Денизли: «Астананы» үшінші орынға таласады деп ешкім ойламады

Денизли: «Астананы» үшінші орынға таласады деп ешкім ойламады
Фото: vk.com

«Галатасарай» футбол клубының бас бапкері Мұстафа Денизли елордалық клубтың биылғы Чемпиондар лигасындағы жетістігін жоғары бағалады. Алайда қазақстандық клуб соңғы турда қандай да бір күтілмеген нәтиже жасай алмайтынын кесіп айтты.

Стамбулдық клубты маусым басында Хамза Хамзаоглу жаттықтырды. Жаңа маусымдағы команданың нәтижесі клуб басшылығы мен жанкүйерлерінің көңілінен шыға қойған жоқ. Нәтижесінде қос тарап келісімшартты бұзып, Хамза Хамзаоглу қызметінен кеткен-ді. Ал оның орнына Түркиядағы танымал бапкерлердің бірі Мұстафа Денизли келді.

«Галатасарай» мен «Астана» клубтары Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне шығатын жолдамаға таласады. Қазақстандық клубқа жарысты жалғастыру үшін тек жеңіс керек болса, алаң иелерін тең есеп те қанағаттандырады. Алайда стамбулдық клубтың бапкері «Астананы» «қалпақпен қағып аламыз» деген сыңай танытып отыр.

- Жеребе тастау рәсімінен кейін ешкім де «Астананы» үшінші орынға таласады деп ойлаған жоқ. Олар өз алаңындағы бірде-бір ойында жеңілген жоқ. Футболда күтілмеген нәтижелер жиі болып тұрады. Алайда дәл ертең олай бола қоймайды. «Астана» командасының Стамбулға 10 күн бұрын келуі, олардың тек жеңіс үшін ойнайтынын білдіреді. Қазақ футболының деңгейін ұлттық құрамасының ойынына да қарап білуге болады, -деді.

Еуропалық футбол қауымдастықтары одағы (УЕФА) Чемпиондар лигасының соңғы турындағы «Галатасарай» мен «Астана» клубтарының ертең алаңға шығуы мүмкін құрамын жариялап үлгерді. Алаң иелерінің сапынан жарақатына байланысты Хамит Алтынтоп, Кароль мен Денайенің қатыспайтынын хабарласа, Сельчук Инан мен Хакан Балтаның алаңға шығу белгісіз болып отыр. Ал «Астана» сапынан аздап жарақатына байланысты Танат Нөсербаев ойынды бірінші минуттан бастамауы мүмкін.

Қос клубтың ертең алаңға шығуы мүмкін құрамы:

«Галатасарай»: Муслера; Сабри Сарыоглу, Семих Кайя, Шеджу, Хакан Балта; Сельчук Инан, Билал Киса; Подольски, Снейдер, Ясин Эзтекин; Бурак Йылмаз.

«Астана»: Эрич; Илич, Постников, Аничич, Шомко; Максимович, Каньяс, Жолшиев, Твумаси, Кетевоама; Кабананга.

8 желтоқсаннан 9-на қараған түні өтетін ойында бас қазы қызметін шотландиялық Крейг Томсон атқаратын болады. Алаң жиегінде оған Дэвид Макгичи мен Уильям Конкуэр көмектеседі. Төртінші төреші қызметін Алан Малвэнни атқарса, қосымша көмекшілер қызметін Стивен Маклин мен Кевин Клэнси атқарады.

Айта кетейік, «Астана» Стамбулда «Галатасарайды» жеңетін болса Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне шығатын болады. Кездесуді «ОН ТВ» арнасы тікелей эфирде көрсетеді. 

Ө. Сансызбай