Премьер-лига. Бәрі соңғы турда шешіледі...

Премьер-лига. Бәрі соңғы турда шешіледі...
Фото: pflk.kz, fckairat.kz

Футболдан ел премьер-лигасының ХХХІІ тур ойындары аяқталды. Жанкүйерлер асыға күткен чемпиондық атақ үшін шешуші ойында "Қайрат" "Астананы" 2:0 есебімен ұтты.

Астанада өткен ойында Станимир Стойлов шәкірттері тең түссе де, чемпиондық атақты иеленер еді. Ал алматылық команда үшін тек жеңіс қажет болды.

Қос команда арасындағы ойынның бірінші таймында есеп ашылмады. Екінші таймда "Қайраттың" қарқыны артып, шабуылға жиі ұмтыла түсті. Қарымта шабуылда алаң иелерін қапы қалдыруға тырысты. 71 минутта бұрыштамадан асырылған допқа Айбол Әбікен бірінші жетіп, есеп ашты. 21 жастағы қорғаушы премьер-лигадағы алғашқы голын соқты. Сондай-ақ "Қайрат" сапында премьер-лигадағы екінші ойынына шыққан болатын. 

89 минутта Жерар Гоу ойындағы екінші голды соғып, "Қайратқа" айқын жеңіс сыйлады. Алматылық команданың екінші таймда тағы бірнеше гол соғуына мүмкіндігі болған. Шабуылшы Чума Анене бірнеше мүмкіндігін пайдалана алған жоқ.

"Оқжетпес" пен "Тараз" премьер-лигадан шығып қалды

Көкшетаудың "Оқжетпес" командасы премьер-лигамен ресми түрде қош айтысты. ХХХІІ турда Павлодардың "Ертісінен" 2:1 есебімен ұтылды. Ойындағы үш гол да бірінші таймда соғылды. Қонақтар сапынан Родриго Антонио мен Милош Стаменкович гол соқса, алаң иелері қатарынан Тимур Досмағамбетов мергендігімен көзге түсті.

Биылғы маусым қорытындысы бойынша "Тараз" да бірінші лигаға түсті. ХХХІІ турда "Атыраудан" 3:2 есебімен ұтылды. Ойындағы 5 гол да екінші таймда соғылды. Алаң иелері сапынан Предраг Сикимич, Марат Хайруллин мен Ризван Аблитаров гол соқса, "Тараз" сапынан Бактиер Зайнутдинов дубль орындады.

"Ақжайық" пен "Ақтөбені" соңғы турдың сыны күтіп тұр

Оралдың "Ақжайық" командасы ХХХІІ турда Қызылорданың "Қайсарымен" тең ойнады. Бұл ойында командалар гол соға алған жоқ. Нәтижесінде 30 ұпаймен премьер-лигада қалу мүмкіндігін сақтап тұр. "Ақтөбеден" 3 ұпайға қалып келеді. 10-шы орында қалса, бірінші лигадағы командамен плей-офф ойынын өткізеді. Ал "Ақтөбенің" әзірге ұпай түгел.

ХХХІІ турда "Ақтөбе" өз алаңында "Ордабасыны" 2:0 есебімен ұтты. Ойында Рамиз Муарем мен Томаш Шимкович гол соқты.

"Ақжайық" пен "Ақтөбені" соңғы турда маңызды ойындар күтіп тұр. Оралдық команда қонақта "Астанамен", "Ақтөбе" Алматыда "Қайратпен" ойнайды.

"Тобыл" Еуропа лигасына шығуға талпынады

Премьер-лигада төртінші орын алған команда Еуропа лигасында ел намысын қорғайды. Бұл жолдаманы иеленуге "Ертістің" мүмкіндігі жоғары. Десе де "Тобыл" да талас жүргізетін болады. Қостанайлық команда ХХХІІ турда "Шахтермен" тең түсті. 10 минутта Жасұлан Молдақараев "Тобылды" алға шығарғанмен, 83 минутта Милан Стоянович пенальтиден есепті теңестіріп кетті.

Еуропа лигасының үшінші жолдамасы соңғы турда шешіледі. Осыған дейін қола жүлдеге қол жеткізген "Ордабасы" бұл мүмкіндікке ие болған еді.

ХХХІІІ тур ойындары 5 қараша күні өтеді.

"Астана" – "Ақжайық"
"Қайрат" – "Ақтөбе"
"Ордабасы" – "Оқжетпес"
"Ертіс" – "Шахтер"
"Тобыл" – "Атырау"
"Тараз" – "Қайсар"

Ө. Сансызбай