Универсиада - қазақты шартарапқа танытатын шара

Универсиада - қазақты шартарапқа танытатын шара
Фото: almaty2017.com

Төрткүл дүние төсін дүбірге бөлеп, сайын даланы спорттық ойындардың жаңғырығына толтыратын, студенттер сайысы саналатын Алматыда өтетін қысқы Универсиаданың жақындап келе жатқаны белгілі. Әзірге 64 мемлекет өтініш беріп, 2000-ға жуық спортшы алып шаһардағы додаға қатыспақ.

Байрақты бәсекенің дайындығы өз деңгейінде, тыңғылықты жүргізіліп жатыр. Қазақстанның ірі спорттық бәсекелерді өткізуде тәжірибесі мол. 2011 жылы Алматы мен Астанада дүбірлеп өткен қысқы Азия ойындарының кереметтері әлі есімізде. Қазақ елінің абыройын асқақтатқан сары құрлықтың төрт жылда бір келер додасында сайыпқырандарымыз жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленген еді. Алдағы Алматыдағы Универсиадада да сол жеңісті жолды жалғастыру спортшыларымыздың басты міндеті болмақ. Осы ретте Универсиаданың ұйымдастырылуы, дайындық деңгейі, бюджеті, құрылыс нысандары мен сайысқа қатысушы құрамаларға тоқтала кетейік.

Универсиаданың өткізілуіне жауапты, өздеріне берілген барлық істі абыроймен атқарып жүрген бірден бір ұйым - 2017 жылғы қысқы Универсиаданы ұйымдастыру және өткізу бойынша дирекциясы. Аталмыш дирекцияның директоры Әсет Әбдуәлиевтен Универсиаданың ұйымдастырылуы мен дайындығы жайында білген едік. Ол Универсиадаға дайындықтың қарқынды жүріп жатқанын жеткізді.

- Универсиадаға дайындығымыз уақытысымен өтіп келеді. Барлық операциялық сала, Халықаралық студенттік спорт федерациясының кеңесі мен талабы бойынша жүзеге асырылуда. Барлық функциялар алдын ала тестілік шараларда сыналады. Біздің мақсатымыз - Алматыдағы қысқы Универсиаданы жаңаша әрі тиімді өткізу. Бұл ойындардың Қазақстан мен әлем бойынша студенттік спорттың дамуына септігін тигізеді, - деп атап өтті.

Өткен жылдың күзінде Универсиаданың бюджеті екі есеге қысқарды. Оған әлемдік қаржы дағдарысы мен Елбасының қаржыны тиімді пайдалану керек деген тапсырмасы себеп болған. Әуелде 32 миллиард теңге деп жоспарланған бюджет, 17 миллиард болып қайта бекітілді. Бұл да болса, мемлекет қаржысын үнемді жұмсауға өз септігін тигізді. Бұл жерде тағы бір айта кетер жайт, отандық өнімді қолдаудың жарқын көрінісі - 17 млрд теңгенің 50%-н қазақстандық тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің құрайтыны. Бұндай жоғары деңгейлі спорттық шараларды өткізу үшін заманауи спорттық кешендер мен нысандардың керектігі күн тәртібінен түспесі анық. Универсиадаға арналып салынып жатқан 3000 адамға арналған Мұз аренасы, 12000 орындық Мұз сарайы және Атлеттер қалашығының құрылысы аяқталуға жақын. Жоғарыда атап өткеніміздей, қатысушылардың саны әзірге 64-ке жетті.

Төрт құрлықтың алпауыттарымен қоса, қысқы спортты жатсынбаймыз деп, өтініш берген Африкалық мемлекеттердің келетіні, жарыс географиясын кеңейте түсері хақ. Уганда, Мадагаскар, Гамбия сияқты мемлекеттер өздерінің қатысатындықтарын ресми растады. Бұдан бұрын қысқы Универсиадаларға осыншама мемлекеттер қатыспаған. Мәселен, 2007 жылы Италияның Турин қаласында өткен қысқы Универсиадаға 48 ел қатысса, 2011 жылы Түркияның Эрзурум қаласында өткен ойындарда - 52 ел, Трентино (Италия) - 50 ел, Гранада, Штрбске-Плесо (Испания, Словакия) - 42 ел қатысқан. Яғни, 2017 жылы Алматыда өтетін қысқы Универсиада қатысушы мемлекеттердің саны бойынша рекорд орнатып отыр.

Қазақстан құрамасының Универсиада ойындарына қатысуы 1993 жылдан бастау алады. Сол жылдан бері 700 жас спортшымыз әлемдік бәсекеге қатысыпты. Нәтижесі де жаман емес, бая-аяғы 125 медальді қанжығаларына байлапты. Ал Қазақстан құрамасының ең нәтижелі Универсиадасы деп 2015 жылғы студенттік доданы айтуға болады. Гранада мен Штрбске-Плесо қалаларында өткен сол бір қысқы Универсиадада ұлттық құрамамыз бес алтын, алты күміспен жалпыкомандалық есепте 3-ші орыннан көрінді.

Қазақстан ТМД елдерінің арасынан алғаш болып, қысқы Универсиада ойындарын өткізгелі отыр. Бұл Қазақстанның әлемдік аренадағы имиджіне оң ықпал ететін фактор деп есептесек болады. Алматыдағы қысқы ойындарға 3000 ерікті жұмылдырмақ. Олардың 100-і халықаралық, тағы 100-і еліміздің әр аймақтарынан тартылады. Міне, сырт көзге оңай көрінгенімен, бұл шараның да машақаты мен қиындығы жетерлік. Алайда қазақ - ежелден қонақ күте білетін ұлт. Осы бір айтулы шараны өткізуде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлік пен берекенің керемет үлгісін көрсете білсе, әлем алдындағы абыройымыздың артары сөзсіз. Осы орайда спортшыларымыздың жарқын жеңістеріне куә болып, халқымыздың қуанышқа толы сәттерін көретін күн алыс емес деп сенеміз.

Мадияр Арыстанбаев

Алматы

Ө. Сансызбай