«Қайрат» – бірінші айналымның «чемпионы!»

«Қайрат» – бірінші айналымның «чемпионы!»
Фото: massaget.kz, vk.com

Футболдан ел біріншілігінің бірінші айналымы мәресіне жетті. ХХІІ тур қорытындысы бойынша Алматының «Қайраты» «Ақтөбеден» қосымша көрсеткіштер бойынша алға озып, көш бастады.

Бірінші айналымның соңғы турын Станимир Стойлов жаттықтыратын «Астана» сенбі күні өткізді. Себебі, клубты алда Чемпиондар лигасының үшінші кезеңді ойыны күтіп тұр. Елордалық клуб үшін ел премьер-лигасындағы ойынның да маңызы жоғары екені анық. 3 ұпайды иеленуге ұмтылған «Астана» ойыншылары Көкшетауда «Оқжетпесті» 1:2 есебімен ұтып, Астанаға көтеріңкі көңіл-күймен қайтты. Ойында бірінші болып алаң иелері сапынан Әлібек Бөлешов (премьер-лигадағы 90-шы голы) есеп ашса, «Астана» сапынан Жуниор Кабананга дубль авторы атанды. Нәтижесінде «Оқжетпес» 26 ұпаймен алғашқы алтылыққа ене алмай қалса, «Астана» 43 ұпаймен үштікті қорытындылады.

Алматының «Қайраты» бірінші айналымды сәтті қорытындылады. Еуропа лигасында да сәтті өнер көрсетіп келе жатқан Владимир Вайсс шәкірттері соңғы екі турда «Ақтөбен» қуып жете білді. Соңғы турдағы ойынын Қостанайда өткізген «Қайрат» алаң иелері «Тобылды» 1:3 есебімен жеңіп қайтты. Кездесуде клубтың жақында ғана келген легионері Джордже Деспотович екі гол соғып, жанкүйерлерін қуантты. Бір голды Аслан Дарабаев еншісіне жазды. Ал қостанайлық клуб құрамынан капитан Нұрбол Жұмасқалиев белсенді. Айып соққысын асқан шеберлікпен орындаған ардагер ойыншы премьер-лигада соққан голдарының санын еселей түсті.

Батыстық дербиде «Ақтөбенің» асығы алшысынан түсті. «Атырау» өз алаңында ұпай жоғалтпауға тырысқанмен, Йоан Андоне шәкірттері жеңісті жұлып кетті. Йоан Андоне демекші, румын бапкері «Ақтөбе» тізгінін өткен аптада ғана ұстаған еді. Атыраудағы бірінші ойынын жеңіспен бастады. Кездесудің бірінші таймында Сергей Хижниченко есеп ашса, екінші таймда Маркос Пизелли бір голды еншісіне жазды.

Алғашқы алтылыққа енуге берілетін соңғы мүмкіндікке үш бірдей клуб таласты. Нәтижесінде Павлодардың «Ертісінің» жолы болды. Соңғы турда Шымкенттің «Ордабасы» клубын 2:0 есебімен жеңген Дмитар Дмитров шәкірттері алғашқы алтылыққа енді. Павлодарда өткен ойында Константин Дудченко мен Эвандро Ронкатто пенальтиді сәтті орындады.

Соңғы екі турда қарағандылық «Шахтер» жанкүйерлерін қуантты. Өткен турда «кеншілер» «Ақтөбені» ұпайдан айырса, ХХІІ турда «Таразды» сүріндірді. Өз алаңында өткен ойында «Шахтер» қонақтар қақпасына жауапсыз екі гол соқты. Алғаш болып 75 минутта Максим Фещук есеп ашса, қосымша уақытта Роман Мұртазаев бір голды еншісіне жазды.

Соңғы уақытта Талдықорғанның «Жетісу» клубының да ойынына «жан» кіргендей. Шабуыл шебінде өнер көрсетіп жүрген Руслан Галиакберов шеберлігімен көзге түсіп жүр. Соңғы турда «Қайсармен» (Қызылорда) ойнаған «Жетісу» қарсыластарын 2:1 есебімен ұтты. Руслан алаң иелеріне нәтиже сыйлаған екі голды соқса, қонақтар сапынан Кирилл Шестаков бір голды еншісіне жазып қайтты. Жақында ғана бас бапкер Дмитрий Огай мен спорттық директоры Руслан Балтиевті қызметінен босатқан қызылордалық бірінші айналымды соңғы орында аяқтады.

Екінші айналым

Бірінші айналымды аяқтаған ел клубтары аз уақытқа демалысқа шығады. Ал екінші айналымда турнирлік кесте екіге бөлінетін болады. «Бірінші алтылық» және «Екінші алтылық» деп. Бірінші алтылыққа енген клубтар өзара Қазақстан чемпионы деген атақты сарапқа салса, екінші алтылықтағы клубтар премьер-лигадағы орындарын сақтап қалу үшін таласады. Бір айта кетерлігі, екінші айналымда клубтардың бірінші кезеңде жинаған ұпайлары екіге бөлінеді. Мәселен, «Қайрат», «Ақтөбе» және «Астана» клубтары екінші кезеңді 22 ұпаймен бастайды. Елордалық клубтың ұпайы 43 болғанмен, өткен маусымда ҚФФ жарты ұпайды бір ұпайға санау туралы шешімін қабылдаған болатын. Екінші айналымда да әр алтылықтағы қарсыластар өзара екі кездесу өткізеді. 

Сұрмергендер

Премьер-лиганың бірінші айналымынан кейін үздік сұрмергендер көшін «Қайраттың» ивуарлық легионері Жерар Гоу бастап тұр. Оның еншісінде 18 гол бар. Екінші орында тұрған Лука Роткович («Оқжетпес») болса, Жерардан екі есе аз гол соққан (9 гол). Үздік үштікті 7 голдан соққан Душан Савич («Жетісу») пен Сергей Хижниченко («Ақтөбе») қорытындылап тұр.

Турнир кестесі:

Орын  Клуб Ойын Жеңіс Тең нәтиже Жеңіліс Доптар Ұпайлар
1  "Қайрат" 22 13 5 4 43-14 44
2  "Ақтөбе" 22 12 8 2 27-12 44
3  "Астана" 22 12 7 3 40-19 43
4  "Атырау" 22 9 10 3 25-19 37
5  "Ордабасы" 22 9 8 5 21-18 35
6  "Ертіс" 22 7 9 6 26-23 30
7  "Оқжетпес" 22 8 2 12 24-33 26
8  "Тобыл" 22 7 4 11 22-32 25
9  "Тараз" 22 7 3 12 17-25 24
10  "Шахтер" 22 5 3 14 16-38 18
11  "Жетісу" 22 4 5 13 17-32 17
12  "Қайсар" 22 3 8 11 12-25 17
Ө. Сансызбай