Соңғы минуттар синдромы

Соңғы минуттар синдромы

2014 жылы Бразилияда өтетін әлем чемпионатының іріктеу кезеңінің алғашқы ойыны "Астана Арена" стадионында өтті. Сағат 22:00-де "Ел Арна" арқылы қалың көпшілікке жол тартқан бұл ойын (Қазақстан - Ирландия) көкейде жүрген жалғыз сұрақтың індетін қоздырып жіберді. Яғни Қазақстан құрамасы соңғы минуттарда неге жеңіліп қала береді?

Бұл сұрақты ұлттық құрама ғана емес қазақстандық командаларға да қоюға әбден болады. Өздеріңіз де біліп отырғандай, жаз маусымында өткен барлық ойындарды алып қараңыз. "Ордабасыдан" бастап қарағандылық "Шахтерге" дейін соңғы минуттарды өз пайдаларына шешіп кете алмады. Нәтижесінде қазақ клубтары биыл тағы да кәрі құрлықтың жыл сайын өтетін ірі додасына қатысу мүмкіндігінен айырылды. 

Бүкіл елдің басты назарында болған осы ойын болатын...36-минутта біздің футболшылар бір гол соғып алға шыққан еді. Команда капитаны Қайрат Нұрдәулетовтің баспен бағыттаған добы қақпа торына дәл барып түсті. Есеп:1:0.

Араға бес минут салып Мирослав Беранек баптайтын біздің ойыншылар тамаша сәтті жүзеге асыра алмай қалды. Ұланның жойқын соққысынан соң доп қақпашының қолынан серпіліп, Остапенконің алдына келіп түскен еді. Бірақ, Остапенко бірнеше метр жерден мүлт кетті. 

Екінші таймның жарты бөлігі ғана біздің пайдамызға шешілді. Допқа талас қылып жүріп табандылық танытқан ирландықтар 89-минутта есепті теңестіріп кетті. Сидельников өз қақпасын қорғай алмай қалды. Араға тағы да бірер минут салып Кевин Дойл есімді жігіт қолда тұрған жеңісті жұлып алып кетті.

Қазақ футболшыларына жаңа жейде де көмектесе алмады. Қазақ футболшылары ескі соқпақтың сүрлеуінде әлі жүр екен. Жаңа соқпақ жаңа жылдан кейін орнамаса....

сурет:vesti.kz

дайындаған: Фараби Бақыт

Л. Лига