Қытайда қанша жолдама бұйырады?

Бокстан Қытайдың Цяньань қаласында Азия мен мұхиттық елдер арасында Олимпиадаға жолдама тарататын іріктеу жарысы басталды. Қазақстан құрамасы сапында бұл додаға тоғыз боксшы аттанды.

Ерлер арасында ел намысын алты боксшы қорғайды. Өз салмақтарындағы рейтингте бірінші тұрған үш боксшымыз жарысты екінші кезеңнен бастайды. Атап айтар болсақ, 75 келіде Жәнібек Әлімханұлы Макото Такахаши (Япония) мен Ча-Вей Кан (Тайбэй) арасындағы жекпе-жектің жеңімпазымен кездессе, 81 келіде Әділбек Ниязымбетов Хегён Янг (Оңтүстік Корея) – Сумит Сангван (Үндістан) жұбының жеңімпазымен, Иван Дычко (+91 келі) Джозеф Годалл (Австралия) мен Патрик Малата (Жаңа Зеландия) арасындағы кездесудің жеңімпазымен жұдырық түйістіреді.

52 келіге дейінгі салмақта Олжас Сәттібаев қырғызстандық Азат Үсенәлиевпен жұдырықтасса, 56 келіде Қайрат Ералиев тайбэйлік Ченг-Лин Линмен шаршы алаңда кездеседі. Сондай-ақ, 64 келіде Абылайхан Жүсіпов үндістандық Кумар Маномен арада кім мықтыны анықтайтын болады.

Қыздар арасында үш боксшымыз Олимпиада жолдамасына таласатын болады. 75 келіде Дариға Шакимова оңтүстік кореялық Шиненг Киммен шаршы алаңда кездессе, 60 келіде Назым Ищанова Тонго королдігінің боксшысы Пуэка Фифитамен жұдырықтасады. Ал 51 келіде әлем чемпионы Назым Қызайбайдың қарсыласы осал болмай тұр. Ол бірінші айналымда бес дүркін әлем чемпионы, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері үндістандық қыз Мэри Коммен қолғап түйістіреді.

Қытайда Қазақстан құрамасына қанша жолдама бұйыратынын дөп басып айту мүмкін емес, әрине. Десе де ел намысын қорғайтын боксшылар бар күш-жігерін салып, төрт жылда бір келетін Олимпиадада өнер көрсету үшін аянып қалмасы анық. Олай болса, шаршы алаңға шығатын боксшылармызға сәттілік тілейміз. Жарыс 3 сәуір күні аяқталады.

Айта кетейік, қазіргі таңда бокстан Қазақстан құрамасының еншісінде төрт жолдама бар. Оны Біржан Жақыпов, Берік Әбдірахманов, Данияр Елеусінов пен Василий Левит жеңіп алған болатын.