Ел клубтары еурододада қалай ойнап жатыр?

Ел клубтары еурододада қалай ойнап жатыр?

Ел клубтары еурододаның топтық кезеңіне қашан шығады деп армандап, үміт күтіп жүруші едік. Сол үміттің үддесінен өткен маусымда қарағандылық «Шахтер» шықты. Ал бұл маусымнан да дәмеміз жоғары...

2014/2015 жылғы маусымдағы еурокубок жарыстарына қатысу үшін төрт командамыз жарыс жолына шықты. Еуропа лигасында алматылық «Қайрат» дат ұжымы «Эсбьергтен» екінші електік кезеңде өте алмады. Владимир Вайсс шәкірттері намысты бермеу үшін барынша тырысты. Бірақ, «Эсбьергті» де ескерген дұрыс. Өткен жылы клуб Еуропа лигасының 1/8 финалына дейін жеткен. «Қайратты» қалпақпен қағып алмақ болған команда ойлаған нәтижелерінің жүзеге аспайтынын, аспағанын да білді. Нәтижесінде «Қайрат» жарыс жолынан шығып қалса да, құрама қоржынына қажетті ұпайларды салып кетті. Алда «Ақтөбе», «Шахтер» мен «Астана» кездесулері күтіп тұр...

Футбол мамандары қазақстандық үш клубтың да келесі кезеңге өту мүмкіндігін төмен санауда. Еуропа лигасында сынға түсіп жатқан «кеншілердің» ғана «Хайдуктан» өтуге мүмкіндігі молдау. Расында да түздегі ойындар ел клубтарына оңай соғайын деп тұрған жоқ.

Еуропа футбол қауымдастығы одағының (УЕФА) осы маусымдағы коэфициентттер рейтингі қорытындысында Қазақстан құрамасы қоржыны 3,125 ұпайға молайып, 32-ші орынға көтерілді. Молдова мен Грузия артта қалса, үш клубтың келесі ойындардағы нәтижелері алда тұрған Әзірбайжан мен Словакияны басып озуға да мүмкіндік сыйлай алады. Сондықтан да, 6 тамыз күні Бухарестте «Стяуамен» кездесетін «Ақтөбеге», араға бір күн сала жарыс жолына шығатын «Шахтер» мен «Астанаға» жеңіс тілейміз.

Осы орайда massaget.kz сайты ел клубтарының еурододадағы нәтижелері жайлы отандық спортта қалам тербеп жүрген тілшілерден шағын сауалнама ұйымдастырған еді. Ендеше оқи отырыңыздар.

Азиз Жұмаділ, «Қайсар» командасының баспасөз хатшысы

- Қазақстан клубтарының биылғы еурододадағы аяқ алыстары қуантады. Әлбетте, "Қайрат" алысқа шабады деп ойлағанмын. Бірақ екінші іріктеу кезеңінен сүрінді. Алматылықтарға негізі текетірес тағдырын бірінші ойында өз алаңында шешіп алу керек еді. Ал қалған үш командамыз әлі де шабыстарынан жаңылған жоқ. Егер өткен жылмен салыстырар болсақ, УЕФА-ның клубтар коэфициентінде былтыр маусым бойы жинаған баллды, қазір үшінші іріктеу кезеңін аяқтамай жатып-ақ жинап қойдық. Жалпы, бұл Қазақстан чемпионатының күшейіп келе жатқандығының көрінісі болса керек. Қазір елге бұрынғыдай төменгі сорттағы легионерлер емес, тәп-тәуір тәжірибелі ойыншылар келіп жатыр. Міне, клубтарымыздың еурододада айдарларынан жел есіп тұрғаны осы легионерлердің арқасы. Енді жақын болашақта өз өрендеріміз де көптеп өсіп шығады деп үміттенеміз. Әлбетте, ол үшін алдымен инфрақұрылымға, содан кейін балалар футболына көңіл бөлу керек. Бәрі де іргетастың қалай қаланғанына байланысты болады.

