Бекман Сойлыбаев: Сабырлы сыннан сүрінбейді

Бекман Сойлыбаев: Сабырлы сыннан сүрінбейді
Фото: vk.com

Жақында отандық былғары қолғап шебері Бекман Сойлыбаев кәсіпқой бокс рингінде жетінші жекпе-жегін өткізіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Әзірше ол екінші жартылай салмақ дәрежесінде жеңілістің кермек дәмін татып көрген жоқ.

Бекман кәсіпқой бокс шаршы алаңындағы жетінші жекпе-жегін Украина астанасы Киевте өткізді. Қарсыласы өте тәжірибелі боксшы болатын. Атап айтқанда, Грузия боксшысы Кахабер Авестисян Киев төрінде кәсіпқой бокс рингіне 75-інші рет шықты. Тамырында армян қаны соққан Кахабер осы жекпе-жектерінің 42-сінде жеңіске жетіп, 24-інде нокаутпен үстем түскен кәнігі «жауынгер» еді.

Алайда Бекман оның мол тәжірибесінен секем алып, сасқан жоқ. Киев рингіндегі екеуара жекпе-жекке екі күн қалғанда Бекман мен Кахабер Украина жерінде бірінші рет бетпе-бет кездесті. Қазақ боксшысы рингте біраз тер төгіп, қайтуға айналғанда, Кахабер келіп, ашық жаттығу жұмысын өткізді. Мамандар мен журналистер жиналып, екеуін суретке түсіріп, рингке бірге шығарды.

Қызықты қараңыз, соған дейін өте байсалды, томаға-тұйық, биязы мінезді болып көрінген Кахабер қарсыласымен бетпе-бет кездескенде өзгеріп сала берді. Ол мейлінше батыл, өр спортшы болып көрінуге тырысты. Ал Бекман қарсыласы секілді аяқасты «бүлінген» жоқ. Күлімсіреген қалпы, сабырлы кейіпін жоғалтқан жоқ.

Рингтегі айқасқа бір күн қалғанда, Кахабер біздің Бекманның менеджеріне телефон шалып, жекпе-жектің қанша раундқа дейін созылуы керек екендігін сұрапты. Бекманның Украинадағы менеджері де абыржымастан, «Кахабер келісімшартқа өзің қол қойған жоқсың ба, сегіз раунд» деп жауап берген. Ал Кахабер болса, «жақсы, бірақ мен 10 раунд та айқаса аламын, тіпті 12 раундқа созсақ та дайынмын» деген... Бәлкім, бұл оның жекпе-жек қарсаңындағы, жүйкеге тию мақсатындағы өзіндік әрекеті де болар. Бірақ оның бұл әрекеті де Бекманға ешқандай әсер еткен жоқ. Бекман тыныш ұйықтады. Күліп жүріп, жекпе-жекке дайындалды.

Жекпе-жек өтетін спорт кешеніне келгенде де, киім ауыстыратын бөлмеде де Бекман титтей де қобалжыған жоқ. Өзін еркін ұстады. Өзіне өте сенімді болды. Бойқыздыру жаттығуларын да күліп, тіпті айналасындағылармен әзілдеп жүріп өткізді.

Рингте де еркін қимылдап, күлімсіреп жүріп, жеңіске жетті. Сегіз раундтың бәрінде де Бекманның басымдығы байқалып тұрды. Төрешілер де жеңісті бірауыздан қазақ боксшысына берді – 80:72.

Сойлыбаев жетінші қарсыласын «сойып» салғаннан кейін де, Киевтегі жеңісіне дандайсыған жоқ. Ол бұл жеңісіне алдына қойған негізгі мақсатына жету барысындағы кезекті жетістігі, кезекті «баспалдағы» ретінде ғана қарады. Көңіліне солай ғана қабылдады. Оның көзі де, көңілі де, көздегені де, ойы да, мақсаты да – әріректе. Тым әріде...

Маған жақында ғана отау құрып, шаңырақ көтерген Бекманның алға қойған мақсатына асқан жауапкершілікпен қарайтындығы ұнады. Мәселен, үйленген соң, «қазір менің – бал айым» деп жатып алған жоқ. Былғары қолғабын киіп алып, жаттығуын жалғастырды. Кәсіпқой бокста ерен жетістікке қол жеткізу үшін шүмектетіп тер төгу керек екендігін жете түсінгендей.

Жалпы, ол қазақтың «сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа» деген мақалын ұстанатындай. Ендеше, Бекманға сабырлы да салмақты, байсалды да байыпты мінез-құлқыңды жоғалтпай, мақсат-мұратыңа адымдап жете бер демекпіз.

Нұрғазы Сасаев

Ө. Сансызбай