Илья Ильин спортқа орала ма?

Илья Ильин спортқа орала ма?
Фото: Informburo.kz

Қазақстандық ауыр атлет Илья Ильин спортқа қайта орала ма? Бұл көпшіліктің көкейінде жүрген сауалдың бірі. Себебі сенбі күні шыққан Халықаралық ауыр атлетика федерациясының (IWF) шешімі спортсүйер қауымды бір қуантқаны анық.

Илья 2016 жылы допинг қолданды деп халықаралық жарыстардан шеттетілді. Одан бергі аралық өміріндегі ауыр кезең болғанын спортшы өз сұхбаттарының бірінде ашып айтты. Қолдау білдіргендер болды, теріс пікір айтқандар да кездесті. Нәтижесінде IWF шешімін 1,5 жыл күтуге тура келді.

IWF тәртіптік-бақылау комиссиясының шешімімен Илья Ильин 2 жылға спорттан шеттетілді. Спортшыға қатысты шешім 2016 жылдың 10 маусымынан бастап күшіне енген. Қазақстан ауыр атлетика федерациясының қызметі нәтижесінде отандасымыз Олимпиададан өзге жарыстардағы жүлделері мен жетістіктерін сақтап қалды.

Қазақстандық ауыр атлет 2018 жылдың маусым айынан бастап Қазақстан құрамасы сапында жарыстарға қатыса алады. Отандасымыздың 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарында бақ сынауына зор мүмкіндігі бар.

Бүгін Илья Ильин Астанада арнайы брифинг өткізіп, спортқа оралуы туралы айта кетті.

- Уәде бергенімдей сіздермен қайта жүздесіп отырмын. Неге мұнда отырмын дейсіздер ме? Алғысымды білдіргім келеді. Бүкіл Қазақстанға. Арқамнан ауыр жүк түскендей. Маған бекем бол деген Нұрсұлтан Әбішұлына рақмет. Менің спортта қалуым үшін барлық жағдай жасады. Ата-анам мен туғандарыма рақмет, - дейді Ильин.

- Олимпиадаға барамын ба білмеймін. Бірақ оралғым келеді, жасым 29-да ғана ғой. Алдымен елдің спорт жетекшілігімен кездесу керек. Жарты жыл ауыр салмақ көтергенім жоқ. 170 және 215 келі ғана көтеріп жүрдім. Ол 75 пайыз ғана. Дәрігерлер бәрі дұрыс десе, команда жинау керек...

Бара аламын ба, жоқ па, осындан кейін ғана белгілі болады. Токио Олимпиадасы ойымнан шықпай қойды. Ал салмаққа байланысты 94 әлде 105 келі ма, соны шешіп алу керек. 10 келі салмақ тастадым. 99-100 келі шамасындамын. 32 жас - өзіңді толық ашып көрсететін шың. 94 келі дәрежесінде де көтеретін салмақтар жеңіл болады. Дайындалу керек, - деді спортшы.

Сондай-ақ спортшы тілшілердің ең өзекті сұрақтарына да жауап берді. Бұл жайында Vesti.kz сайты жазды.

Сыйақы ретінде алған ақша мен пәтерді қайтарып бергіңіз келмеді ме? Допинг қолданған спортшыларды алаяқ деуге болады ма?

- Мен алаяқ емеспін. Біз күні бойы жаттығу жасап, бір күнде 30 тонна темір көтереміз. Алаяқ деп басқа адамдарды айтар едім. Біз 9-10 жыл жаттығу жасап, өзімізді шектеп тастаймыз. Отбасымызбен бірге тұрмайыз. Ақша туралы айтатын болсақ, біз ақша үшін жаттықпаймыз. Біздің мақсатымыз басқа. Маған көпшіліктің мұндай сұрақ қоятынына таң қаламын. Бір апта бізбен бірге залға барып, жаттығу жасап көріңіздерші. Ол жақта көп нәрсе болады. Оның барлығын ешқандай ақшаға қайтарып ала алмайсың.

Допинг - спорттың басты проблемасы. Онда спортшылардың барлығын алаяқ деу керек шығар. Бірақ, бізді бұлай атағандармен келіспеймін. Жүрек ауруы, омыртқаның жарақаты... Бұл жарақаттардың барлығын мен алып жатырмын. Жауапкершілік те менде. Ертең менің жүрегім ауыру да болатын шығар. Бірақ мен алаяқ емеспін. Егер мемлекет талап етсе, пәтер мен ақшаны қайтарып беруге дайынмын.

- Жаттығуға қайта кіріскен кезде бұрынғы командаңызбен жұмыс істейсіз бе? Әлде жаңа команда жинайсыз ба?

- Бұл сауалды әлі ойланған жоқпын. Сол үшін жауап бере алмаймын. Мүмкін біреу менімен жұмыс істегісі келетін шығар. Алдымен бір жүйені қалыпқа келтіру керек.

- Сіздің әлемдегі ең ірі спорт киімдерін өндіретін компаниямен келісімшартыңыз бар еді. Қазір де бұл компаниямен шартнамаңыз бар ма? Және бір сұрақ. Сіз станозололды қолдандыңыз ба? Бүкіл ел жауапты сіздің аузыңыздан естігісі келеді.

- Менің "Nike" компаниясымен ешқандай ақша жүзінде жасалған келісімшартым болмады. Олар бізге спорттық киімдерді ұсынып отырды. Егер мен Олимпиаданы жеңіп алатын болсам, олар маған 15 мың доллар береді. Сонымен қатар мен екі жыл LG компаниясымен жұмыс істедім.

Станозолол жайлы айтатын болсам, бұл жағдайды менің өзім де түсінбедім. Тамақтан түскен дейді.

Илья Ильин спортқа біржола бет бұратын болса, тамыз айында Джакартада өтетін жазғы Азия ойындарына қатысуы мүмкін. Егер дайындығын шыңдап үлгермесе, қараша айында өтетін Ашхабадтағы әлем чемпионатынан көріп қалуымыз ғажап емес.  

Ө. Сансызбай