Руслан Меделбек, спорт журналисі

- Биылғы маусымға Қазақстан клубтары өзіндік рейтинг орнатты. 17 ойын өткіздік, 10 жеңіс, 5 тең ойын және 2 жеңіліс. Тамаша нәтиже. Бірақ бұл біздің клубтардың биылғы маусымда Еуропа лигасының топтық кезеңіне шықты деген сөз емес. Алда әлі талай сын бар. "Шахтердің" Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығуына мүмкіндік бар. "Хайдукті" жеңсе, плей-офф қиын тимек. Себебі бұл кезеңде мықты қарсыластар болады. Кумыков шәкірттеріне былтырғы жинаған тәжірибе көмекке келеді деп үміттенемін. Ал "Ақтөбенің" Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығуы екіталай. Бұл клуб биыл Еуропа лигасында ойнаса керемет нәтиже болмақ. Ол үшін "Стяуаны" өтсе болғаны. Ал "Астана" үшін Швецияда "АИК" командасын ұту қиын болады. Ал жалпы жыл сайын біздің командалар еуротурнирлерде жақсы ойнап келеді. Бірақ ескерейік, біздің клубтардың көбіне легионерлер көмектесіп жатыр. Сондықтан клубтардың Еуропа жарыстарындағы жетістігі ел футболының даму деңгейін толыққанды көрсетпейді.

Уәлихан Қосанбай, спорт журналисі, комментатор

- Еурододаларда өнер көрсетіп жатқан клубтарымыздың деңгейін «орташа» деп бағалауға болады. Баршаңызға белгілі, қазір футболдан қартамыс құрлықтың басты додаларында біздің үш клубымыз («Ақтөбе», «Шахтер», «Астана») ғана қалды. Ал алматылық «Қайрат» болса Еуропа лигасының екінші айнамылымында дат клубы «Эсьбергке» жеңіліп, турнирден тыс қалды. Негізі бұл нәтиже үшін «Қайратты» сөкпегеніміз жөн. Өйткені, клуб араға 8 жыл салып Еуропаның басты додасына қайта оралды. Оның үстіне құрамы да мықты емес. Рас, Еурокубок басталар алдында «Қайраттың» қатарын бірнеше легионер толықтырды. Бірақ, олар жаңа ұжымға тез бейімделе алмаған секілді. Есесі, Вайсс бапкер қазақ жастарына мүмкіндік беріп жатыр. Келе жылы сол жастар көсіледі деген ойдамын. «Астананың» да нәтижесі жаман емес. Жаңа бапкер келген соң елордалық клуб допты жақсы бақылауды үйреніпті. Бұл ұжымның құрамы да мықты. Бірақ, өз алаңында «АИК»-пен тең ойнағанына мен таң қалдым. Швециялық клубтың қорғанысы мықты екен. Бірақ, қарымта кездесуде «Астананың» асығы алшысынан түседі деп сенемін. «Ақтөбенің» де ойынын нашар дей алмаймын. Бірақ былтырғы ел чемпиондары қақпашысын ауыстырса екен. Өйткені, Сидельников көп қателеседі. Сол қателіктердің салдарынан «Стяуадан» екі бірден гол жіберіп алдық. Егер, румыниялық клубпен қарымта кездесуде Сидельников өзіне сенімді ойнамаса, онда «Ақтөбенің» еурокубоктармен қоштаса да беруіне болады. Ал «Шахтерді» мақтаудың да, даттаудың қажеті жоқ Бұл клуб еурододаларда төселіп қалған еліміздің жалғыз клубы. Виктор Кумыков жүрісінен жаңылмаса, «кеншілерді» биыл да Еуропа лигасының топтық кезеңінен көреміз деп ойлаймын.


Рауан Оқас, спорт комментаторы

- Алғашқы раундтардан 4 командамыз сынға түсті. Төртеуі де сүрінбей келесі кезеңге өткен болатын. Бұрынырақ алғашқы кезеңде әйтеуір біреуі жарыстан шығып қалып жататын. Еуропадағы ойындарымыз тәуірлене түскені көзге айқын көрініп тұр. Былтыр топтық кезеңге дейін шыққан "Шахтердің" тәжірибесі толысқанын байқауға болады. "Астана" да осал емес. "Ақтөбе" өте мықты румындардың чемпиондарымен тең дәрежеде өнер көрсетті. "Қайраттың" жолы болмады. Әйтпесе, алысқа баруға мүмкіндігі бар еді. Не десек те, командаларымызда өздеріне деген сенімділік пайда болған. Биылда бір командамыздың топтық кезеңге шығатынына үміттенемін.

