9 жасар Әмір Махмет төрт тағандап тұрудан әлемдік рекорд орнатты

9 жасар Әмір Махмет төрт тағандап тұрудан әлемдік рекорд орнатты
Фото: vesti.kz

Астаналық 9 жасар Әмір Махмет төрт тағандап тұрудан балалар арасында әлемдік және Қазақстан бойынша абсолюттік рекорд орнатты. Ол бүгін шынтағына сүйенген қалпы 1 сағат 2 секунд тұрып, өз мақсатына жетті.

Астанадағы «Хан Шатыр» сауда орталығында ұйымдастырылған шараға жиналушылардың саны көп болды. Олардың барлығы Әмір Махметке қолдау көрсетті. Құрметті қонақтар қатарында Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко, еліміздегі ММА спорты федерациясының президенті Анатолий Ким, «Өрлеу» Ұлттық орталығының төрағасы Мұрат Әбенов және т.б. болды. Барлығы Әмірдің әлемдік рекорд орнатқан сәтінің куәгері болды. Ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда, адам бұлай шамамен екі минут, ал спортшы бес минутқа жуық қана тұра алады екен.

Айта кетейік, өткен жылдың қыркүйек айында Әмір Махмет кеудені жерден көтеру жаттығуын 550 рет орындап шығып, жеке рекордын жаңартқан болатын. Бір деммен 550 рет жаттығу жасаған жас жеткіншек жетістігін Қазақ хандығының 550 жылдығына арнаған-ды. Бұл жолғы рекордын Әмір Махмет 23 сәуірде Лос-Анджелесте Доминик Уэйдке қарсы жекпе-жек өткізетін қазақстандық боксшы Геннадий Головкинге қолдау көрсету үшін орнатты.

Әмір Махметтің есімі Қазақстан рекордтар кітабына осыған дейін үш рет енген. 9 жасар бала үш рекордын да 2015 жылы тіркеген болатын. Атап айтсақ, 1 маусым - балаларды қорғау күні «Street Workout» ашылу маусымында 450 рет кеудені жерден көтеру жаттығуын (отжимание) жасаған. Ал екінші рекордын Ақмола облысындағы «Street Workout» чемпионатында орындап шыққан. Ол кезде Әмір 30 секундта 50 рет кеудесін жерден көтеру жаттығуын сәтті орындап шыққан. Ал үшінші рекордын Қазақ хандығының 550 жылдығына арнаған еді. Сондай-ақ, Әмір Махмет бокспен де шұғылданады. 

Ө. Сансызбай