«Aрландардың» бірінші кездесуге шығатын құрамы анықталды

«Aрландардың» бірінші кездесуге шығатын құрамы анықталды
Фото: vk.com

«Astana Arlans» бүкіләлемдік бокс сериясының бірінші турын Қарағанды қаласында Әзірбайжанның «Baku Fires» клубына қарсы өткізеді. Бүгін қос ұжымның жекпе-жекке шығатын боксшылары белгілі болды.

Биылғы маусымда қазақстандық клуб «D» тобында «Baku Fires» (Әзірбайжан), «Puerto Rico Hurricanes» (Пуэрто-Рико), «Tеам Uzbekistan» (Өзбекстан) клубтарымен бірге сынға түседі. Сондай-ақ, биыл «Astana Arlans» құрамына ұлттық құраманың боксшылары қосылған жоқ. Клуб директоры Серік Сәпиев хабарлағандай, олар бар дайындықтарын Олимпиадаға жолдама алу мен сәтті өткізу үшін тер төгетін болады. Жаңа маусымдағы құрам тізімінде клубтың хорватиялық легионерлері Филипп Хргович пен Хрвое Сеп жоқ. Десе бүгін жарияланған боксшылар тізіміне Василий Левит еніп отыр. Ол өткен маусымда WSB жобасы арқылы Рио Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алған еді. Одан өзге жаңа маусымдағы клуб құрамында жоқ болатын. Десе де ұлттық құрама мен клубтың бапкерлер қосыны жаңа шешім қабылдауы бек мүмкін. Себебі, Василий осыған дейінгі сұхбаттарының бірінде «Astana Arlans» сапында жұдырықтаса беретінін жасырмаған болатын.

Сонымен WSB жобасының VI маусымындағы бірінші кездесуінде жұдырықтасатын боксшыларды айта кетейік. 49 келіге дейінгі салмақта «Astana Arlans» сапынан Теміртас Жүсіпов шаршы алаңға шығады. Оның қарсыласы – Жавид Дадашов. Әзірбайжандық боксшы WSB жобасында алғаш рет бақ сынап жатыр. Ал Теміртастың бұл жарыста үлкен тәжірибесі бар.

56 келіге дейінгі салмақта  Мейірбат Тоитов пен Яраш Магомедов жұдырық түйістіреді. Яраш та WSB жобасына алғаш рет қатысып отыр. Сондықтан да қазақстандық боксшыны фаворит ретінде қарауға болады.

64 келіге дейінгі салмақта шаршы алаңға қазақстандық клуб сапынан Самат Башенов шығады. Команда капитанының қарсыласы осал емес. Гайбатулла Гаджалиев осыған дейін WSB жобасында 7 жекпе-жек өткізіп, біреуінде ғана жеңілген.

75 келіге дейінгі салмақта «Astana Arlans» құрамы мықты боксшылармен толыққан. Бұл салмақта бірінші жекпе-жекке Мейірім Нұрсұлтанов шығатын болды. Отандасымыз осыған дейінгі WSB жобасы жекпе-жектерінде жарқын жеңістерімен жанкүйерлерін қуантып келеді. Ал оның қарсыласы Бадри Хардзиани жоба аясындағы алғашқы жекпе-жегіне шығады.

91 келіге дейінгі салмақта Василий Левит жұдырықтасады деп күтілуде. Оның қарсыласы – Хажи Муртазалиев. Бұл боксшы осыған дейін WSB жобасында оннан асық жекпе-жек өткізген. Тек төрт кездесуінде ғана жеңіске жеткен.

23 қаңтар күнгі «Astana Arlans» пен «Baku Fires» клубтары арасындағы жекпе-жекті «Хабар» арнасы көрсетеді. Қарағандыдағы Серік Сәпиев атындағы бокс кешенінде өтетін кездесуге кіру билеттері 1500-3000 теңге аралығында сатылуда.

Ө. Сансызбай