Еуропа лигасы. «Севилья» екінші жыл қатарынан чемпион атана ма?

Еуропа лигасы. «Севилья» екінші жыл қатарынан чемпион атана ма?
Фото: eurosport.ru

Бүгін түнде футболдан Еуропа лигасының финалдық кездесуі өтеді. Польша астанасы Варшавада өтетін шешуші ойында чемпиондық атақты Украинаның «Днепр» және Испанияның «Севилья» клубтары сарапқа салады. Назарларыңызға ойын алдындағы шолуымызды ұсынамыз.

Украинаның «Днепр» клубы өз тарихында ірі жетістікке алғаш рет қол созып отыр. Осыған дейін УЕФА шеңберіндегі додалардағы ең үздік көрсеткіші – ширек финал ғана. Ал бұл маусымда финалға дейін жетті. Мирон Маркевич жаттықтыратын клубтың 2014/2015 жылғы маусымда қалай ойнағаны туралы футболсүйер хабардар-ақ. Қорғанысты басты назарда ұстап ойнайтын «Днепр» финалда да өз жүйесін ұстанатыны сөзсіз. Көбіне кездесу соңына қарай нәтижені өзгертуге тырысады. Ал «Севильяның» ойын жүйесі мүлде бөлек. Испандық ұжымның ойыншылары жылдам гол соғуға әуес.

Бұл маусымдағы Еуропа лигасында ең көп гол соққан, әрі әр ойындарында нәтижелі тұрақтылығын сақтап келе жатқан «Севилья» финалда фаворит саналуда. Сонымен қатар, Унай Эмери жаттықтыратын ұжым бүгін түнде өз атақтарын қорғайды. Естеріңізде болса өткен маусымда испандық ұжым финалда «Бенфиканы» жеңіп (пенальти сериясында), чемпион атанған еді.

Кездесуге шығуы мүмкін командалар құрамы:

«Днепр»: Бойко; Федецкий, Дуглас, Чеберячко, Лео Матос; Канкава, Ротань, Федорчук, Матеус, Коноплянка; Калинич.

Ойынға қатыса алмайды: Мазух, Зозуля

«Севилья»: Рико; Коке, Каррису, Колодзейчак, Тремулинас; Мбиа, Крыховяк; Алейкс Видаль, Банега, Витоло; Бакка.

Ойынға қатыса алмайды: Пареха

Букмекерлік орталықтар «Днепр» клубының жеңісіне – 5,65 коэффициент, тең ойынға – 3,79 коэффициент, «Севилья» жеңісіне – 1,69 коэффициент ұсынып отыр.

«Днепр» мен «Севилья» арасындағы финалдық кездесуге ағылшын Мартин Аткинсон қазылық жасайды. Бас қазыға Майкл Малларки мен Стивен Чайлд көмектеседі. Мартин Аткинсон бұл маусымда Чемпиондар лигасының сегіз ойынына, Еуропа лигасының бір кездесуінде төрешілік жасады. Кездесуді «КТК» арнасынан тамашалай аласыздар.

Астана уақытымен сағат түнгі 00:45-те басталатын ойынға нақты болжам айту қиын. Десе де спорт сарапшылары «Севильяның» екінші жыл қатарынан чемпион атануға мүмкіндігі жоғары екенін алға тартуда.

Әрине, бүгін түндегі кездесу нағыз тартысқа толы болмақ. Спорт, әсіресе футболда күтпеген нәтижелер көптеп кездеседі. Ал сіздер бұл ойындар туралы қандай ой қосасыздар? Айта отырыңыздар!

Ө. Сансызбай