Қазақстан құрамасы Қазаннан құр алақан қайтты

Қазақстан құрамасы Қазаннан құр алақан қайтты
Фото: eurosport.ru, http://kazan2015.com/

Су спорты түрлерінен Татарстан астанасы Қазанда әлем чемпионаты мәресіне жетті. Төрткүл дүниенің кіл мықтылары бақ сынаған додада Қазақстан құрамасына жүлде бұйырмады.

75 жүлделер жиынтығы сарапқа салынатын дүбірлі додаға әлемнің 190 елінен 2400-ге жуық спортшы қатысты. Спортшылар жүзуден, ашық суда жүзуден, синхронды жүзуден, ватерполдан, хай-дайвингтен және суға секіруден сайысқа түсті. 15 алтын, 10 күміс, 10 қола жүлде еншіліген Қытай құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орын алса, екінші орынды 13 алтын, 14 күміс, 6 қола жүлдемен АҚШ құрамасы иеленді. Ал үштікті 9 алтын, 4 күміс, 4 қола жеңіп алған Ресей құрамасы түйіндеді.

Қазақстандық спортшылар Қазандағы әлем чемпионатында 5 спорт түрі түрі бойынша жарыстарға қатысты. Бірақ, жүлде бұйырмады. Бұйырмаса да, 100 метр қашықтыққа брасс әдісімен жүзуде Дмитрий Баландин төртінші орын алып, отандастарымызды бір қуантты. Себебі, қазақстандық спортшылар су спортынан өткен әлем чемпионаттарында бұдан жоғарғы нәтижеге қол жеткізбеген. Сондай-ақ, қазақстандық жүзгіш 50 метрге брасс әдісімен жүзуде (27,24 секунд) жапон Косуки Китаджимаға тиесілі Азия рекордын жаңартты.

Дмитрий Баландин әлем чемпионатына дейін-ақ 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін жазғы Олимпиада ойындарына жолдама иеленіп үлгерген болатын. Қазандағы додада қарсыластарының қарымын байқап қайтты десек қателеспейміз. Себебі, Бразилия жерінде бір жүлдеден дәмелі спортшыларымыздың бірі, осы Дмитрий Баландин болмақ.

1973 – 2013 жылдар аралығында су спортынан әлем чемпионатының жалауы 15 мәрте желбіреген екен. Бір өкініштісі, сол 15 жарыстың ең болмағанда біреуінде Қазақстанның спортшылары жеңіс тұғырына көтеріле алмады. Жарайды, «осы спорт түріне қатты көңіл бөліп отырған өркениеті дамыған және дәулеті тасыған алпауыт мемлекеттер жайында әңгіме қозғаудың реті жоқ» десеңіз, келіспеуге лаж жоқ. Оларда жеңіспен өрілген дәстүрдің де, мықты бапкерлік мектептің де бар екенін мойындаймыз. Сондықтан да өзгелерден көші ілгері. Ал сонау қара құрлықта орналасқан Зимбабве (4+5+0), Тунис (2+2+4) және Египеттен (0+0+1) немесе алақандай ғана жері, азғана халқы бар Суринам (1+0+0), Пуэрто-Рико (0+0+1) және Тринидад пен Тобаго (0+0+1) сынды елдерден қалып қойғанымызды қалай түсінуге болады? Осы жағынан алғанда жанарымызбен жер шұқитындай жағдайдамыз, - деп жазады aikyn.kz.

Қазақстан құрамасы Қазанда жүзуден Азия ойындарының күміс жүлдегері Екатерина Руденко, синхронды жүзуден апалы-сіңлілі Немичтер, ватерполдан ерлер құрамасынан жүлде күткен еді. Өкінішке орай, бұл спорт түрлерінен жүлденің ауылы алыс болды. Енді 2017 жылғы әлем чемпионаты Венгрия астанасы Будапештте өтеді. Бәлкім, сол додада Қазақстан құрамасы тарихи жүлдесін иеленіп қалар... 

Ө. Сансызбай