Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Арнайы жобалар директоры

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Лайфстайл / Спорт / Мақала / 2015 жылғы ел спортындағы 15 жетістік

2015 жылғы ел спортындағы 15 жетістік

2015 жылғы ел спортындағы 15 жетістік

Қой жылы – қазақ спорты үшін сәтсіз өтті деп айта алмаймыз. Тарихи жеңістер мен жаңарған талай рекордтардың да куәгері болдық. Ел үміт күткен спортшылардың да жеңіс тұғырынан көріне алмаған сәттері болды. Әрине, спорттың аты – спорт. Жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Есесіне ойда-жоқта жарқ етіп шығып, тосын сый жасаған спортшылар да жоқ емес, баршылық. Ендеше 2015 жылғы ел спортындағы елеулі жаңалықтарға қысқаша шолу жасай кетейік.

«Астана» Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шықты

2015 жыл – қазақ футболы тарихындағы ең сәтті кезең. «Астана» футбол клубы тұңғыш рет Еуропаның басты бәсекесі Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шықты. «Астана-Аренадағы» барлық ойындарында қарсыластарына есе жіберген жоқ. Іріктеу кезеңінде жерлестеріміз «Марибор», ХИК, АПОЭЛ клубтарын жеңді. Ал топтық кезеңде «Атлетико» (Мадрид), «Галатасарай» (Стамбұл), «Бенфика» (Лиссабон) клубтарымен бір топта өнер көрсетті. Станимир Стойлов шәкірттерінің ірі жетістігі қазақ жанкүйерлеріне зор қуаныш сыйлады.

«Астана» мен «Қайраттың» еурододадағы сәтті ойындары Қазақстанның УЕФА коэфициенттер рейтингінде жоғарылауына зор септігін тигізді.

Геннадий Головкин IBF чемпиондық белбеуін жеңіп алды

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин 2015 жылы шаршы алаңда үш жекпе-жек өткізді. Алдымен 21 ақпанда Монте-Карлода ағылшын Мартин Мюррейді жеңсе, 16 мамырда Калифорнияда Вилли Монроны оңай жеңді. Ал 17 қазан күні канадалық Давид Лемьені нокаутқа түсіріп, өзінің 34-ші жеңісіне қол жеткізді. Сонымен қатар Лемьенің IBF (Халықаралық бокс федерациясы) чемпиондық белбеуін иеленді. Қазақстандық боксшы одан бөлек WBA (Бүкіләлемдік бокс ассоциациясы) және IBO (Халықаралық бокс ассоциациясы) чемпиондық және WBC Interim (Бүкіләлемдік бокс кеңесі) уақытша чемпиондық белбеулерін сәтті қорғады. Нәтижесінде әлем басылымдары қазақстандық боксшыны жыл үздігі деп бағалады.

Илья Ильин әлем рекордын жаңартты

Ауыр атлетикадан екі дүркін Олимпиада, төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин Грозныйда өткен РФ президенті кубогында әлем рекордын жаңартып, чемпиондық атаққа қол жеткізді. Отандасымыз серпе көтеру (246 келі) мен қос жаттығу қорытындысы бойынша (437 келі) да рекорд тіркеді.

Серпе көтеру жаттығуы бойынша осыған дейінгі әлем рекорды Илья Ильинге тиесілі болатын. Оны 2014 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында тіркеген еді. Ал 105 келіге дейінгі салмақтағы қос жаттығу бойынша әлем рекорды беларус спортшысы Андрей Арямновтың еншісінде еді. Енді бұл рекорд та 437 келіні ырқына бағындырған Ильяның еншісінде. 

Жазғы Универсиада

Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында ХХVIII жазғы Универсиада ойындары өтті. Қазақстан құрамасы 6 алтын, 4 қола жүлдемен жалпыкомандалық есепте 11-ші орын алды.

Кванджудағы дода Қазақстан құрамасы үшін сәтті өтті. Алты спортшымыз жеңімпаз тұғырынан көрініп, отандастарымыз жазғы Универсиададағы ел құрамасы иеленген алтын медаль саны (6 алтын) бойынша рекорд орнатты. Қазақстан құрамасы бұған дейінгі үздік көрсеткішке 2007 жылы Бангкокта (Тайланд) өткен Универсиадада қол жеткізген еді.

Қысқы Универсиада

Қазақстанның жазғы Универсиададағы жетістіктері көңіл жұбатады. Ал қысқы Универсиададағы жетістігіміз де жоқ емес. Биыл Гранада (Испания) мен Штрбске-Плесода (Словакия) өткен жарыста отандастарымыз жалпыкомандалық есепте үшінші орын (5 алтын, 6 күміс) алды. Бұл көрсеткіш - Қазақстан құрамасының өз тарихындағы ең ірі жетістігі.

Футзалдан ел құрамасы тұңғыш рет Еуропа чемпионатына жолдама алды

Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы өз тарихында тұңғыш рет Еуропа чемпионатының топтық кезеңіне жолдама алды. Бразилиялық маман Какау жаттықтыратын құрама жолдама үшін өткен шешуші ойында Босния және Герцеговина құрамасын жеңді. Қос ойын нәтижесінде 9:0 есебімен ірі жеңіске қол жеткізді.

