Әйгілі балуанның қолынан жүлде алған жеңімпаздар

Әйгілі балуанның қолынан жүлде алған жеңімпаздар
Фото: Ақын Ордабай

Беларусь мемлекетінің астанасы Минск қаласы осымен екінші мәрте қазақ күресінен өтетін әлем біріншілігін құшағын кең жая қарсы алды. Қазақ күресінен  кезекті 5-ші әлем біріншілігі дәл осы қалада 2013 жылы дүбірлетіп өткен болатын. Міне, араға 4 жыл салып, ұлттық күресіміз Беларусь еліне қайта оралып, «Олимпискиий» спорт кешенінде 7-ші әлем біріншілігі жалауын қайта көтерді. Қазақ күресіне деген құрметі ерекше, көзқарасы ерен белрусь еліне алғыстан басқа айтар жоқ. Ата күресіміздің өзге күрес түрлерінен айырықшылығы оның бекзат әдістері мен әрбір ұлт тез арада жеңіл үйреніп алып кететіндігінде болса керек. Жетінші рет рет өтіп отырған әлем біріншлігіне әлемнің әр түкпірінен келген балуандар алғашқы өткен белдесулерден-ақ, ұлттық күресімізді шебер меңгеріп алғандықтары байқалып тұрды.

Бір жағынан оның басты себебі дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының көп жылдан бері тынбай еткен еңбегінің жемісі болар деп ойлаймыз. Әсіресе, осы аталған  дүниежүзілік федерациясының президенті Ислам Әлмаханұлы Әбішевтің жаңашыл екпінді еңбегінің нәтижесі осындай аламан жарыстарда көрініс алып отырғанын айтуға болады. Сонау Бразилия, Африка, Америка сияқты әлем картасының бір шетінде орналасқан мемлекеттерден қаншама шақырымды артқа тастап жеткенде, командаларға  бар жәй -күйлерін жасап қою, әрине оңай шаруа емес. Қатысушылардың жол қаражаты, жатар-жайы, ас-тағамдары мен  жеңімпаздардың сый-ақыларын  әзірлеп қою үлкен жауапкершілікті қажет ететіні сөзсіз. Қонақтардың ешнәрседен қиналып қалмауына бар жағдайды қарастырып қойған білгір басшы Ислам Әлімқанұлының жанжақты көрегендігіне жаһанның жан-жағынан келген қонақтар аса ризашылықпен жоғары бағаларын берді.  Сонымен қатар, Ислам Әлімқанұлының қазақ күресін әлем аренасына шығарудағы бағдарламасының негізі көптеген әлемдік деңгейдегі жарыстарды кешенді түрде  ұйымдастыру екен. Айталық, қазақ күресінен Аустралия, Африка чемпионаттары және Пан Америка ойындарын  ұйымдастыра отырып, Бүкіләлемдік күрес Одағының талабына сай, рейтингті көтеру. Егер жаһан жарыстарын көптеп өткізсек, Олимпиада ойындарына есігін ашуға зор мүмкіндік ашылмақшы. Осындай жоталы жобаларды іске асыруды белсене қолға алып отырған дүниежүзілік федерациясының президенті Ислам Әлмаханұлы Әбішевтің белсене жасаған әрекетіне Алла  берекетін берсін деп айтамыз.  Қазақ күресі өз тарихында тұңғыш рет Ашхабадта өткен Азия ойындарына кіріп тамаша жетістікке жетті. Алда 2018 жылы Индонезияның Джакарта қаласында өтетін жазғы Азия ойындарының бағдарламасына кіретін болып отыр. Міне, сең қозғалды деген осы. Алдағы  асқар таудай асуымыз ол Олимпада ойындарының бағдарламасынан орын алу. Сондықтан да  осындай әлем халқының ата күресімізге деген құмарлығын арттыру үшін  жағдай туылған жерде ғана, нәтиже болатыны  белгілі. Өйткені, қазіргі таңда 40-тан астам елде федерациялар жұмыс жасап, қазақ күресінен семинар-жиындар жиі өткізіліп, әлем жұртшылығының назарын  ұлттық күреске қарату бағытында кешенді жұмыс жасалып келеді. Статисикаға сүйенсек, 2013 жылы осы беларусь мемлекетінде өткен қазақ күресінен  5 әлем чемпионатында 30 ға тарта елдің балуандары келіп қатысқан болса, 7 әлем чемпионатына 44 елден командалар келіп жеңіс үшін жан аямай тартысты кездесулерін өткізді. Міне, бар жоғы 4 жылдың ішінде 10-нан аса елдің қазақ күресіне деген қызығушылығы артып, дүбірлі әлем жарысына қатысуға сұраныс білдіргенін көріп отырмыз. Кезекті жетінші әлем біріншілігі өзге әлем жарыстарынан ерекшелігі ол тұңғыш рет әйелдер арасында да жекпе-жектер өткені болды. Сондықтан да аталмыш әлем сайысы қазақ күресі тарихында ерекше орын алып қалатыныны сөзсіз. Сонымен «Олимпиский» спорт сарайының ішінде төселген бозкілемде тартысты белдесулер қыза басталып кетті. О тықыр, бұ тықырға ұқсамайды-демекші, жыл сайын қазақ күресіне келіп қатысатын балуандардың күрес деңгейлері өсе түскендерін байқауға болады. Айталық бұл жолғы балуандардың барлығы да әлем жекепе-жегіне сақадай сай дайын келгендіктерін алғашқы кездесулерінен-ақ жарқын көрсетті. Самбо, дзюдо күрес түрлерінен әлем чемпионаттарында олжа салып жүрген өз елдерінің марқасқа балуандарының қазақ күресінің айла-тәсілін айызын қандыра күресіп жатқандарына көрермендер ерекше қол соғып отырды. Мысалы, ережесіз жекпе-жектен халықаралық турнирлерде топ жарып жүрген  Нидерланд елінен келген бразилиялық балуан тамаша кездесулер өткізіп, жартылай финалға дейін жетті. Соның өзі  әлемде қазақ күресіне құмартушылар әр спорт түрлерінен табылатынын білдіріп тұр.

