"Алматы туры - 2017" жылдағыдан айрықша өтеді

"Алматы туры - 2017" жылдағыдан айрықша өтеді
Фото: Өмірбек Сансызбай

Биылғы "Алматы туры" халықаралық веложарысы жылдағыдан айрықша өтеді. Алатау бауырындағы аламан жарыстың екі күнге созылатынын осыған дейін де жазғанбыз. Дегенмен веложарыстың бұдан өзге де жаңалықтары жетерлік.

Жарысты ұйымдастырушылар арнайы баспасөз жиынын өткізіп, бесінші "Алматы турының" ерекшеліктері, жаңа форматы, қатысушы командалар мен қаланың дайындығы туралы айта кетті. Қатысушы велошабандоздарды жеңімпаз кубогынан өзге де мәртебелі марапаттар күтеді.

Биылғы веложарыс екі кезеңнен тұрады

"Алматы туры – 2017" веложарысы биыл екі күнге созылып, екі кезең бойынша өтеді. Осыған дейін халықаралық жарыс "кретериум" жүйесінде өтіп келді. Бұл жүйе бойынша қатысушылар айналма жол арқылы сынға түсетін. Ал биыл велошабандоздар сөреден мәреге дейінгі қашықтықты басып өтеді.

Жарыстың бірінші кезеңі 30 қыркүйек күні Астана алаңының маңында, Қазақ-Британ техникалық университеті аумағынан бастау алады. "Қалалық айналым" Төле би, Фурманов, Сәтбаев, Байзақов көшелерін, Абай даңғылын және Желтоқсан көшесін қамтиды. Мәре "Алматы Арена" аумағында болады.

Жарыстың екінші кезеңі 1 қазан күні "Халық Арена" маңынан басталып, велошабандоздар "Шығыс айналма жолы – Әл-Фараби" шеңберімен жүреді. Ал финалдық бөлігі Тұңғыш Президент саябағынан "Медеу" мұз айдынына дейін жалғасып, жеңімпаздар сонда анықталады.

- Халықаралық велоспорт федерациясы жарысты екі күн бойы өткізу туралы өтінішімізді қанағаттандырды. Мұны осыған дейін төрт рет ұйымдастырылған жарыстың жемісі десек қателеспейміз. Осыған дейін қатысушы командаларды өзіміз шақырсақ, биыл қатысуға өтініш білдірген командалардың қарасы мол болды. Өтініш білдіргендер арасынан үздіктерін таңдауға тура келді, - деді Қазақстан велоспорт қауымдастығының вице-президенті Аманбек Кульчиков.

Көшелер уақытша ғана жабылады

Веложарыс қатысушылары маршруттың нақтылы бір бөлігін жүріп өткеннен кейін жолдар қайта ашылып отырады. Кейбір жол бөліктері бар болғаны 20 минутқа қоршалады. Сонымен қатар, Алматы туры - 2017 көрермендері мен жанкүйерлерін қаладан веложарыс мәресі орналасатын "Медеу" мұз айдынына жеткізу үшін қоғамдық көліктер қатынайды.

Жылдағы жүлде қоры сақталады

- Биылғы "Алматы туры" екі күнге созылатын болғандықтан, жүйесі өзгергендіктен оған кететін шығын да жылдағыдан көп болатыны анық. Десе де біз көп қаржы жұмсамай, біраз жұмыстың басын қайырдық. Жылдағы жүлде қоры сақталады - деді Амандық Кульчиков.

Айта кетейік, "Алматы турының" жылдағы жүлде қоры - 39 900 евро. Жарыс жеңімпазы 15 000 евро алатын болады.

UCI сарапшысы жарыстың ұйымдастырылуын жоғары бағалауда

"Алматы туры – 2017" велододасына жаңа техникалық делегат Пьер Хатсебаут көп көмегін тигізуде. Сарапшы Алматының инфраструктурасын жоғары бағалап, қала әкімдігіне алғысын білдірді. Сондай-ақ жарыстың спортшылар үшін қиын әрі қызықты болатын тұстарын да айта кетті.

- Жарыс жолының кей бөліктерін күні кеше ғана аяқтап үлгердік. Бұл үшін қала басшылығына алғыс білдіреміз. Ең қызығы жарыстың екінші күніндегі соңғы 12 шақырым. Медеуге шығар жол қиын болары анық. Оған дейін спортшылар 150 шақырымды жүріп өтеді. Яғни, қызығы соңында болады, - деді сарапшы.

Айта кетейік, осыған дейін Пьер Хатсебаут «Орталық Азияда "Алматы туры" велододасына тең келер жоба жоқ» деп бағалаған еді.

Ауа райы кедергісін келтіруі мүмкін

- Сенбі күні Алматыда ауа райы жауын-шашынды деп күтілуде. Былтыр да солай болған. Тауда тұман болады. Бұл тікұшақпен түсіруге кедергі келтіруі мүмкін. Кедергі келтірген жағдайда екі тікұшақпен трансляция жасауға тырысамыз. Техникалық тұрғыдан дайынбыз, - деді Аманбек Кульчиков.

Жарыс барысын Италиядан келген операторлар түсіреді

Жарысты Италиядан келген операторлар мотоциклмен жүріп түсіреді. Бұл туралы Аманбек мырза айта кетті.

- Мұндай халықаралық деңгейдегі жарыстың түсірілімі де оңай емес. Бұл үшін Италиядан арнайы мамандарды шақырдық. Бір шетінен біздегі түсіру техникалары да толық жетісе қоймайды. Ал италиялық түсірілім командасы осыған дейін Алматыдағы Универсиададан трансляция жасаған. Алматының табиғатын, тауларын жақсы біледі. Олардан өзіміз де тәжірибе жинап, алдағы уақытта өзіміз де түсірілім тарата алатын боламыз, - деді.

Алексей Луценко нағыз бабында

Қазақстандық велоспортшы Алексей Луценко қазір нағыз бабында десек болады. Бұл туралы Лондон Олимпиадасының чемпионы Александр Винокуров та айта кетті.

- Астана велошабандоздары маусым соңында барын салады. Алексей әлем чемпионатынан кейін қазір нағыз бабында. "Вуэльта" кезеңіндегі жеңісі оны қанаттандыра түскені анық. Бұл Алексейдің осы маусымдағы соңғы жарысы. Ал Якоб Фульсанг (Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, Астана легионері) та Алматы турын қолдайды. Қолдап қана қоймай, Алексейге көмек керек болса, қол созатын болады. "Тур де Франста" құламағанда жоғары нәтиже көрсете алар еді, - деді Александр Винокуров.

Жеңімпаздар жейдесі қандай болады?

Жарысқа қатысушылар екі күн бойғы веложарыс нәтижесіндегі чемпиондық атақ пен кубок үшін ғана емес, жекелей марапат жейделеріне де таласатын болады. Үздіктер берілетін арнайы жейделер «үздік тау патшасы», үздік спринтер және үздік қазақстандық велошабандоз марапаттары бойынша жейделерге ие болады.

Айта кетейік, "Алматы туры" веложарысы 2013 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. 

Ө. Сансызбай