Қазақстан құрамасы 2-13 ақпан аралығында Сербия астанасы Белград қаласында өтетін Еуропа чемпионатына қатысады. Жеребе қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы «С» тобына түсті. Біздің топта Ресей, Хорватия құрамалары бар. Ширек финалға әр топтан екі команда шығады.

«Қайрат» УЕФА Кубогын екінші рет ұтып алды

Футзалдан Алматының «Қайрат» клубы УЕФА кубогын екінші рет жеңіп алып, жанкүйерлеріне үлкен қуаныш сыйлады. Қазақстандық клуб финалда өткен Испанияның «Барселона» клубын 3:2 есебімен ұтты.

«Astana Arlans» – WSB жобасының екі дүркін чемпионы атанды

Дүниежүзілік бокс сериясы (WSB) жобасының басты фавориттерінің бірі саналатын қазақстандық клуб 2015 жылды сәтті өткізді. Серік Сәпиев басшылық ететін ұжым финалда «Куба қабыландарын» ұтып, екінші чемпиондық атағына қол жеткізді.

Елдос Сметов әлем чемпионы атанды

2015 жылы тұңғыш рет елорда төрінде дзюдодан әлем чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеге әлемнің 137 мемлекетінен 823 спортшы қатысты. Сондай-ақ 1000-нан астам қонақтар келді. Алғаш рет олимпиадалық спорт түрлерінің ішінен 60 келіде екі қазақ баласы финалда кездесті. Елдос Сметов чемпион атанса, Рустам Ибраев күміс медальға ие болды.

Александр Зайчиков әлем чемпионы атанды

Ауыр атлетикадан Хьюстонда өткен әлем чемпионатында қазақстандық ауыр атлет Александр Зайчиков әлем чемпионы атанды. Қазақстандық спортшы жеңісті жолын Грозныйда өткен РФ президенті кубогында да жалғады. Илья Ильиннен кейін екінші орынға тұрақтап, күміс медальды жеңіп алды.

Денис Тен әлем чемпионатында қола жүлде алды

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен үшін де 2015 жыл сәтті өтті деуге негіз бар. Наурыз айында Шанхайда өткен әлем чемпионатында үшінші орын алса, Сеулдегі төрт құрлық чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінді. Ал желтоқсан айында өткен Хорватиядағы «Golden Spin of Zagreb 2015» халықаралық турнирінде топ жарды.

Элизабет Тұрсынбаева ересектер арасындағы додаларға қатыса бастады

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева ересектер арасындағы ірі жарыстарға қатыса бастады. Отандасымыздың алғашқы қадамдарынан-ақ алдағы уақытта биік белестерді бағындыра алатынын бағамдауға болады. «Scate America» халықаралық турнирінде төртінші орын алса, Хорватия астанасы Загребте өткен «Golden Spin» халықаралық турнирінде екінші орыннан көрініп, ресейлік Олимпиада чемпионы Аделина Сотникованы жолда қалдырды.

Бейбіт Ыстыбаев екі дүркін «Қазақстан Барысы» атанды

Тараздық балуан Бейбіт Ыстыбаев өз уәдесін орындап, екінші рет «Қазақстан барысы» турнирінде топ жарды. Жеңімпазға берілетін алтын тайтұяқты биыл алғаш рет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев табыстады.

Қазақстандық кәсіпқой боксшылардың жетістігі артты

Кәсіпқой бокста ел намысын қорғап жүрген боксшылардың саны жылдан-жылға артып келеді. Жетістіктері де көңіл қуантады. Сондай-ақ қазақстандық боксшылардың кәсіпқой бокста қауқары жоғары екенін анық байқай аламыз. Осы жылы Қанат Ислам, Жанат Жақиянов, Бекман Сойлыбаев, Руслан Мәдиев, Бахтияр Эюбов, Роман Жайлауов, Радмир Ахмедиев, Айдос Ербосынұлы, Дәурен Елеусінов, т.б. боксшылар кәсіпқой рингтегі жеңістерінің санын арттырды. Жеңіліс тапқандары да бар. Десе де жеңіске жеткендері көп екені белгілі.

Арман Оспанов үш дүркін әлем чемпионы атанды

Қазақстандық Арман Оспанов самбодан үш дүркін әлем чемпионы атанды. Мароккода өткен доданың финалында отандасымыз ресейлік самбошы Рашад Мурадовты жеңді.

Өтіп бара жатқан жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп. Алда Рио Олимпиадасы күтіп тұр. Бүгінде Қазақстан құрамасының еншісінде 45-ке жуық Олимпиада жолдамасы бар. Бразилиядағы дода жақындағанша олардың санын 110-ға жеткізуді жоспарлап отыр. Отандық спортшыларға 2016 жылы зор табыстар тілейміз!

Фото: vesti.kz, sports.kz, vk.vom, massaget.kz
Қосылған күні: 31 желтоқсан 2015, 17:26

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.