Куба боксы жайлы не білеміз?

Куба боксы жайлы не білеміз?
Фото: astanaarlans.kz, photodom.com

Бокс – әлемдегі ең танымал спорт түрлерінің бірі. Ал бұл спорт түрі туралы айтқанда алдымен Куба бокс мектебі ойға оралады. Ендеше «Бостандық аралының» боксы жайлы бірер сөз.

Кубадағы бокстың дамуы Альсидес Сагарраның есімімен тікелей байланысты. Ол 1960 жылы Куба бокс қауымдастығының негізін қалады. Төрт жылдан кейін ұлттық құраманың тізгінін ұстады. Альсидес Сагарра Куба боксына өзіндік өзгеріс енгізді. Боксшы үшін алдын-ала төрт жылға жоспар құрылатын болды. Әртүрлі жаттығудың жаңа түрлері қосылып, көлемі мен уақыты ұлғайды. Басты мақсат – төрт жылда бір келетін Олимпиада шыңына шығу еді.

Альсидес Сагарра

Тарихқа көз жүгіртер болсақ, Куба боксшылары Олимпиада ойындарының тарихында ең көп медаль алған екінші мемлекет (АҚШ-тан кейін). Олимпиада ойындарында кубалықтар 34 алтын, 19 күміс, 14 қола медаль жеңіп алған. Барлығы - 67 медаль. Бірақ кубалықтар Олимпиадаға 1960 жылдан бастап қатыса бастады. Альсидес Сагарра баптауымен 1964 жылдан 2000 жылға дейін 46 Олимпиада жүлдесін иеленді. Оның 27-сі алтын, 12-сі күміс, 7-еуі қола. 1992 жылы Барселонада тоғыз бірдей Куба боксшысы финалда қолғап түйістіріп, жетеуі алтын жүлдені жеңіп алды. «Жеңіске құштарлық, жігер, еңбекқорлық, соңына дейін күресу, Отанға құрмет әрбір кубалықтың бойынан табылады. Бұл – спортшы үшін керекті қасиет» – деп даңқты бапкер Альсидес Сагарра Куба боксының жетістігін осылай түсіндіреді.

Куба елінде спорт Фидель Кастроның билікке келуімен жолға қойылды. Оған дейін «Бостандық аралының» спортшыларына шетелдердегі жарыстарға қатысу арман болатын. Ал жас талантты боксшыларға жағдай бірден жасала қойған жоқ. Соған қарамастан, кубалық боксшылар әлемді мойындата білді.

Теофило Стивенсон

Әлемді мойындатқан Куба боксы жайлы сөз қозғалса, ойымызға бірінші кезекте Теофилио Стивенсон мен Феликс Савон түседі. Бұл екі боксшының да есімдері спорт тарихында алтын әріптермен жазылып тұр. Тарихта Олимпиада ойындарын үш рет ұтқан үш-ақ боксшы бар. Олар - венгр боксшысы Ласло Папп және кубалық - Теофилио Стивенсон (1972, 1976, 1980) мен Феликс Савон (1992, 1996, 2000). Бұл екі боксшы Куба боксын әлемге танытқан бірден-бір тұлғалар. Анхель Эррера, Ариель Эрнандес, Гильермо Ригондо, Эктор Винент, Марио Кинделан сынды былғары қолғап шеберлері 2 реттен Олимпиада алтынына ие болды.

Бокстан тұңғыш әлем чемпионаты да 1974 жылы Куба астанасы Гаванада өткен. Әлемнің 45 мемлекеті қатысқан додада кубалықтар алдына жан салмаған. Жалпы Олимпиада тарихында ең көп медальді АҚШ құрамасы иеленген болса, әлем чемпионатының тарихында Куба боксшылары көш бастап тұр. Кубалықтар осыған дейін өткен 17 әлем чемпионатында жалпы 122 медальге ие болды. Оның 67-сі алтын, 31-і күміс, 24-і қола медаль.

Феликс Савон

Әлем чемпионатында да ең көп жеңімпаз атанған боксшы – кубалық Феликс Савон. Ол әлем чемпионатында 6 рет жеңімпаз тұғырынан көрінген. Ал, Хуан Эрнандес Сьерра әлем чемпионатының төрт дүркін жеңімпазы атанған боксшы. Бұдан бөлек, Куба бокс тарихында Теофило Стивенсон, Роберто Баладо, Адольфо Орто, Марио Кинделан, Облъянер Солис Фонте сынды әлемнің 3 дүркін чемпиондары шыққан.

«Бостандық аралының» жас таланттары кішкентайынан Теофило Стивенсон мен Феликс Савон сынды боксшы болсам деп армандайды. Тіпті, Кубада 2 миллионға жуық адам әуесқой бокспен айналысады екен. «Бостандық аралында» дене тәрбиесі сабағы мамандандырылған негізде жүргізеді. Әр баланы қабілетіне қарай әр спорт түріне бөліп, 4 сыныптан бастап дене тәрбиесі сабағының орнына нақты бір спортқа бау­лу басталады. Бұл да елдегі жолға қойылған маңызды жобалардың бірі. Соның арқасында Куба спорты қарқынды дамуын тежеген емес.

Куба 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарында 2 алтын 2 қола жүлдемен жалпыкомандалық есепте үшінші орынға тұрақтады. Ал 2016 жылғы Олимпиадаға 6 спортшысы жолдама алып үлгерді. «Бостандық аралының» былғары қолғап шеберлері Олимпиадада тағы да жоғарғы деңгейде өнер көрсетуді мақсат тұтып отыр. 

Ө. Сансызбай