«Арландар» топтық кезеңді жеңіспен аяқтай ала ма?

«Арландар» топтық кезеңді жеңіспен аяқтай ала ма?

Бүкіләлемдік бокс сериясында (WSB) ел намысын қорғап жатқан «Astana Arlans» клубы топтағы соңғы кездесуін 25 сәуір күні Италияның Бергамо қаласында өткізеді. Бүгін «Italia Thunder» мен қазақстандық клуб шаршы алаңға шығатын құрамын жариялады.

Қос клуб арасында өткен алғашқы айналымдағы жекпе-жекте отандастарымыз қарсыластарын 3:2 есебімен ұтқан болатын. Қайрат Ералиев (56 келі), Мейірім Нұрсұлтанов (75 келі) және Василий Левит (91 келі) жеңіске жетсе, Теміртас Жүсіпов (49 келі) пен Асхат Уалиханов (64 келі) жеңіліп қалған болатын. Топта XIIІ турдан кейін «Астана арландары» 39 ұпаймен «В» тобында жеке-дара көш бастап келеді. Ал, «Italia Thunder» бокс клубы 24 ұпаймен үшінші орында келеді.

Бергамода өтетін бокс кешінде С2 категориясындағы (52, 60, 69, 81, +91) келі салмақтағы боксшылар қатысады. Мирас Жақыпов, Роман Щегринов пен Асланбек Шымбергеновтер бұл маусымда аса көп шаршы алаңға шыққан жоқ. Десе де топтық кезеңді қазақстандық клубтың жеңіспен аяқтауы аса маңызды. Шаршы алаң иелері де осал қарсылас саналмайды. Осы кездесуде «Italia Thunder» жеңіске жетпей, «Caciques de Venezuela» түзде «Rafako Hussars Poland» клубын жеңер болса,  италиялық ұжым ширек финалға шығу мүмкіндігінен айырылатын болады. 

Жекпе-жекте қатысатын боксшылардың жұбы:

52 келі: Гаурав Бидхури – Мирас Жақыпов

60 келі: Донато Козенца – Роман Щегринов

69 келі: Адам Патрик Нолан – Асланбек Шымбергенов

81 келі: Валентино Манфредонья – Хрвое Сеп

+91 келі: Алессио Спахиу – Филип Хргович

«Astana Arlans» «В» тобында бірінші орынды мерзімінен бұрын жеңіп алған ХІІ турдан кейін-ақ жеңіп алған болатын. Десе де арқаны кеңге салмаған қазақстандық клубтың күрзі жұдырықты жігіттері намысты қолдан бермей келеді. Оның айқын бір дәлелі ретінде Василий Левитті айтуға болады. Қазақстандық боксшы WSB жобасында сәтті өнер көрсетіп, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарына жолдама жеңіп алған екінші боксшы атанған болатын.

Қазақстандық клубтың директоры Серік Сәпиев клубтың жартылай финалдағы кездесулерін Астана қаласында өткізуді жоспарлап отырғаны туралы айтқан болатын. Осыған дейін «Astana Arlans» топтағы кездесулерін Алматы, Қарағанды және Шымкент қалаларында өткізген еді. 

«В» тобында - «Astana Arlans», «А» тобынан Кубаның «Cuba Domadores» бокс клубы жартылай финалға өтіп үлгерді. Ал ширек финалда екі топта екінші және үшінші орын алған клубтар бір-бірімен кездесетін болады. 

QF 1
7 мамыр: 2А - 3В
8 мамыр: 2А - 3В
Қосымша кезедсу: 52 келі

QF 2
7 мамыр: 2В - 3А
8 мамыр: 2В - 3А
Қосымша кезедсу: 69 келі

Жартылай финал:
SF 1
21 мамыр: «А» тобының жеңімпазы - QF 2 жеңімпазы
22 мамыр: «А» тобының жеңімпазы - QF 2 жеңімпазы
Қосымша кездесу: 52 келі

SF 2
21 мамыр: «В» тобының жеңімпазы - QF 1 жеңімпазы
22 мамыр:  «В» тобының жеңімпазы - QF 1 жеңімпазы
Қосымша кездесу: -91 келі

Финал:
11-12 маусым
Қосымша кездесу: 56 келі

Сурет: astanaarlans.kz

О. Сансызбай