Баландин: «Менің атымда жүзу бассейні болғанын армандамаппын да...»

Баландин: «Менің атымда жүзу бассейні болғанын армандамаппын да...»
Фото: massaget.kz

Алматыдағы ҚазҰУ қалашығынан ашылған жүзу бассейніне Рио-де-Жанейрода өткен ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарында жеңіс тұғырынан Дмитрий Баландиннің есімі берілді. Спорт кешенінің ашылу салтанатында Олимпиада чемпионы өз қуанышын жасыра алмады.

- Барлықтарыңызға рақмет. Жиналып қошемет көрсеткендеріңізге мың алғыс. Алматы қаласының әкімдігіне, сүйікті университетімізге алғысымды айтамын. Бір апта бұрын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қабылдауында болғанда, менің арманым Олимпиадада қазақ елінің Әнұранын шырқату болғанын айтқан едім. Шынымды айтсам, ешқашан менің атымда жүзу бассейні болғанын армандамаппын да (күлді).

Барлықтарыңызға тағы да рақмет. Бұлай жиналып, қолдау көрсету – маған, менің отбасыма үлкен құрмет! – деді Дмитрий Баландин.

Айта кетейік, Дмитрий Баландин Риодағы ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарында 200 метрге брасс әдісімен жүзуде жеңіс тұғырынан көрінген болатын. Бүгінде қара шаңырақ ҚазҰУ-дың төртінші курс студенті.  

Ө. Сансызбай