"Алматы турын" UCI көпкүндік жарысы ретінде тіркеуге болады

"Алматы турын" UCI көпкүндік жарысы ретінде тіркеуге болады
Фото: Vesti.kz, Tengrinews.kz

Халықаралық велоспорт федерациясы (UCI) "Алматы туры" ұйымдастырушылары жарысты көпкүндік қылған жағдайда олардың ұсынысын қарастыруға дайын. Бұл жайында пресс-конференцияда қауымдастық комиссары Джек Ватсон мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Менің ойымша "Алматы турын" көпкүндік жарыс ретінде тіркеу үшін қажетті инфрақұрылым жеткілікті. Алматы қаласының айналасында таулар мен жолдар баршылық. Бұл жайттар 3-5 күн бойына велокөпкүндікті жоғары деңгейде өткізуге зор мүмкіндік береді. Бұл жобаны UCI жақсы қабылдап, Қазақстан велоспорт федерациясына қажетті қолдау көрсетер еді. Меніңше, "Алматы турын" көпкүндік жарыс ретінде қабылдап, ұйымдастыруды бастай беру қажет. Ол үшін барлық жағдай жасалған",– дейді Ватсон.

"Алматы туры" төртінші рет өткізілгелі тұр. Биыл да бұл жарыс әдеттегідей бір күн өткізіледі. Алайда, көптеген жаңалықтар орын алмақ. Мысалы, әлемдік деңгейдегі веложарыстар секілді "Алматы турында" да көшбасшының өзіндік жейдесі болады және де "белсенді шабандоз" номинациясы енгізілді. "Меніңше, Алматы қаласының әкімшілігі қолдау көрсетсе, жарысты жаңа деңгейге көтеруге болады,– дейді Қазақстан велоспорт федерациясының вице-президенті Аманбек Кульчиков. Соңғы кездері қазақ велоспорты өзінің даму жолында қарқынды түрде алға жылжыды. Еліміздің түкпір-түкпірінде веложарыстар жиі өткізіліп тұрады. Бұл қазақстандықтардың велоспортқа деген қызығушылығы артқанын көрсетеді. Біздің мақсатымыз, "Алматы туры" біріншіден, велоспортты сүйетін қазақстандықтарға қызық болуы керек. Тағы да Алматы қаласының барлық тұрғындары мен қонақтарын үлкен спорт мерекесіне шақырамын".

"Алматы туры 2016" жарысының басты үміткері "Астана" командасының шабандозы Алексей Луценко бұл біркүндікте үшінші рет топ жаруға ниетті екенін білдірді. Шабандоз Рио де-Жанейроға бара алмауына себеп болған жарақатынан толықтай айыққан. "Меніңше, жауын-шашынға қарамастан, жексенбі күні өте әдемі жарыс болады. Бұл жарыстың ұйымдастырылуы жолында көп күш жұмсалды. Сондықтан, біз артылған сенімді ақтауымыз қажет. Оның үстіне, жарыс өз жерімізде өтуде. Әрине, мен үшін "Алматы турының" биігіне екі рет көтерілу үлкен мәртебе және де мен биыл да сол жетістігімді қайталаймын деген мақсатпен келдім. "Алматы турының" жолы жылдамдықты қажет етеді, ал соңғы 2-3 шақырым тіптен қиын болады, себебі, жол жоғарыға қарай бағыт алады. Жүріліп өтілген 180 шақырымнан кейін, осы соңғы жолдар өте қиын болары барлығына да мәлім"– дейді Луценко.


"KazSport" арнасынан бөлек, "Алматы турын" "Eurosport" телеарнасы да көрсететінін естеріңізге салып өтейік. Бұл көрсетілімнің комментаторы әйгілі маман Сергей Курдюков болады. "Бір сағат көлемінде "Eurosport" арнасы тікелей эфирде жұмыс жасайды. Яғни, жарыстың соңы мен марапаттау рәсімін тамашалай аламыз",– деді Кульчиков. Естеріңізге салып өтейік, "Алматы туры" 2 қазан күні өтеді. Сағат 08.00 де қатысушыларды салтанатты таныстыру рәсімі болады, ал жарыс 09.30-да "Нұрлытау" БО алдынан бастау алады. Осы біркүндікке қатысуға 14 құрама ниетті екенін білдірген. Олардың ішінде өз құрамында Гранд турлардың төрт дүркін жеңімпазы Винченцо Нибали секілді шабандоз бар "Астана" командасы да бар. Толық мәлімет пен жаңалықтарды "Алматы турының" ресми сайтынан біле аласыздар.

Ж. Жұмағұлов