Ел клубтарының УЕФА рейтингіндегі көрсеткіштері қандай?

Ел клубтарының УЕФА рейтингіндегі көрсеткіштері қандай?
Фото: коллаж, vesti.kz, Ақтөбе ФК

Футболдан еурокубок жолындағы жарыстар басталып кетті. Қазақстандық клубтар бастап та, аяқтап үлгергені де бар. Бүгінгі айтпағымыз УЕФА-ның клубтар арасындағы рейтингі және ел клубтарының ондағы хал-жайы болмақ.

Клубтар арасындағы УЕФА рейтингі дегеніміз не?

Еуропалық футбол қауымдастықтары одағының (УЕФА) клубтар арасындағы рейтингі бар. Бүгінде бұл рейтингке қарт құрлықтың 442 командасы енген. Ал рейтинг соңғы 5 жыл ішінде еурокубок жолындағы жарыстарға (Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасы) қатысқан клубтар нәтижесі бойынша түзіледі.

Клубтар арасындағы УЕФА рейтингінің маңызы неде?

Клубтар арасындағы УЕФА рейтингінің жеребе кезінде маңызы жоғары. Осы рейтинг арқылы командалар жеребе кезінде «еленген» (рейтингі жоғары) немесе «еленбеген» (рейтингі төмен) топтарға бөлінеді. Яғни, іріктеудегі жеребе кезінде бір мықты, бір ортаңқол команданың бір-біріне қарсылас атануы осы рейтингке тікелей байланысты. Ал Чемпиондар лигасының жеребесіне өткен маусымда өзгертулер жасалған болатын.

Клубтар арасындағы УЕФА рейтингі қалай есептеледі?

Клубтар арасындағы бұл рейтингте командалардың көрсеткіші соңғы 5 жыл нәтижесі бойынша сақталады. Команда 5 жыл ішінде еурокубок ойындарына қатыспаса, рейтингтен шығып қалады.

Чемпиондар лигасында ұпайлардың берілуі:

Бірінші іріктеу кезеңінен аса алмаса – 0,5 ұпай;
Екінші іріктеу кезеңінен аса алмаса – 1 ұпай;
Топтық кезеңге шықса – 4 ұпай;
Топтық кезеңдегі әр жеңіс үшін – 2 ұпай;
Топтық кезеңдегі тең ойын үшін – 1 ұпай;
1/8 финалға шықса – 4 ұпай;
Ширек, жартылай және финалға шықса тағы да қосымша ұпай көрсеткіштеріне ие болады.

Қосымша: Үшінші іріктеу кезеңінен жарысты аяқтаған командаға ұпай берілмейді. Себебі бұл команда еурокубокты Еуропа лигасында жалғастыратын болады.

Еуропа лигасында ұпайлардың берілуі:

Бірінші іріктеу кезеңінен аса алмаса – 0,25 ұпай;
Екінші іріктеу кезеңінен аса алмаса – 0,5 ұпай;
Үшінші іріктеу кезеңінен аса алмаса – 1 ұпай;
Плей-офф кезеңінен аса алмаса – 1,5 ұпай;
Топтық кезеңдегі әр жеңіс үшін – 2 ұпай;
Топтық кезеңдегі тең ойын үшін – 1 ұпай;

Клубтардың топтық кезеңге шыққаны мен плей-оффтағы сәтті ойындары үшін тағы да қосымша ұпайлар беріледі.

* ойын соңындағы пенальти сериясы ұпай көрсеткішіне әсер етпейді.

Клубтар арасындағы УЕФА рейтингіндегі қазақстандық клубтардың нәтижелері

Ел клубтары арасында бұл рейтингте жоғары көрсеткішке ие – "Астана". Елордалық команда соңғы 5 маусым ішінде бір рет Чемпиондар лигасы, бір рет Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнады. Қазақ футболы тарихында болмаған жетістікті бағындырды. Бүгінде Еуропаның үздік 100 клубы қатарында. Нақтырақ айтсақ, клубтар арасындағы УЕФА рейтингінде 16.750 ұпаймен 94-орында келеді. Биылғы маусымда сәтті бақ сынаса, ұпай көрсеткішін арттырары сөзсіз.

Рейтингте "Астанадан" кейінгі орында – "Ақтөбе" тұр. Команда өткен маусымда ала-құла ойнап, жүлделі орыннан көріне алған жоқ. Нәтижесінде 2006/2007 маусымнан бері еурокубок ойындарында ел намысын қорғап жүрген команда бұл турнирден тыс қалды. Биыл команда тіпті премьер-лигада қалу үшін жан баға бастады.

