16 желтоқсанда қазақ күресінен "Еуразия Барысы" әлем кубогы турнирі өтеді

16 желтоқсанда қазақ күресінен "Еуразия Барысы" әлем кубогы турнирі өтеді
Фото: vk.com

16 желтоқсан күні Алматы қаласындағы "Almaty Arena" спорт кешенінде қазақ күресінен "Еуразия Барысы" әлем Кубогы өтеді. Биыл бұл дода Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының 20 жылдығына орай бесінші рет ұйымдастырылып отыр.

"Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы негізінде отандық спорттың халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру, өңірлік спорт қоғамдастықтарын қолдау, жалпыұлттық спорт брендтерін қалыптастыру аса жоғары маңызға ие.

Қазақстан тәуелсіздігі кезеңінде 20-дан астам ұлттық спорт түрі жанданып дамыды. Бүгінде ұлттық спорт түрлерімен 300 мыңға жуық адам шұғылданады. Ал қазақ күресі жыл сайын әлемге танылып келеді.

Биыл бесінші рет өтетін "Еуразия Барысына" Бразилия, Жапония және Камерун елдерінің балуандары тұңғыш рет қатысады. Ал, бірнеше рет жүлдегерлер қатарынан табылған Моңғолия мен Грузия командалары қазақ күресінен тәжірибелері мол. Сонымен қатар, жарысқа Өзбекстан, Түркия және Қазақстанның қос командасы бақ сынайды. "Еуразия Барысы" әлем Кубогы – командалық сайыс. Әр командада сегіз балуаннан күреседі. Спортшылар 55 кг, 60 кг, 66 кг, 74 кг, 82 кг, 90 кг, 100 кг және +100 кг салмақ дәрежелері бойынша мықтыны анықтайды.

Үш жыл Тараз қаласында ұйымдастырылған "Еуразия Барысы" биыл екінші рет Алматы қаласында өткізілгелі жатыр. Қазақстан құрамасы аталмыш командалық жарыста үш рет топ жарды, тек 2014 жылы ғана Моңғолия құрамасы қарсылас шақ келтірмеді.

Қатысушылар арасында нәтижелі спортшылар аз емес. Самбодан әлем чемпионы Паата Гвиниашвили (Грузия), Д.Алтангерел (Моңғолияның ұлттық күресі бойынша "Арыстан" атағының иегері), биыл Астанада өткен қазақ күресінен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Р.Сонмес (Түркия), қазақ күресінен көптеген халықаралық жарыстардың жүлдегері және кураштан әлем чемпионы Мухсин Хисомиддинов (Өзбекстан), дзюдодан Жапония чемпионы К.Танию және т.б. бар.

Дәстүр бойынша жарыстың қомақты жүлде қоры бар. Бірінші орын алған команда 10 000 000 теңге сыйақы алады. Екінші орынға 6 000 000 теңге, үшінші орынды иеленген команда 4 000 000 теңгені еншілейді.

Жанкүйерлер арасында автокөлік ұтысын ойнату - «Қазақстан барысының» жылдағы дәстүрлі сыйына айналып келеді. Сәттілік серік болған жанкүйер "Renault Logan" темір тұлпарын мініп қайтатын болады.

«Еуразия Барысы» жарысын Қазақстан аймағында "Qazaqstan" және "Qazsport", Түркияның "TRT Avaz" телеарналарында тікелей эфирде көрсетіледі. Сонымен қатар, Ресейдің "Бокс ТВ" және "Матч! Планета" телеарналарының эфирінен де қайталанады.

Назарларыңызға Қазақстан құрамасын ұсынамыз:

-55 кг. Дауылбай Оспан
-60 кг. Қуаныш Ысқақов
-66 кг. Бақдәулет Сәбитов
-74 кг. Айдос Ғалымов
-82 кг. Ерсұлтан Мұзаппаров
-90 кг. Бекзат Ахметбеков
-100 кг. Асыл Бәрменов
+100 кг. Айбек Нұғымаров

Қазақстанның екінші құрамасы:

-55 кг. Дәулет Ниетбай
-60 кг. Ержан Мағауинов
-66 кг. Қасымхан Төленбай
-74 кг. Аманкелді Төлемісов
-82 кг. Сахан Әбдіқасым
-90 кг. Саят Шамшиев
-100 кг. Виктор Демьяненко
+100 кг. Руслан Әбдіразақов

О. Сансызбай