Илья Ильин Ресей президентінің кубогы турниріне қатысады

Илья Ильин Ресей президентінің кубогы турниріне қатысады
Фото: iwf.net

12-13 желтоқсан күндері Грозный қаласында ауыр атлетикадан Ресей Федерациясы президентінің кубогы үшін бесінші халықаралық турнир өтеді. Бұл додаға еліміздің атынан Олимпиаданың екі дүркін, әлемнің төрт мәрте жеңімпазы Илья Ильин қатысатын болады.

Илья Ильин жақында ғана Хьюстонда өткен әлем чемпионатына қатысқан жоқ. Есесіне 105 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Александр Зайчиков жеңіс тұғырынан көрінген болатын.

Биыл Ресей президентінің кубогы халықаралық турнирі бесінші рет ұйымдастырғалы отыр. Сонымен қатар, Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) тарапынан айрықша мәртебеге ие болуда. Яғни, спортшылардың бұл турнирде 2016 жылғы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиадаға лицензия ұтып алуға толықтай мүмкіндіктері бар.

Грозныйда өтетін халықаралық турнир ерлер мен әйелдер арасындағы ауыр салмақта өтеді. Нақтылап айтар болсақ, әйелдер 75 келіге дейін және 75 келіден жоғары салмақ бойынша күш сынасады. Ал ерлер арасында 94 және 105 келіге дейін, сондай-ақ аса ауыр (105 келіден жоғары) салмақтағы зілтеміршілер осы турнирге қатысу мүмкіндігіне ие болып отыр. Жарысқа қатысуға әлемнің 20-ға жуық елінен өтініштер келіп түскен. Соның ішінде 105 келіге дейінгі салмақ бойынша Қазақстанның әлемге әйгілі спортшысы, Олимпиаданың екі дүркін, әлемнің төрт мәрте жеңімпазы Илья Ильиннің қатысуға өтініш беріп қойғаны белгілі. Ал 105 келіден жоғары салмақта Ресейдің танымал атлеті, 2014 жылы Алматы қаласында өткен Әлем чемпионатының жеңімпазы Руслан Албегов қатысатыны жоспарланып отыр. Жарыс «Олимпийск» спорт кешенінде өтеді.

Айта кетейік, Хьюстонда өткен әлем чемпионатынан кейін Қазақстан құрамасы 2016 жылғы Олимпиадаға берілетін жолдамалар жоспарын толықтай орындаған болатын. Яғни, Қазақстан құрамасы Бразилиядағы додаға толық құрамда алғаш рет қатысады.  

Ө. Сансызбай