Чиншанло: Мен тұрмысқа шыққан жоқпын!

Чиншанло: Мен тұрмысқа шыққан жоқпын!

Ауыр атлетикадан Алматыда өтіп жатқан әлем чемпионатында топ жарған Зульфия Чиншанло жарыс соңынан баспасөз мәслихатына қатысты. Сонымен қатар, жанкүйерлерімен бірге суретке түсіп, сұрақтарына жауап берді.

- Жеңістен кейінгі көңіл-күйіңіз қалай?

- Сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Менің екіжылдық демалыстан кейінгі жарысым маңызды болды. Енді тиянақты түрде Бразилия жерінде өтетін Олимпиадаға дайындалатын боламын.

- Өз жерімізде өткен әлем чемпионаты қаншалықты көмегін тигізді?

- Жарыс оңай болған жоқ. Жанкүйерлер қолдауына шексіз ризамын. Олар маған үлкен қолдау көрсетті. Алғысымды білдіремін. Бапкерімнің де қолдауы рекорд жаңартуыма септігін тигізді.

- Бүгін жаңартқан рекордты қайта жаңартуды жоспарыңызға қашан қойып отырсыз?

- Мен өз рекордымды Рио-де-Жанейрода өтетін әлем чемпионатында жаңартқым келеді. Ол кезде 136 келіні көтере алатыныма сеніммен қараймын.

- Инчхонда өткен Азия ойындарында тайпейлік  Сюй Шузцинге есе жібердің. Сол есені Алматыда қайтару ойыңда бар ма еді?

- Әрине, ондай үміт болды. Бірақ, Азия ойындарынан кейін әлем чемпионатына аз уақыттың ішінде тыңғылықты дайындалу оңай болған жоқ. Десе де мен өз жоспарымды толықтай орындадым.

- Зульфия өткен жылы сені тұрмысқа шықты деген қауесеттер тараған еді. Сол қаншалықты шындыққа жанасымды?

- Мен тұрмысқа шыққан жоқпын. Баламын ғой әлі (күлді). Біз (Ли Юнчинг) өте жақын достармыз. Менің арқа сүйерім сол. Үйлену әзірге жоспарда жоқ,- деп қысқа қайырды.

Айта кетейік, өткен жылы қазақстандық спортшы қытайлық жеңіл атлет Ли Юнчингке тұрмысқа шыққаны туралы ақпарат тараған болатын. Бірақ, Зульфияның әлі тұрмысқа шықпағаны мәлім болды. Десе де Зульфия баспасөз мәслихатында Ли Юнчингті жиналған қауымға болашақ жұбайым деп таныстырды. Спортшының сүйіктісі болса Зульфияны қолдау үшін «аспан асты елінен» келген екен.

Естеріңізге сала кетсек, Зульфия Чиншанло Алматыда өтіп жатқан әлем чемпионатында серпе көтеруде 134 келіні еңсеріп, әлемдік рекорд орнатты. Алтыннан алқа тағып, бас бапкер Алексей Ни мен барша жанкүйерлер сенімін ақтай білді. 

Сурет: massaget.kz

Ө. Сансызбай