Еурокубок ойындарында ел абыройын асырған алғашқы команда, ол – "Шахтер". Қарағандылық команда бірінші болып еурокубок ойындарының топтық кезеңіне шықты. Бүгінде 6.000 ұпаймен 190-орында тұр. Биыл да еурокубок ойындарына қатыспайтынын ескерер болсақ, рейтингте бұдан да төмен құлдырайтыны рас.

Бүгінде қазақстандық жанкүйерлерді "Қайраттың" қарқыны қуантады. Дегенмен команда әзірге 5.500 ұпаймен 210-орында келеді. Алматылық ұжымның осы маусымда нәтижесін жоғарылатуына зор мүмкіндігі бар.

Бұл командалардан өзге клубтар арасындағы УЕФА рейтингінде "Ордабасы" мен "Ертіс" те бар. Шымкенттік ұжым бұл маусымды аяқтап үлгерді. Павлодарлық команда болса, Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңіне шықты.

"Ордабасы" 3.750 ұпаймен – 271-ші, "Ертіс" 3.500 ұпаймен 288-орында келеді.

Клубтар арасындағы УЕФА рейтингіндегі 10 үздік команда

10. "Бенфика" (Лиссабон, Португалия) – 87.783

Португалиялық клуб соңғы жаңарған рейтинг қорытындысы бойынша үздік ондыққа еніп тұр. Олар өткен маусымда еурокубок ойындарынан тыс қалған "Челси", Еуропа лигасында жеңіске жеткен "Манчестер Юнайтедтен" жоғары тұр. Лиссабондық команда бұл маусымда да Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде бақ сынайды. Бұл – қоржындарында 4,266 ұпай бар деген сөз.

9. "Манчестер Сити" (Манчестер, Англия) – 94.363

Ағылшын премьер-лигасында алғашқы ондықтағы жалғыз команда – осы "Манчестер Сити". Хосеп Гвардиола биыл Чемпиондар лигасында атой салуды мақсат тұтып отыр.

8. "Боруссия" (Дортмунд, Германия) – 95.656 ұпай

Соңғы 5 жыл ішінде Чемпиондар лигасында аса сәтті командалардың бірі дортмундтық "Боруссия". Чемпиондар лигасының финалына дейін шықты.

7. "ПСЖ" (Париж, Франция) – 103.249

Париждік клуб биыл "Барселонадан" қарымта ойында ойсырай жеңілмегенде рейтингтік көрсеткіші бұдан да жоғары болар ма еді? Дегенмен команда 103.249 ұпайды қанағат тұтып, 7-орында келеді.

6. "Севилья" (Севилья, Испания) – 109.799

Үш рет Еуропа лигасында жеңіске жетуінің нәтижесінде "Севилья" үздіктер қатарынан көрініп келеді. Ол ұпайлары қашанға дейін азық боларын уақыт көрсетеді.

5. "Ювентус" (Турин, Италия) – 119.049

Туриндік команда соңғы үш маусымда екі рет Чемпиондар лигасының финалына шықты. Егер соның бірінде жеңіске жеткенінде, бұдан да биік межеден көрінген болар еді.

4. "Бавария" (Мюнхен, Германия) – 122.656

Мюнхендік команда Хосеп Гвардиола жаттықтырған тұста үш рет Чемпиондар лигасының жартылай финалына шықты. Ал биыл ширек финалда "Реалдан" ұтылып, клубтар арасындағы рейтингте соңғы 7 жылда алғаш рет үштікке енбей қалды.

3. "Барселона" (Барселона, Испания) – 128.799

Каталондық клуб екі жыл қатарынан ширек финалда сүрінді. Ал оған дейінгі жинаған ұпайлары команданы үздіктер қатарында сақтап келеді.

2. "Атлетико" (Мадрид, Испания) – 133.799

2013 жылы Чемпиондар лигасына оралған "Атлетиконы" бір ғана команда басып озып тұр. Ол – "Реал".

1. "Реал" (Мадрид, Испания) – 151.799

Соңғы 5 маусым қорытындысы бойынша ең үздік көрсеткішке ие – "корольдік клуб". Үш рет жеңімпаз атанды. Ең жоғары ұпай көрсеткіші бойынша рекорд та орнатты.

Тағы бір айта кететіні, клубтар арасындағы УЕФА рейтингі мен УЕФА-ның қауымдастықтар арасындағы коэффициенттік рейтингін шатастыруға болмайды. Қауымдастықтар арасындағы рейтинг те ел клубтарының еурокубок ойындарындағы нәтижелері бойынша түзілгенмен, екеуі екі бөлек рейтинг. Оны атауынан-ақ ажыратуға болады. Бұл туралы алдағы уақытта айтатын боламыз.

Ө. Сансызбай