Еліміздің абырой-беделі сынға түсіп жатқан сын сағатта, еліміздің намысын арқалаған, жаужүрек елдің жалынды ұландары бозкілемде тартынып қалмады. Бұл әлем біріншілігінде беларусь, ресей, моңғол, тәжік елдерінің балуандары айрықша өнерлерін көрсетіп, біздің балуандармен бірге иық қағысып финалдан бір-ақ көрінді. Дегенмен де Сербия, Үндістан және Нидерланд мемлекеттерінен келген балуандар тамаша күрес өнерін көрсетіп, көпшіліктің көзайымы болды. Ерлер мен әйелдер арасында өткен тартысқа толы белдесулерде финалға шыққан балуандар есімдері анықталғаннан кейін, жарыстың салтанатты ашылу рәсімі болып өтті.

Алдымен сөзді Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы президентінің бірінші орынбасары Серік Түкеев мырза ашып берді. Қазақ күресінің тарихының  өткені мен бүгінгісіне аз-кем шолу жасағаннан кейін, Серік Адамұлы сөзін Біріккен күрес әлемнің (UWW)  Ұлттық күрес түрлері комитетінің төрағасы Гентаутес Велейта мырза  жалғастырып кетті. Құрметті мейман  «Қазақ күресі Біріккен күрес әлеміне кіретін 2000 жуық күрес түрлері болса, соның ішіндегі ең әдемі екі күрес түрінің бірі деп толық айта алам»- деп, қазақ күресінің әлемдегі ұлттық күрес түрлерінің арасындағы шоқтығы биік ұлттық күрес өнері екенін басып айтты.  Сондай-ақ, аты әлемге әйгілі, 3 дүркін Олимпиада және бірнеше дүркен әлем чемпионы, бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан Александр Медведь қазақ күресінің алар асулары алда екенін айта келіп, осындай аламан жекпе-жекті әлемге шығаруға толассыз еңбек жасап жүрген дүниежүзілік қазақ күресі федерацисының жұмысына табыс тілеп, балуандарға ақ батасын берді. Сосын сөз алған  бүгінде Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының құрметті президенті Қажымұқан Мәсімов қазақ күресіне қатысушыларға тартысты жекпе-жектер тілеп, қазақ күресінің болашағына ақжолтай тілеуін жеткізді.

