Футболдағы төреші спрейі денсаулыққа зиян ба?

Футболдағы төреші спрейі денсаулыққа зиян ба?

Футболдан Бразилияда өткен әлем чемпионатынан бастап төрешілер ереже бұзылған сәтте ойыншылар қорғанысы сапын түзу үшін арнайы спрейді пайдалануды қолға ала бастаған-ды. Бірақ, жақында немістің адам денсаулығына қауіп төндіретін өнімдерді зерттеумен айналысатын бір топ мамандары спрейдің құрамында қауіпті элементтердің бар екенін анықтапты.

Алаңда аз уақыттың ішінде көзден «ғайып болатын» спрейді алғаш рет 2008 жылы аргентиналық спорт тілшісі Пабло Сильва ойлап тапқан. Екінші бір түрі Бразилияда жасалып шықты. Төрешілердің спрейді алғаш рет ірі додаларда қолдана бастауы 2011 жылы Аргентинада өткен Америка Кубогының ойындарынан басталады. Кейіннен Марокко ішкі біріншілігінде де футбол спрейін пайдалану қолға алынды. Ал ФИФА ресми түрде Бразилияда өткен әлем чемпионатынан бастап спрейдің пайдалы екендігіне баса мән бере бастады. Осы маусымдағы Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының ойындарында да спрей қолданылуда.

Төрешінің Касорлаға спрей шашып алған сәті

Төреші спрейінің 80 %-ы судан, 20 %-ы бутан газынан тұрады. Сонымен қатар, өзге де химиялық элементтер спрей құрамында кездеседі. Неміс ғалымдарының шу көтеруінде де себеп жоқ емес. Өйткені, өзге химиялық заттар қатарында парабен бар көрінеді. Негізінен, бұл химиялық зат косметика өндірісінде кең қолданылады. Антибактериалды қасиетіне байланысты пайдалы саналады. Парабендер синтетикалық консерванттар ретінде косметиканың сақталу мерзімін ұзартатын зат болып табылады. Ал медицина қызметкерлерінің айтуынша, қанға түскен сәтте парабендер эндокриндік жүйені зақымдай алады екен. Қант диабеті ауруының себебі де болуы әбден мүмкін. Соңғы зерттеулер бойынша, кеуде ісіктерінде парабендердің үлкен концентрациясы анықталған. Спрейдегі парабендер ағзадағы гормондар ыдыратылуының бұзылуына да әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан неміс ғалымдары спрейден келер қауіптің жоқ емес екенін ескертуде. Тісі батса, тіпті, бундеслига ойындарының сегізінші турынан бастап төрешілер қолдануға алып шығатын спрейді алып астамақ. Бірақ, Германия футбол федерациясы түгіл, әлемдік футбол қауымдастықтарының өзі айтылған ойға назар аударып отырған жоқ.  

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет:sport-xl.org

Ө. Сансызбай