Астана футбол федерациясының жаңартылған сайты ашылды

Астана футбол федерациясының жаңартылған сайты ашылды
Фото: massaget.kz

Қазақ футболы тағы бір сайтпен толықты. Астана футбол федерациясының жаңартылған порталы қаңтар айынан өз жұмысын бастап, әз Наурыз мейрамы қарсаңында ресми таныстырылымын өткізді.

Астана қаласында өткен сайттың таныстырылым шарасына еліміздің спорт саласында қалам тербеп жүрген бір топ тілшілер мен портал қызметкерлері қатысты. Іс-шара барысында арнайы бейнебаян арқылы федерацияның атқарып жүрген жұмыстары көрсетіліп, порталдың айдарлары таныстырылды.  

Астана футбол федерациясының жаңартылған порталының бұрынғы нұсқасынан айырмашылығы – АФФ электронды басылымының толыққанды ақпараттық-сараптамалық «Футбол. Фактілер. Ақпарат» порталына айналуы. Сондай-ақ портал алдағы уақытта үш тілде ақпарат таратпақ. Қазіргі таңда қазақ және орыс тілдеріндегі мақалалары оқырмандар көңілінен шығып келеді. Ал ағылшын тіліндегі ақпараттар блог іспеттес жүргізіледі. Порталдың тағы бір ерекшелігі – қазақ және орыс тіліндегі мақалалар бір-бірінен айдарылмайтын болады.  

«Футбол. Фактілер. Ақпарат» порталы тек Астана футболының тыныс-тіршілігін ғана емес, жалпы қазақ футболының да сараптамалық тұрғыдағы насихатшысына айналып келеді. Бұдан бөлек, өскелең ұрпақ үшін портал «Тарих» айдарын енгізіп, ел футболы мен елорда футболының тарихынан қызықты деректер ұсынады. Федерация ұйымдастырған барлық спорттық шаралар мен олардың қорытындылары ақпарат, хаттама, нәтиже мен фото-бейнерепортаждар нұсқасында енгізіліп отырады.

Таныстырылым барысында Астана футбол федерациясының президенті Лашын Аймағамбетов атқарып жүрген жұмыстары мен алдағы жоспарларына тоқталып, инфраструктурасымен бөлісті. Себебі, АФФ тек порталмен ғана шектелмейді. Балаларды жаттықтыру, жаттықтырушыларды, төрешілер мен инпекторларды, менеджерлерді дайындау арқылы ел футболының дамуына үлес қосып келеді. Федерация бұқаралық футбол командалары мен балаларды жаттықтыруға мүмкіндік беретін «С» санатындағы жаттықтырушыларды дайындауды қолға алған. Сондай-ақ, 2015 жылдың мамыр айында АФФ «Балалар футбол орталығын» ашып, жасөспірімдерге теңбіл допты тебудің қыр-сырын үйретуде.

Іс-шара барысында белгілі спорт тілшісі Нұрғазы Сасаев ел футболына бейжай қарамайтын барша азаматтарды серіктестікке шақырып, алдағы уақытта биік белестерді бағындыруды мақсат тұтып отырғандықтарын айтты. Сайттың жаңартылуы мен қайта жандануына сеп болған АФФ басшылары мен қызметкерлеріне алғысын білдірді. Сондай-ақ, АФФ-ның төрешілер алқасының төрағасы Ғалымжан Кенжалиновтің, менеджерлер  Данат Мұхаметғалиев, Ерік Шыншалинов, Ернар Құсайынов, Балалар футбол орталығының жаттықтырушысы Александр Черниковтің еңбектерін ерекше атап өтті.

- Осы бес адам 50 адамның жұмысын жасап, жүгін көтеріп келе жатыр. Егер басқа федерацияларда 50-100 адам жұмыс істеп, оның өзін дұрыс әкете алмай жатса, біздің бес жігітіміз 100 адамның жұмысын атқарып отыр - деді.

Ал порталды екі тілде де ақпарат жазатын Әзиз Жұмаділ де елордалық тілшілерді бір қуантты. Алдағы уақытта Астанада тілшілер арасында шағын футболдан бірнеше турдан тұратын турнир ұйымдастыратындықтарын тілге тиек етті. Орыс бөлімінің редакторы Владимир Мальцев, ақпараттарды ағылшын тілінде дайындайтын Тілек Адрышев, жаттықтыршылар мен төрешілер, басқа да қызметкерлер жұмыстары жайлы айта кетті.

АФФ-ның жаңартылған сайтында елімізге белгілі, спорттық, оның ішінде футбол журналистикасында тәжірибелері мол, Еуропа және әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарында қызмет атқарған кәсіпқой мамандар қызмет жасайды.

Біз де жаңартылған сайт қызметкерлерінің еңбектеріне жеміс, игі істеріне толағай табыс тілейміз!

Ө. Сансызбай