Премьер-лига. «Қайрат» чемпиондық атақтан күдерін үзбейді

Премьер-лига. «Қайрат» чемпиондық атақтан күдерін үзбейді
Фото: vk.com

Футболдан ел премьер-лигасының аяқталуына 4 тур қалды. Кеше өткен XXVIII тур ойындарынан кейін чемпиондық атақ пен үшінші орынға талас қыза түсті.

Қазіргі таңда премьер-лига көшін елордалық «Астана» бастап келеді. Станимир Стойлов жаттықтыратын клуб басты қарсыласы саналып отырған Алматының «Қайратынан» 4 ұпайға озып тұр. Сондай-ақ Көкшетаудың «Оқжетпес» клубына қарсы өткізетін бір артық ойындары да бар.

Ел премьер-лигасының XXIX тур ойындары 1-2 қазанға жоспарланған. Алматының «Қайраты» өз алаңында Шымкенттің «Ордабасы» клубымен ойнайды. Осы маусымда осал тұсын таба алмаған бірден-бір команда. Шымкентте өткен екі ойында да «Ордабасы» ұтса, Алматыдағы кездесуде 2:2 есебі тіркелген-ді. Ал алдағы ойында ұпай жоғалтар болса, чемпиондық атақтың ауылы алыстары сөзсіз.

Осы аптада Еуропа лигасының топтық кезеңі аясында «Астана» клубын Швейцарияның «Янг Войз» клубына қарсы ойын күтіп тұр. Кездесу 29 қыркүйек күні «Астана Аренада» өтеді. Сондықтан да бұл команданың ХХІХ турдағы ойыны 2 қазанға жоспарланған. Өз алаңында «Оқжетпеспен» ойнайды.

«Астананың» биыл да чемпион атануына зор мүмкіндігі бар. «Қайрат» та бұл атақтан күдерін үзбейді. Елордалық ұжым бір-екі турда ұпай жоғалтар болса, жетіп алуға тырысады. Әсіресе, 16 қазан күні Алматыда аса тартысты ойын өтері даусыз. «Қайрат» пен «Астана» 3 ұпайды сарапқа салады. Бәлкім, чемпиондық атақ мәселесі сол ойында шешілер...

Қазірдің өзінде «Қайрат» күміс жүлдеге талассыз қол жеткізіп отыр. Ал үшінші орынға талас қызып тұр. «Ертіс» пен «Ордабасының» арасын 1 ұпай бөлсе, бесінші орында тұрған «Оқжетпестің» де үздік үштікке енуге мүмкіндігі бар.

Екінші «алтылықтағы» ойындар да қыза түсті. Қазіргі таңда «Тараздың» премьер-лигадан шығып қалу қаупі жоғары. Дегенмен оңтүстіктік ұжым соңғы үш ойынын өз алаңында өткізетінін ескерсек, команданың премьер-лигадағы орнын сақтап қалуына мүмкіндігі бар. Оралдың «Ақжайық» клубының ойын кестесі ауырлау секілді. Себебі, соңғы төрт кездесуінің үшеуін сырт алаңда өткізеді.

Қазіргі таңда «Тараз», «Ақжайық» пен «Жетісу» клубтарының арасын бар болғаны бір-бір ұпай ғана бөліп тұр. Сол үшін қай клубқа болсын алдағы ойындар аса маңызды. 

ХХVIII тур қорытындысы

«Тобыл» – «Жетісу» – 3:2
Голдар: Джерманович, 4 (0:1). Шимкович, 14-пенальтиден (1:1). Хижниченко, 56 (2:1). Боровский, 60 (2:2). Хижниченко, 90 (3:2)

«Ақжайық» – «Шахтер» – 1:2
Голдар: Горячий, 30 (0:1). Сзоке, 45 (0:2). Лечич, 61 (1:2)

«Ордабасы» – «Астана» – 0:1
Гол: Кабананга, 44.
Алаңнан қуылды: Смақов, 70 инут (екінші ескерту).

«Оқжетпес» – «Ертіс» – 1:4
Голдар: Фонсека, 17 (0:1). Хайруллин, 37-пенальтиден (1:1). Муртазаев, 52 (1:2). Муртазаев, 55 (1:3). Гетериев, 76 (1:4)
Алаңнан қуылды: Хайруллин, 55 минут 

«Атырау» – «Тараз» – 1:0
Гол: Куртеян, 63

«Ақтөбе» – «Қайрат» – 0:1
Гол: Аршавин, 35

 

Ө. Сансызбай