Жанкүйерлерді қуантар кезек - «Қайратта»

Жанкүйерлерді қуантар кезек - «Қайратта»
Фото: fckairat.kz

Бүгін футболдан Еуропа лигасының екінші кезеңіндегі қарымта ойындар өтеді. Алматыда үш доп айырмасымен жеңіске жеткен «Қайрат» сырт алаңда «Алашкертпен» (Армения) кездесетін болады.

Бір апта бұрын Владимир Вайсс жаттықтыратын клуб Алматының орталық стадионында «Алашкертті» 3:0 есебімен ойсырата жеңген болатын. Бұл нәтижемен қазақстандық клуб үшінші кезеңге аяқ басып тұр деп айтуға негіз бар. Десе де спорттың аты – спорт. Армяндар өз алаңында не бел кетеді, не белбеу кетеді деп алаңға шығары сөзсіз. Қазақстандық клуб ойыншылары бірінші ойындағы жүйесін ұстанып, қателікке бой алдырмаулары тиіс. Өрескел тәртіп бұзып, алаңнан қуылудан аулақ болғандары жөн. Қорғаныста ойнап, қол қусырып қарап қалуға болмайды. Дегенмен де, «Қайраттың» ойыны – қорғаныста ойнау емес.

Кеше «Астананың» жеңісінен кейін қазақстандық жанкүйерлер «Қайраттан» да жеңіс күтері анық. Алматылық клубтың жеңісі – Қазақстанның УЕФА коэфициенттер рейтингіндегі жағдайының жақсаруына себепкер бола алады. Қазіргі таңда Қазақстан бұл рейтингте 30-шы орында тұр.

Мартуниде өтетін ойында да «Қайраттың» фаворит екені анық. Букмекерлік орталықтар алаң иелерінің жеңісіне – 5,5 коэфициент, тең ойынға – 3,81, қазақстандық клубтың жеңісіне 1,6 коэфициент ұсынуда. Кездесудің бас төрешісі – португалдық Жоау Карлос Сантос Капела.

«Алашкерт» пен «Қайрат» арасындағы ойынды қазақстандықтар «KazSport» арнасынан тікелей эфирде тамашалай алады. Жеңімпаз атанған ұжым үшінші айналымда «Риека» (Хорватия) және «Абердин» (Шотландия) командаларының жеңімпазымен кездеседі. Бірінші ойында шотландиялық клуб қарсыластарын 3:0 есебімен ойсырата ұтқан.

Астана уақытымен кешкі сағат 21:00-де басталатын ойында қазақстандық клубқа сәттілік тілейміз.

Ө. Сансызбай