Қалт кетпейтін Халк "Зенит" командасының жейдесін киді

Қалт кетпейтін Халк "Зенит" командасының жейдесін киді

Питерлік "Зенит" командасының құрамы жаңа ойыншымен толықты. Трансферлік ауысымда "Порту" командасының шабуылшысы Халк 60 миллион евроға өтіп отыр. Бұл туралы футболшының  жеке өкілі Теодор Фонсека мәлім етті, деп RTP ақпарат таратуда.

Айта кететін болсақ, аталған қомақты қаржының көп бөлігі Халк пен оның агенттерінің арасында бөлініске түседі. Және де жастайынан өнерін шыңдап, ұшпаққа шығарған командасы 3 миллионды иемденеді. Ал қаржының 9 миллионға жуығы шабуылшыны сақтандырып отырған компанияға тиесілі болады. 

Естеріңізге салсақ, Халк "Зенит" командасының жейдесімен бес жыл өнер көрсетеді. 26 жастағы бразилиялық талантты ойыншы питерлік командада 29-нөмірмен өнер көрсетпек. 

Халктың футболдағы ең алғашқы тұсауы бразилиялық "Виктория" командасында кесіліп, 2005 жылы Күншығыс елінінің біріншілігінде өнер көрсетуге мүмкіндік алады. Содан тасы өрге домалаған жас ойыншы 2008 жылы "Порту" командасының жейдесін киеді. Оның ішінде командасы сапында жасындай жарқылдап жүріп өзі қатысқан 157 ойында 134 голмен көзге түседі. Ел біріншілігінде үш рет жеңімпаз атанып, бір рет Еуропа Лигасын жеңіп алады.  

Ал Бразилия құрамасына 2009 жылы шақыртылып, өзі өткізген 14 ойында бес голмен дараланған. Тағы да бір айта кетерлігі, ол Лондонда өткен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері.

Сонымен қатар "Зениттің" құрамына "Бенфика" командасында өнер көрсететін жартылай қорғаушы Аксель Витцельдің де өткендігі туралы команданың арнайы туиттерінде хабарланып үлгеріпті. Қазіргі жеткен ақпарат бойынша, трансферлік ауысымның құны 40 миллион шамасында деп айтылып келуде.

сурет:madeinpiter.ru

Дайындаған: Фараби Бақыт

Л. Лига