраев финалда қырғыз Ақжол Махмудовқа жол беріп, күміс медаль еншіледі. 97 кг-да Ерұлан Ысқақов Ирак елінің балуанын жеңіп, қола алды.

2 алтын 1 күміс 4 қола медаль иеленген қазақстандық грек-рим күресінің шеберлері жалпыкомандалық есепте үшінші орыннан көрінді. 3 алтын 1 күміс алған Иран елінің балуандары көш бастады. Жапония құрамасы – екінші орында. Күншығыс елінің балуандары 2 алтын 2 күміс 1 қола медаль жеңіп алды.

Әйелдер күресі

Бұрымды балуан қыздарымыз да Азия чемпионатынан құралақан қайтқан жоқ. Еркін күрестен Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Эльмира Сыздықова Бішкек боз кілемінде 76 кг салмақ дәрежесінде бақ сынады. Бірінші белдесуінде Киран Киранды қиналмай ұтты (13:3). Өкінішке қарай, жартылай финалда қытай қызы Цянь Чжоуға 1:2 есебімен жол беріп алды. Ал қола медаль үшін өткен күресте моңғол балуаны Чантсалнайама Амгаланбаатарды  11:1 есебімен ұтып, қола медальды иеленді.

68 кг салмақ дәрежесінде белдескен Ирина Казюлина да қола медальға қол жеткізді. Әуелі өзбек балуаны қызы Нилуфар Гадаеваны жеңді. Алайда жартылай финалда Ирина да Қытай елінен келген балуан қызға есе жіберді. Қола үшін өткен белдесуде кәріс қызы Су Чин Парктен басым түсті (8:2).

Азия чемпионатының төртінші күні қоржынымызға бір қола медаль түсті. Бұл жүлдені 53 кг салмақ дәрежесінде белдескен Жұлдыз Ешімова жеңіп алды. Бірінші белдесуінде тарихи отандасы (Қазақстан құрамасына қырғыз елінен келген балуан) Мадина Надированы ұтты. Алайда ширек финалда моңғол қызы Сумия Эрденечимегтен жеңілді. Қарсыласы финалға шыққаннан кейін қола жүлдеге таласуға мүмкіндік алды. Өзбек Севара Ешмуратованы жеңіп, жүлделі орыннан көрінді.

Жұлдыз Ешімова – Азия чемпионатында жетінші рет жүлдегер атанды. Бұған дейін бір алтын (2007 ж), төрт күміс, бір қола еншілеген.

Қайрат Сағадиев жаттықтыратын қазақстандық балуан қыздар 3 қола медальмен жалпыкомандалық есепте 6-орыннан көрінді.

Еркін күрес

Қазақстандық классик балуандар да 2 алтын 1 күміс 4 қола медаль еншіледі. Жалпы есепте үздік құрамалар үштігіне енді.

65 кг салмақ дәрежесінде белдескен Дәулет Ниязбеков үшінші рет Азия чемпионатында топ жарды. Осы уақытқа дейін еркін күрес тарихында Марид Муталимов қана үш дүркін чемпион атанған. Бішкекте бұл жетістікті Дәулет қайталады.

Дәулет Ниязбеков алғашқы белдесуінде КХДР балуаны Кукван Кимді жеңді (7:4 есебімен). Ширек финалда боз кілем иесі, қырғыз балуаны Ерназар Акматалиевтен айласын асырды (6:3). Жартылай финалда өзбек балуан Темуржон Усмонохуновты 10:0 есебімен ұтты. Финалда жапон балуаны Даичи Такатаниден (11:0) айқын айласын асырды.

Қазақ балуандары еншілеген екінші алтын медальды Нұрислам Санаев (Артаас Сана) иеленді. 2014 жылы Қазақстан азаматтығын алып, ұлттық құрама сапына қосылған тувалық балуан ислам дінін қабылдады. 2016 жылғы Рио Олимпиадасы алдында есімін де өзгертті.

Бішкекте Нұрислам Санаев 61 кг салмақта Азия чемпионы атанды. Бірінші белдесуінде моңғол Чинзориг Цермаадан басым түсті (9:0). Ширек финалда қырғыз Улукбек Жолдошбековті жеңді (7:4). Финал үшін өткен белдесуде ирандық балуан Иман Мохтар Садегхикоукандехті 5:4 нәтижесімен жеңді (5:4). Ал финалда жапон Казуя Коянагиден айласын асырып (6:2), жеңіс тұғырына көтерілді.

92 кг салмақта Әділет Дауламбаевтың Азия чемпионы атануына зор мүмкіндік болған. Өкінішке орай, қазақ балуаны финалда ирандық Мохамамдибрахим Ебрахимизивлаеиге (2:5) есе жіберіп, күміс медальды қанағат тұтты.

Жандос Исмаилов (57 кг), Мейіржан Әшіров (70 кг), Данияр Қайсанов (74 кг) пен Азамат Дәулетбеков (86 кг) Азия чемпионатының қола жүлдесін иеленді.

Бішкектегі Азия чемпионаты қазақ балуандары үшін табысты өтті деуге толықтай негіз бар. 2015 жылы Дохада қазақ балуандары 2 алтын 2 күміс 8 қола медаль иеленді. Араға 1 жыл сала Бангкокта 2 алтын 7 күміс 8 қола медаль алды. Өткен жылы Нью-Делиде 2 алтын 5 күміс 6 қола медаль еншіледі. Биылғы көрсеткішіміз – 4 алтын 1 күміс 11 қола. 

Қазақ балуандарының Бішкектегі белдесулерін 2008 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев жоғары бағалады.

- Балуандарымызды және олардың жаттықтырушыларын Азия чемпионатындағы жеңістерімен құттықтаймын. Федерация басшыларына алғысымды білдіремін. Бішкектегі жарыс жоғары деңгейде өтті. Өзім барып көрмесем де, интернет арқылы балуандардың белдесулерін қарап отырдым. Біздің құрамада жас балуандар көп болды. Алматтың күресі айрықша болды. Мейрамбек Айнағұловты да ерекше айта кетуге болады. Ирандық балуанды 19 секундта жеңді. Жалпы ирандықтар күресте мықты келеді. Мейрамбек 6 дүркін әлем чемпионы, Олимпиадада жүлде алған балуанның ізбасарын ұтты.

Мейрамбек жартылай финалда Өзбекстандағы қазақ балуаны Елмұратпен кездесті. 8:1 есебімен ұтып тұрған. Бірақ соңына қарай жеңісті уыстан шығарып алды. Салмақ көп қуып қойды ма, әлде басқа себеп пе? Әйтеуір тіс қаққан Елмұрат шеберлігін танытып кетті.

Демеу Жадыраев та жақсы күресті. Оны финалда ұтқан қырғыз балуанының күресі ұнады. Жергілікті балуан болғандықтан төрешілердің бұра тартқан тұстары да болды.

Бішкектегі балуандардың нәтижесін жоғары бағалауға болады. Еркін күрестен де балуандарымыз барын салды. Ерекше көзге түскен Дәулет Ниязбеков үш дүркін Азия чемпионы атанды. Нұрислам Санаев кіл мықты балуандарды ұтты. Осындай чемпиондарымыз көп болса, алынбайтын қамал болмас. Алда Азия ойындары мен әлем чемпионаты бар. Ұлттық құраманың жігіттері көк туды биікте желбіретсін деп тілеймін, - деді Нұрбақыт Теңізбаев.

Айта кетейік, Азия ойындары 18 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында Джакартада (Индонезия) өтеді. Ал әлем чемпионаты 22-28 қазан аралығында Будапештте (Венгрия) болады.

Ө. Сансызбай