Премьер-лига. «Астана» чемпиондық атаққа жақындай түсті

Премьер-лига. «Астана» чемпиондық атаққа жақындай түсті

Футболдан ел премьер-лигасының ХХХ тур ойындары мәресіне жетті. Қарағандыда жергілікті «Шахтерды» жеңген «Астана» чемпиондық атаққа нықтап қадам жасады.

Бүгін ХХХ тур ойындарының төртеуі өтті. Ал екі кездесу кеше өткен болатын. Жақында бас бапкерін қызметінен босатқан павлодарлық «Ертіс» өз алаңында «Тобылмен» тең ойнады. Қолда тұрған жеңісті соңғы минуттарда сусытып алған-ды. Ал «Атырау» өз алаңында «Таразды» 3:2 есебімен жеңіп, екінші алтылықтың көшін бастады.

Премьер-лигаға биыл қосылған «Спартактың» халі мүшкіл. ХХХ турда «Жетісуға» жеңілді. Талдықорғанда өткен ойында алаң иелері 2:1 есебімен жеңіске жетіп, үш ұпайды қоржындарына салды. Маңызды кездесу алаң иелерінің пайдасына шешілді. Бірінші таймда есеп ашылмай тең тарқасқан ұжымдар, екінші таймда ғана таблодағы есепке өзгеріс енгізді. Екі гол соққан алаң иелері соңғы сәттерде қорғанумен ойын өткізді. «Спартактың» соңғы минутта соққан голы командаға ұпай сыйламады.

Жақында белгілі болғандай, премьер-лига ойындарының жүйесіне өзгеріс енгізілмейтін болды. Яғни, соңғы орын алған ұжым бірінші лигаға түссе, 11-ші орында қалған клубпен бірінші лигада екінші сатыдан көрінген ұжым бір орынға таласатын болады. Қазіргі таңда премьер-лиганың турнир кестесінде соңғы команданың алдыңғысы болып қостанайлық «Тобыл» тұр.

Елордалық «Астана» чемпиондық атаққа жақындай түсті. Қарағандыда жергілікті «Шахтерды» жеңген Станимир Стойлов шәкірттері турнир кестесінде көш бастап тұр. Еншілерінде тағы бір кем ойыны да бар. 5 қараша күні «Ақтөбемен» өтетін кездесулері үлкен маңызға ие. Ал ХХХІ турда «Астана» өз алаңында қызылордалық «Қайсарды» қабылдайтын болады.

Қарағанды қаласында өткен ХХХ турдағы ойында «Астана» сапынан Атанас Курдов дубль орындады. Қар жамылған алаңның футболшыларды састырған сәттері де болды. Дәл осындай ауа-райы Қызылордадағы кездесуде де орын алды. Өз алаңында «Ақтөбені» қабылдаған Дмитрий Огай шәкірттері соңғы сәттерге дейін барын салып, бір ұпайды алып қалды. 45 минутта «Ақтөбе» қақпасына пенальти белгіленді. Бұл сәтте қақпаға кіріп бара жатқан допты Дмитрий Мирошниченко қолмен тоқтатты, және алаңнан қуылды. Бірақ, бұл сәтке дейін қонақтар Алексей Антонов соққан екі голдың арқасында алға шығып алған болатын. Антон Землянухин 11 метрліктен мүлт кетпесе, ойынның аяқталуына 3 минут қалғанда Валентин Фурдуй кездесудегі соңғы нәтижені тіркеді. Қорытындысында қызылордалық клубтың шымкенттік «Ордабасымен» ұпайы теңесті.

Саулюс Ширмялис шәкірттерінің Алматыда жолы болмады. Жақында ғана негізгі құрамдағы бес футболшысын ерте «демалысқа» жіберген «Қайрат» шымкенттік клубты ұпайсыз қайтарды. «Ордабасы» ойынды өз қолында ұстағанмен, қарымта шабуылда қарсыластарына қауқар таныта алмады.

Ел премьер-лигасының ХХХІ тур ойындары 1 қараша күні өтеді. Чемпиондықтан басты үміткер «Астана» өз алаңында «Қайсармен» кездессе, үмітін үзбеген «Қайрат» «Ақтөбеде» қонақта болады. Еуропа лигасынан үлкен үміті бар «Ордабасы» өз алаңында «кеншілерден» ұпай еншілеуге тырысып көретін болады. Екінші алтылықта «Тараз» - «Ертіс», «Тобыл» - «Жетісу», «Спартак» - «Атырау» ойындары өтетін болады.

 

 Сурет: pfl.kz, fca.kz

Ө. Сансызбай