"Абердинді" әбігерге түсірді

"Абердинді" әбігерге түсірді
Фото: massaget.kz

Кеше Алматының "Қайраты" Еуропа лигасы аясында Шотландияның "Абердинімен" кездесті. Ысқырығы Алатау бөктерінде безілдеген матч шектент тыс шиеленісті өтіп, ең бастысы Орталық стадионда ине шаншар орын болмады. Көрермендер көп жиналып, 90 минут бойы қиқу салып отырды.

Бұл ойынды қайраттықтар өте жоғары қарқында бастады. Басында "Абердин" қорғанысы сыр бермей, алаң иелерінің тегеурінді шабуылдарын тойтарумен болған. Бірақ 13-минутта қайраттықтар тамаша шабуыл ұйымдастырып, қонақтардың қорғаушыларын шым-шытырық шатыстырды. Допты тоқтатпай, бір-біріне лезде сырғыта қойып, өздері де өте жылдам қимылдады. "Абердин" қорғаушылары "Қайраттың" шабуылшыларын бағып жүргенде, Бакаев атойлап алға шапты. Әрі "Абердин" қорғанысын сары майды екі бөліп тастаған өткір пышақтай жарып өтіп (әйтеуір лып етіп еніп кетіп), теңбіл допты қақпа торында тулатты. Қонақтардың тәжірибелі қақпашысы да сан соғып қала берді...

Бұл гол - "Қайратты" қанаттандырып жіберді. Алаң иелері шабуылды үдете түсіп, көсіле шапты. "Абердин" қорғанысын әбден әбігерге түсірді. Олар еңселерон тіктеп үлгермей, Бауыржан Исламхан тағы бір гол соқты. Гол болғанда қандай керемет десеңші! Оның тамаша соғылғандығын айтып, айызыңды қандыра алмайсың. 40 метрдей жерден шірене тартып, допты доғаша иіп, "Абердиннің" қақпасына дөп түсірді. Қапы қалған қонақтардың қақпашысы жер теуіп, өзегін өртеген өкінішін тарқата алмай, арлы-берлі аласұрды. Ал стадион дүр сілкінді. Көрермендер орындарынан атып тұрып, "Ис-лам-хан, Ис-лам-хан, Ис-лам-хан!" деп айқайға басты. Ақбас Алатауды жаңғыртып, қонақтардың "зәре-құтын" алды. Дауыстары зор әрі жігерлі. Қара терге түскен "Абердиннің" ойыншылары тұрмақ, бапкерлерінің де тұла-бойлары түршіккен болар. Өйткені стадион трибуналары ұзаққа дейін теңселіп тұрды. Ал журналистер орындықтарында отырған біз "стадион толы халықтың дауысынан Алатау бөктеріндегі бөгеттердің бірі жарылып кетпесе екен" деп "қобалжыдық"...

Сөйтіп, ойынның 22-минутында екі гол айырмасымен алға шыққан "Қайрат" Шотландия клубының ойыншыларын сең соққандай күйге түсірді. Әрі айылдарын жимай, тізгіндерін тартпай, тайлы-тұяғымен алға ентелеп, "Абердин" қорғанысын піспектей берді. Әрине, "Абердин" де оңай шағылатын, осал қарсылас емес. Еуропа кубоктары жолындағы додаларда көрген құқайы бұл ғана емес. Яғни біршама ысылған, тәжірибесі мол - команда. Олар бірінші таймның ортасына қарай, "Қайраттың" ойыншыларына допты бері қойып, олардың соңынан салпақтап жүре бермеу керек екендігін түсінді...

Бірінші таймның аяғына қарай "Қайраттың" қарқыны саябырлайын деді. Сірә, ойыншылар "қалғанын екінші таймға қалдырайық" деген болар...
Бірақ екінші таймда жас
ылалаңға "басқа" "Абердин" шыққандай болды. Бокс тілімен айтқанда, бірінші таймда "нокдаунға" түскен қонақтар үзіліс кезінде естерін жинап алыпты. Бапкерлерінің не айтып, қалай қайрап, намыстарын жанып жібергендігі - белгісіз. Әйтеуір "Абердин" жұдырықтай жұмылып шықты. Екінші таймның басында алаң иелеріне доп бермей, біраз уақыт бір-біріне қақпақылдап жүріп алды. Сөйтіп жүріп, қарсы шабуылдар ұйымдастыруға тырысты. Тіпті, бір гол соғып, есепті қысқартып та алды...

Ал "Қайрат" ше? Екінші таймда алаңға шығып, шыға сала қанжығасы "қанданған" Маклиннің голынан кейін қамшыны басты. Өйткені, Еурокубок додаларында 2:1 деген есептің жеңіс деген аты ғана болмаса, қарымта матчта кәдеге жарар басымдығы шамалы... Одан 1:0 есебімен жеңген әлдеқайда ұтымды. Себебі түзде соғылған голдың бағасы - анағұрлым жоғары, маңызы - өте зор...

Мұны жақсы білетін "Қайраттың" ойыншылары екінші таймның аяғында шабуылды үдетті. Қарсыласын қыспаққа ала түсті. Өкінішке қарай, гол соғудың сәті түспеді. Доп не қиыс кетіп, не оны "Абердиннің" қорғаушылары мен қақпашысы тойтарып, діңкелетті. Енді бірде теңбіл доп қақпа маңдайшасынан кері қайтып, аһ ұрғызды... Исламхан допты қанша иірсе де, Исаэл қалай шиірсе де, теңбіл доп "Абердин" қақпасына кірмей-ақ қойды...

Ойынның 13-22-минуттары аралығында қауқарсыз болып көрінген "Абердиннің" бағы бар екен, матч осылай аяқталды. Есеп - 2:1. Енді бәрі де 6 тамыз күні Шотландияда шешіледі.  

Автор: Нұрғазы Сасаев

Ө. Сансызбай