Риоға Қазақстаннан 5 дзюдошы барады

Риоға Қазақстаннан 5 дзюдошы барады
Фото: google.kz

Рио Олимпиадасына Қазақстаннан 5 дзюдошы барады. Бұл туралы бүгін Алматыдағы Дзюдо академиясында өткен ҚР дзюдо федерациясының баспасөз конференциясында айтылды.

Конференция барысында Ташкентте өткен Азия біріншілігінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері қаржылай марапатталды. Азия чемпиондарына 7000$, күміс жүлдегерлеріне 5000$, қола медаль алғандарға 3000$ берілді. Сонымен қатар, бас бапкерлер мен жеке жаттықтырушылар, кешенді ғылыми топтың қызметкерлері қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Федерация басшылығы спортшыларды Азия чемпионатында жақсы нәтиже көрсеткендері үшін алғыс білдіріп, алдағы Рио-де-Жанейрода өткізілетін Олимпиада ойындарына жолдама алған дзюдошыларға сәттілік тіледі. Халықаралық дзюдо федерациясы әлемдік рейтинтегі көрсеткіштеріне байланысты Қазақстаннан 5 спортшыға шақырту жіберген.

Ерлер арасында ел намысын 3 дзюдошы қорғайды. 60 келіге дейінгі салмақта Елдос Сметов, 66 келіде Жансай Смағұлов, сондай-ақ 100 келіге дейінгі салмақта Максим Раков татамиге шығатын болады. Ал әйелдер арасында 48 келіге дейінгі салмақта Галбадрах Отгонцэцэг пен 63 келіге дейінгі салмақта Мариан Ордабаева барады. Бұлардың ішінде Максим Раков қана осыған дейін Олимпиадаға қатысқан.

Олимпиадаға әр құраманың 14 спортшы (7 ер, 7 әйел) алып баруына мүмкіндігі бар. Дегенмен Қазақстанға Риодағы додаға бұйырғаны 5 жолдама болды. Осыған дейінгі Олимпиада ойындарымен салыстыра қарағанда, аздау екені белгілі. Мәселен 1996, 2000 және 2004 жылғы Олимпиадаларға 8 спортшыдан, 2008 жылы Пекинде өткен додаға 10 спортшы, 2012 жылы Лондонға 9 спортшы алып барған. Бес Олимпиадада дзюдо спортынан бір күміс медаль ғана бар. Оны 2008 жылы аспан асты елінде өткен додада Асхат Жіткеев иеленген болатын.

Айта кетейік, Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындары 5-21 тамыз аралығында өтеді. Төртжылдықтың басты додасына 386 дзюдошы (231 ер, 155 әйел) қатысып, 14 медальдар жиынтығын сарапқа салатын болады.

О. Сансызбай