Қазақ – өзбек боксының кезекті текетіресі

Қазақ – өзбек боксының кезекті текетіресі
Фото: Вконтакте (Astana Arlans)

18 ақпан күні «Astana Arlans» бокс клубы бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) жаңа маусымындағы екінші кездесуін өткізеді. Отандастарымыздың бұл жолғы қарсыласы – Өзбекстанның «Uzbek Tigers» клубы.

Қазақ - өзбек боксшылары арасындағы жекпе-жектер қашан да тартысты өткен. Ежелден төсекте – басы, төскейде малы қосылып жатқан, тете өскен екі бала секілді көрші екі елдің арасында спортта үлкен бәсекелестік бар. Сол бәсекенің бірін Риодағы Олимпиада ойындарында аңғарсақ, енді WSB жобасында жалғаспақ.

Өзбекстандық клуб WSB жобасына екінші рет қатысып отыр. Олар топтағы бірінші жекпе-жегін түзде «China Dragons» (Қытай) клубына қарсы өткізіп, 3:2 есебімен ұтылды. Ал «Astana Arlans» Мәскеуде дәл осындай есеп айырмасымен «Patriot Boxing Team» командасын жеңді.

«Astana Arlans» пен «Uzbek Tigers» клубтары арасындағы жекпе-жектер 52, 60, 69, 81 және +91 келіге дейінгі салмақта өтеді.

Қос клуб арасындағы жекпе-жекті 52 келіге дейінгі салмақтағы боксшылар бастайды. «Astana Arlans» капитаны Олжас Сәттібаев Аброржан Қодировпен жұдырықтасады. 2016 жылы дәл осы боксшыны Азат Махметов жеңген болатын.

Негізінен Өзбекстан құрамасының 52 келідегі үздік боксшысы – Шахобиддин Зоиров. Ол Риодағы Олимпиада ойындарында чемпион атанды. Бұл боксшы команда құрамында болғанмен, Талдықорғандағы жекпе-жекке әкелген жоқ.

60 келіге дейінгі салмақта отандасымыз Закир Сафиуллин Муроджон Ахмадалиевпен қолғап түйістіреді. Өзбек боксшысын осал санауға болмайды. Риода 56 келіге дейінгі салмақта бақ сынап, қола жүлдегер атанған болатын. Ширек финалға шығар жолда отандасымыз Қайрат Ералиевті ұтқан еді. Оған дейін 2015 жылғы Катардағы әлем чемпионатында да қазақстандық боксшы қарсыласына есе жіберген еді. Қайраттың жіберген еселерін Закир қайтарады деген сенімдеміз.

69 келіге дейінгі салмақта «Uzbek Tigers» клубы Олимпиаданың күміс жүлдегері Шахром Гиясовқа үміт артып отыр. Ол Риодағы доданың финалында Данияр Елеусіновтен жеңілген еді. Өзбекстан құрамасының негізгі құрамындағы боксшыларының бірі.

Шахром Гиясовпен Асланбек Шымбергенов жұдырықтасады. Отандасымыз өткен маусымдағы WSB жобасында Азияның үздік боксшысы атанған болатын. "Қазақтың салмағы" саналып кеткен 69 келіде Асланбек намысты қолдан бермейді деген сенімдеміз.

81 келіге дейінгі салмақта Нұрдәулет Жарманов Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Бектемір Меликузиевпен жұдырықтасады. 21 жастағы өзбек боксшысы осал қарсылас емес. 2015 жылғы Азия чемпионатының ширек финалында Жәнібек Әлімханұлын жеңген. Жас та болса Өзбекстан құрамасының тіс қаққан боксшыларының бірі.

Бұл салмақта сенім артатын боксшымыз - Нұрдәулет Жарманов. Халықаралық жарыстарда бақ сынап жүрген отандасымыз Талдықорған шаршы алаңында командасына ұпай сыйлайтынына сенеміз.

Ауыр салмақта (+91 келі) «Astana Arlans» сапынан шаршы алаңға Қамшыбек Қоңқабаев көтеріледі. Оның қарсыласы – Баходыр Жалолов. Өзбек боксшысын бұл салмақта Иван Дычко бірнеше рет жеңген. Сол жеңісті жолды Қамшыбек жалғайды деген үміттеміз.

Баходыр Жалолов Риода Өзбекстан құрамасының Туын ұстап шыққан болатын. Ширек финалда ұлыбританиялық боксшы Джо Джойстан жеңілді.

Талдықорғандағы «Жастар» спорт кешенінде өтетін бокс кеші 18 ақпан күні Астана уақытымен сағат 18:00-де басталады. Тікелей эфирде «Хабар» арнасы көрсететін болады. Қазақ боксшыларына бірге жанкүйер болайық!

Ө. Сансызбай