«Астананы» қазақ футболының тарихи ойыны күтіп тұр

«Астананы» қазақ футболының тарихи ойыны күтіп тұр
Фото: vk.com, info-tses.kz

Бүгін түнде футболдан Еуропаның басты бәсекесінің бірі саналатын Чемпиондар лигасы басталады. Топтық кезеңдегі бірінші ойында елордалық «Астана» Лиссабонда «Бенфикамен» кездеседі.

Қазақ футболын тарихи сәт күтіп тұр. Бұрын-соңды қазақ клубтары Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетпеген. Жанкүйерлердің көптен бері армандаған тілегін «Астана» орындады. Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өтіп, Еуропа футболын бір таңдандырды. Елордалық клуб топтық кезеңдегі ең әлсіз команда саналғанмен, Станимир Стойлов шәкірттерінің бір айтары барын ұмытпағанымыз абзал.

Бүгін командалардың алаңға шығатын жейделері

Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде алғаш рет ойнағалы жатқан футболшылар кездесу алдында қобалжитыны анық. Егер Лиссабонда сәттілік жолдас болып жатса, неге ұпай иеленіп қайтпасқа?! Қазақстандық спорт жанкүйерлері тағатсыздана күтіп отырған ойында алаң иелері фаворит екені сөзсіз. Десе де «Астана» ойыншылары «Бенфиканың» фаворит екенін қағаз жүзінде екенін іс жүзінде дәлелдейді деп сенеміз.

Португалдық клубтың бас бапкері Руи Витория бүгінгі ойында 3 ұпай иеленуді маңызды санап отыр. «Біздің мақсат – топтан шығу. Бүгін қиын ойын күтіп тұр. Еуромаусымды жеңіспен бастауға тиіспіз» - деді бапкер ойын алдында. Команда ойыншылары да «Астананы» жеңетіндіктерін сенім білдіруде.

Станимир Стойлов та бүгінгі ойынның маңызына айрықша тоқтала кетті:

 - Ірі додада еліміздің атынан алғаш рет өнер көрсету аса жауаптылықты талап етеді. Біз алғаш рет шығып отырғандықтан оңай соқпасы да анық. «Бенфика» - қауқарлы қарсылас. Сондай-ақ Португалияда футбол жоғары деңгейде дамыған. Ал Чемпиондар лигасына команда алып шыққаным үшін бақыттымын, - деді бапкер.

Букмекерлік орталықтар да алаң иелерін фаворит санап отыр. Руи Витория шәкірттерінің жеңісіне – 1,27 коэффициент, тең ойынға – 5,57, «Астана» жеңісіне 12,25 коэффициент ұсынуда. Ойынға грек төрешісі Тасос Сидирипулос қазылық жасайды.

«Бенфика» мен «Астана» арасындағы ойын Астана уақытымен түнгі сағат 00:45-те басталады. Тікелей эфирде «Таң» арнасынан тамашалай аласыздар. 

Қазақстандық клубқа сәттілік тілейміз! Асығың алшысынан түссін «Астана»!

Ө. Сансызбай