УЕФА неден қателесті?

УЕФА неден қателесті?

Футболдан 2016 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі аясындағы Сербия мен Албания арасындағы ойында жаппай тәртіпсіздік орын алған болатын. Бүгін УЕФА бұл кездесуге қатысты өз шешімін шығаратын уақытты жариялады.

Саясаттың спортқа да салқыны тиетіні даусыз. Оны әлемдік аренадағы сайыстар сәтінен байқап та жүрміз. Кеше өткен Сербия мен Албания арасындағы кездесудегі оқиға да соның бір парасы. Өйткені, екі ел арасында бітіспес араздық бар. Ол араздықтың түбі де тереңде жатыр. Косовоның тәуелсіздік алуы мен албандардың бұл жерге көптеп қоныс аударуы екі ел арасындағы араздықты ушықтыра түскен. Ал 1996 жылғы Косово қақтығысы – екі ел халқының жүрегіндегі бітпес жара десек те болады. Бұл тұрғыдан Еуропалық футбол федерациясы қауымдастығы (УЕФА) екі елдің бір топқа түсуіне аса мән бермеді. Бір топқа түспеуі мүмкін деп те ойлаған болып шықты. Жеребе қорытындысында Сербия мен Албания бір топқа түскенде екі ел тарапынан ешқандай қарсылық байқалмады. Сондықтан, УЕФА қандай да бір тәртіпсіздік орын алады деген ойдан аулақ болды. Әйтпесе, саяси оқиғаларға байланысты кей елдердің бір топқа түспеуіне жағдай қарастырылған. Мәселен, Ресей мен Грузия, Ресей мен Украина, Испания мен Гибралтар, Әзірбайжан мен Армения құрамалары бір топта өнер көрсетпейді. Осы секілді Сербия мен Албания құрамаларын да бір топқа түспеу мүмкіндігін қарастыруға әбден болар еді. Сонымен, кеше өткен жаппай тәртіпсіздікке де тоқталайық.

Екі елдің футбол клубтары да еуродода жолында көп кездеспеген екен. Соңғы рет 2012 жылы жастар құрамалары жолыққан. Ал ол ойында оқыс оқиға орын алмаған. Кешегі өз тарихтарындағы алғашқы ойын сәтсіз аяқталды. Кездесудің 41 минутында алаңға ұшатын аппарат (квадрокоптер) арқылы «Ұлы Албания» Туын қалықтатқан сәтте, алаң иелері ойыншыларының бірі жалаушаны жұлып алған. Нәтижесінде албандықтар да қарсы көтеріліп, ойын жаппай қақтығысқа ұласқан. Соңғы кездері бұрынғы Югославия жерінде албандар «ұлы мемлекетін» құру үшін де күш салып жүр деген сыбыстар да бар. Тағы бір айта кететін дүние, екі ел өзара кездесу кезінде стадиондарда бір-бірінің жанкүйерлерін кіргізбеуге уәде берген-ді. Ал кешегі ұшатын аппаратты құрметті қонақтар отыратын орыннан Албания премьер-министрінің ағасы Олси Рама ұшырғаны да айтылуда.

Сонымен, бұл іске қатысты УЕФА тәртіптік-бақылау комитеті істі қарауға бел буды. Шешімін 23 қазан күні шығаратынын мәлімдеді. Серб елінің басшылығы істі арандатушылық деп бағалауда. Не де болса, УЕФА бұл іске қатысты шешім қабылдауы оңай соқпасы анық.


 Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет: eurosport.ru

Ш. Талап