Ашылу салтанаты беларусь елінің ұлттық хореграфиялық бишілер тобының өнерлерімен жалғасып, көрерменге мерекелік әсерлі көңіл-күй қалдырды. Кезек финалға келіп жетті. Алдымен қазақ  күресінен тұңғыш рет әйелдер арасында өткен ақтық сындарда озып шыққандардың есімдерін айталық. Негізі әйелдер арасындағы белдесулер екі салмақ бойынша 70кг және +70кг-нан жоғары салмақ дәрежелері бойынша  өткен еді. 70 кг салмақ дәрежесі бойынша қарсыластарын бет қаратпай ұтқан жерлесіміз Алтынай Хабай шешуші айқаста  болгариялық қарсыласы Габриела Гигованы басымдылықпен жеңіп, алғаш рет әйелдер арасында өткен 7 әлем біріншілігінде жеңімпаз атанған қаракөз қызымыз болды. Айтулы салмақта беларусь Регина Шатруская  мен поляк қызы Биалас Барбаралар қола медальдерді місе тұтты.  Ал +70 кг-нан жоғары салмақ бойынша моңғол балуаны Отгон Мунхтсетсегтің мерейі үстем болса, жерлесіміз Қалжан Тайжанованың да қанжығасы майланып, күміс жүлдегер атанды. Бұл салмақта қола жүлделерді  болгариялық Изабел Христова мен сербиялық Уна Туба Светлана жеңіп алды.

Ерлер арасындағы жекпе-жектердің арасында 5 салмақ бойынша өткен бәсекенің қортындысында, қазақ балуандары 3 салмақта чемпиондық тұғырға көтеріліп, 3 рет еліміздің әнұраны ойналды. Олар: Мұсырманов Жақсылық (60 кг), Омаров Ерлан (90 кг) және +90кг жоғары ауыр салмақта Әміренов Талғат. Жақсылық моңғол балуанымен кездесіп,  жамбас әдісіне салып атып ұрып жеңіске жетті. Бұл салмақта қола жүлде түрікмен Батур Гурбаниязов пен қырғыз балуаны  Санжар Османәлиевтердің мойындарына тағылды. Ал, Ерлан өзінің ресейлік айлакер, шымыр денелі қарсыласы Рослиаков Александрдың жауырын жерге таза қойып алғашқы алған алтын медалімен қуантты. Бұл салмақта үшінші орындарды қытайлық қазақ Аманжол Сұлтан мен эстониялық Александр Мармелюктер бөлісті. Ал, аса ауыр салмақта күрескен Талғат өзінен салмағы екі есе жоғары тау денелі тарланбоз балуан беларусь Александр Вахавякты шалып жығып алған бір жамбас бір бүк әдісімен тұңғыш рет әлем чемпионы болып танылды. Атан жілікті балуандар арасындағы қола жүлделер славакиялық Жаната Мартин мен армениялық Азат Абрахамяндарға табыс етілді. Сонымен әлем біріншілігінің абсалюттік салмақтағы чемпионның есімінде айтар сәт келіп жетті. Бұқа мойын, бура сан- демекші таусоғарлар арасында өткен кескілескен жекпе-жекте беларусь балуаны Александр Вахавяк финалда қытайлық қандасымыз Аманжол Сұлтанды алып ұрып әлем чемпионатының түйе балуаны атағына ие болды. Бұл сайыта қола қазақстандық балуан Пак Сергейге бұйырды.Қалған екі салмақ бойынша 70кг  армян балуаны Алберт Мкртчянды таза ұтқан ресейлік  Әли Тұрсынов әлем чемпионы атанса, үшінші орындарды қазақстандық Нұрғали Тұрсынғазиев пен өзбек балуаны Бахром Хайотовтар жеңіп алды.  80кг салмақтағы ақтық сында  тәжік балуаны Камороз Раджаповтан айласын асырып кеткен беларусь балуаны Шока Вадим алтын жүлдеге ие болды. Айтулы салмақтың үшінші сатысына арменялық Давид Саркасян мен түркиялық Манай Батухандар көтерілді.

Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер кезекпен-кезек жеңіс тұғырларына шығып,  Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының әзірлген қомақты қаржылай сыйлықтарымен марпатталды. Бұл күні  Александр Медведь секілді аты аңызға айналған балуанның өз қолынан жүлде алу, жеңіс тұғырына  көтерілген балуандар үшін үлкен бақыт еді. Осылайша дүбірлі өткен 7 әлем біріншілігі  тарих қойнауына кетті. Алғаш рет әйелдер арасында ұйымдастырылған жекпе-жектермен ерлер арасында  тартыспен өрілген жекпе-жектерге қатысушалардың есінде көпке дейін ұмытылмасы анық. Боз кілемде күресе жүріп, өзге елден дос тапқан балуандар бір-бірімен қимай қоштасып жатты. Әлем сайысы аяқталғаннан соң барша қатысушылар естелікке суретке түсіп, елдеріне аттанып кетті.

Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ

О. Сансызбай