Қазақ хоккейінің тарихы (II бөлім)

Қазақ хоккейінің тарихы (II бөлім)

1987-92

1987 жылдың 24 қыркүйегінде өскемендік «Торпедо» жоғарғы лигадағы өздерінің алғашқы ойнын өткізген. Алғашында зауыт командасы ретінде құрылған топ, 30 жыл ішінде КСРО хоккейінің бетке ұстарына айналды. Алғашқы кездесу Өскеменнің спорт сарайында «Спартак» командасымен болған. Кездесу нәтижесінде екі команда бірдей ойын көрсетіп, матч 4:4 есебімен аяқталды. Бұл нәтиже жеңістен артық болып көрінді, торпедолықтар өз күшіне, ал жанкүйерлер торпедолықтарға сенді.

«Торпедо» командасы жоғарғы лига ойындарында үздік нәтижелерге жетіп, республикамыздың атын бүкіл КСРО аумағына танытып, КСРО чемпионатының 1991-92 жылғы кезеңдерінде 5 және 8-інші (1-ші және 2-ші кезең), 1990-91 жылғы кезеңде 9-орынға ие болған. «Торпедо» командасының жастар құрамасы Кеңес одағындағы түрлі турнирлерде жеңімпаз атанып, 1989 жылы Өскемен қаласының СДЮШОР (директоры Юрий Тархов) мектебі КСРО аумағындағы ең үздік болып танылды. «Алтын шайба» сыйлығы үшін бақ сынасқандардың арасында Қазақстан құрамасы бәрінен басым түсіп, жеңіс тұғырынан көрінді. КСРО құрамында ойнап жүрген Андрей Фукс 1989 жылы Универсиада чемпионатында жүзден жүйрік болып, алтынға қол жеткізген. 1990 жылы Швейцарияда өткен әлем чемпионатында жеңіске жеткен Юрий Леонов - қазақ хоккейінің түлегі. Хоккей Қазақстан үшін тек ойын ретінде ғана емес, сонымен қатар жастарды патриоттыққа тәрбиелеу құралына айналды.

1992-98

Еліміздің тәуелсіздігі қазақ хоккейінің дамуына өз септігін тигізіп, халықаралық жарыстарда қазақ елі дербес мемлекет ретінде өнер көрсету мүмкіндігін алған. 1992 жылдың сәуірінде Қазақстан құрамасы Санкт-Петербор қаласында өткен «Большой приз» атты халықаралық турнирге қатысқан болатын. Ал 1992 жылдың мамыр айында Қазақстанның хоккей федерациясы Халықаралық Хоккей федерациясына мүшелік етіп, еліміз әлемдік жарыстарда өнер көрсете бастады. Федерацияның бірінші президенті болып, Анатолий Петрович Злотников сайланды. 1992 жылғы тамыз айының 22 жұлдызында тәуелсіз Қазақстанның алғашқы хоккей чемпионаты басталып, мұз айдынында мықты командалар бақ сынасқан. Бірінші кездесуде Қарағандының «Автомобилисі» мен Өскеменнің ШВСМ «Таврия» командасымен таяқ түйістіріп, нәтижесінде екі команда 3:3 есебімен тең ойын көрсетті. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы чемпионы атағын өскемендік «Торпедо» қомандасы еншіледі. 1993 жылы Қазақстан  құрамасы Словенияда өткен әлем чемпионатында өзінің бірінші ойнын өткізіп, 1996 жылы біздің жігіттер «С» тобының чемпиондары атағына қол жеткізген. Германияда 1993 жылы өткен әлем чемпионатында Теміртау хоккей мектебінің түлегі, Дмитрий Фролов, чемпион атанған, бірақ ол сол кезде Ресей құрамында өнер көрсетті. 1995 жылы Қазақстан құрамасы Азия Кубогының жеңімпазы атанып, келесі жылы Қытайдың Харбин қаласында Азия ойындарында жеңіс тұғырына көтерілген. 1999 жылы Корейдің Чангвон қаласында өткен Азия чемпионатында да үздік көрсеткіш көрсетті.


1999-2008

1999 жылы Қазақстан хоккей федерациясының президенті болып, Виктор Храпунов тағайындалады. Сол уақытта хоккейдің дамуына ықпал еткен Қазақстан Республикасының екі бірдей қаулысы жарияланды. Қазақстан командаларының Ресей чемпионатына қатысуы жайлы келісім-шарттарға қол қойылып, біздің жігіттер көрші елдің командаларымен бақ сынасқан. Алғаш рет Қазақстан чемпионатының ойындары әр түрлі қалаларда ұйымдастырылып, жарысқа қатысқан командалар саны 8-ге дейін өскен. Ал 2001 жылдың 6 наурызында Астана қаласында «Қазақстан» спорт сарайы бой көтерген болатын. 2002 жылдың аяғында 1-дивизионда өнер көрсетіп жүрген жас командалар арасындағы әлем чемпионаты Алматы қаласында өтті. 2003 жылы Қазақстан құрамасы 1-дивизионды командалар арасындағы әлем чемпионатына қатысып, қарсыластарын тізе бүктіріп, чемпион деген мәртебелі атаққа қол жеткізген. 2004 жылы Павлодар қаласында мұз сарайы салынып, ішінде түрлі халықаралық жарыстар ұйымдастырыла бастады. 2006 жылы Қазақстан құрамасы өзінің спорттық одиссеясын Италияның Турин қаласында жалғастырған болатын. 2008 жылы «Казцинк-Торпедо» командасы Еуропа кубогының құрлықтық жарысында қола медальдарға қол жеткізген. Қазақстанның "Айсұлу» (Алматы) әйелдер құрамасы да Еуропа чемпионаты Кубогінде керемет ойын көрсетіп, үшінші орынға ие болды. 

Суреттер fanatic.kz almaty-hockey.kz icehockey.kz сайттарынан