УЕФА рейтингінде Фарер аралдары Қазақстанды басып озды

УЕФА рейтингінде Фарер аралдары Қазақстанды басып озды
Фото: sports.kz

Футболдан Еуропа футбол қауымдастықтары одағының (УЕФА) рейтингі жаңарды. 2016 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі аясында Түркиямен өткен кездесуден кейін отандастарымыз бір саты төмен сырғыды.

Жаңарған УЕФА рейтингінде Украина құрамасы 5 саты жоғарылап, алғашқы ондыққа енген. Португалия құрамасы 2 саты жоғарылап, 5-ші орынға тұрақтаған. Италия бір саты көтерілсе, Бельгия құрамасы 3 орынға төмендеп отыр. Ал Юрий Красножан жаттықтыратын Қазақстан құрамасын жеңген түріктер 3 саты жоғарылап, 28-ші орынға жайғасқан. Үздік үштікте өзгерістер орын алмаған.

Қазақстан құрамасы өткен рейтингте 49-шы орында болатын. Алматыда Түркияға есе жібергеннен кейін отандастарымыз 50-ші орынға төмендеді. Ал өз алаңында Грекия құрамасын жеңген Фарер аралдарының құрамасы 3 сатыға жоғарылап, Қазақстанды басып озды. Қазақстаннан төменгі орындарға Мальта, Андорра, Сан-Марино және Гибралтар құрамалары орналасқан.

2016 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі аясындағы соңғы ойындарда аутсайдер командалар азуын айға білеген ұжымдарды сан соқтыруда. Фарер аралдары құрамасы екі ойында да гректерден басым түссе, эстондар сырт алаңда Финляндияны екі доп басымдығымен ұта білді. Әзірбайжан ұлттық құрамасы түзде Норвегиямен терезесі тең өнер көрсетсе, Албания жолдастық кездесуде Франция құрамасының адымын аштырмады. Ал Қазақстан құрамасына жанкүйерлерін желпінтер жеңіс жетіспей келеді.  

Ө. Сансызбай