Футболдан ел кубогының 1/4 финалына шыққан клубтар анықталды

Футболдан ел кубогының 1/4 финалына шыққан клубтар анықталды
Фото: vk.com

Футболдан ҚР Кубогының ширек финалына шыққан барлық клубтар белгілі болды. Жеребе тастау рәсімі 29 сәуір күні өтеді.

Өткен маусымда ел кубогын жеңіп алған Алматының «Қайраты» өз алаңында Қарағандының «Шахтер» клубын ірі есеппен ұтты. «Кеншілер» 77 минутқа дейін алаң иелерінің алға шығуына мүмкіндік бермеді. 77 минутта Тавамба тепкен доп қорғаушылардың аяғына тиіп, қақпадан табылды. Араға 6 минут сала Исламбек Қуат ойындағы екінші голды соқты. Ойын соңына қарай қарағандылық клуб қорғанысты мүлде ұмытты. Нәтижесінде Исаэль мен Аслан Дарабаев еншісіне бір-бір голдан жазып, командасының ірі есеппен жеңіске жетуіне септігін тигізді.

Елордалық «Астана» өз алаңында әупірімдеп жүріп Ақтаудың «Каспийін» әрең ұтты. Станимир Стойлов командасын келесі кезеңге алып шыққан голды ойын соңындағы қосымша уақытта Танат Нөсербаев соқты.

«Оқжетпес» осы маусымда осал клуб емес екенін дәлелдеп келеді. Бүгін көкшетаулық клуб «Таразды» жарыс жолынан шығарды. 79 минутта Антон Чичулиннің алаңнан қуылғанына қарамастан, Владимир Мұқанов шәкірттері жеңіске бастар жолды таба білді. «Оқжетпес» сапынан Марат Хайруллин дубль авторы атанса, «Тараз» командасы қатарынан бір голды Әлішер Сүлей өз еншісіне жазды.

Ел кубогының ширек финалына бірінші лигадан бір команда ғана өтіп отыр. Ол – Петропавлдың «Қызыл-Жар СК» клубы. Олар 1/8 финалда Қостанайдың «Тобыл» клубын жарыс жолынан шығарды. Негізгі уақыт пен қосымша кезеңде есеп ашылмаған ойында жеңімпаз пенальти сериясында анықталды. Нәтижесінде петропавлдық клуб 4:2 есебімен жеңіске жетіп, ширек финалға шықты.

Шымкенттің «Ордабасы» клубы да ширек финал белесін бағындырды. Оңтүстік дербиінде Бақтияр Байсейітов шәкірттері Қызылорданың «Қайсарын» жеңді. Алаң иелеріне жеңіс сыйлаған голдарды Дәуренбек Тәжімбетов пен Еркебұлан Тұңғышбаев соқты.

Шығыстың «Алтайы» 1/8 финалдан аса алмады. «Атыраудан» 1:0 есебімен жеңілген клуб жарысты аяқтады. Батысқазақстандық клубты келесі кезеңге алып шыққан голды 93 минутта Александр Дамчевский соқты.

Дәл осындай есеп айырмасы «Ақтөбе» - «Жетісу», «Ақжайық» - «Ертіс» арасында өткен ойындарда да тіркелді. Талдықорғандық клубқа жеңіс сыйлаған голы Душан Савич соқса, павлодарлық клубты алға шығарған голды 8 минутта Игнасио Эррера соқты.

Ө. Сансызбай