Бек Төлеуов, спорт журналисі

- Клубтарымыз жылдан-жылға жақсы нәтиже көрсетіп келе жатыр. Әсіресе, «Шахтердың» былтырғы жетістігі клубтарымызға қанат бітіргендей. «Қайрат» өз тарихында алғаш рет екінші кезеңге өтті. Алматылық ұжым алдағы жылдары тағы да жанкүйерлерін қуантады деп ойлаймын. Қалған үш командадан күтер үміт көп. Бұл маусымда әзірге 10 жеңіс, 5 тең ойынның арқасында 12,5 ұпай жинадық. Алдағы уақытта бұдан да көп ұпай жинаймыз деп үміттенемін. Тағы бір ерекшелік былтыр қазақ футболшыларынан «Шахтерде» Мақсат Байжанов пен Аслан Дарабаев болса, биыл бұл сан бірнеше есеге өсті. «Астана» Танат, Абзал, Елдос, Серікжан Мұжықовқа сенім артып отыр. Оның ішінде алғашқы екеуі гол соғып, командасына қажетті ұпай сыйлап жүр. Қарағандылықтардан Қонысбаев, Жаңғылышбай, Муртазаев, Байжанов бар. «Ақтөбе» Абат пен Асхатқа мүмкіндік беріп жатыр. Егер клубтарымыз нәтижелерін жақсарта беретін болса, онда шеберлік деңгейі жоғары легионерлер келе бастайды. Қазақстан чемпионатының деңгейі көтеріле береді. «Астана» бапкері Станимир Стойловқа ерекше алғыс білдіремін. Аз уақыттың ішінде жақсы команда жасақтап шығару кез-келген бапкердің қолынан келе бермейді. Сондай-ақ Виктор Кумыков еліміздегі ең үздік бапкер екенін дәлелдеп келеді. Оның құрган тактикасы әзірге өз жемісін беріп жатыр. Әйтпесе, «Шахтер» кұрамындағы футболшылардың атақ-дәрежесі, трансферлік бағасы «Хайдуктан» бірнеше есе төмен. Мендегі жалғыз тілек командаларымызға стадионнан барып қолдау көрсетіп отырсақ жақсы болар еді. Бұл жағынан «Ақтөбе» жанкүйерлері көп командаға үлгі болып тұр. Ал телеарналар барлық матчты тікелей эфирден уақытымен көрсетсе, онда қазақ футболына қызығушылық танытатындар көбейер еді. Ал басшылар «Шахтер» мен «Ақтөбеге» 20 мың адам сиятын стадион салып берсе деп үміттенемін.

Еуропаға ұялмай көрсетуге болатындай төрт команданың өсіп келе жатқаны қуантады. Бастысы біздің командалар бұрынғыдай ірі есеппен ешкімнен ұтыла қоймайды. Сондай-ақ, ұпай саны молая беретін болса, онда УЕФА-дағы коэфициентіміз өседі.

Абылайхан Жұмашев, спорт журналисі

- Қарағандылық «Шахтер» келесі кезең мәселесін жартылай шешіп тастады десе де болады. Өз алаңында «Хайдукты» 4-2 есебімен жеңіп, көрермендерге үміт пен қуаныш сыйлады. Қонақта өтетін ойында тең есеп те жетіп жатыр. Бірақ «Шахтер» жеңіспен оралады деген ойдамын. Келесі кезеңге өту мүмкіндігі - 77%. Елордалық «Астана» командасының қарқыны да жаман емес. Стойловтың сарбаздары «Астана Аренада» өткен ойында тең есепті қанағат тұтты. 1-1. Үміт сақтаулы әлі де. Өз алаңында қанша жерден жеңіске талпынса да болмады. Ендігі мақсат қарымта ойында жеңіске жету. Келесу кезеңге өту мүмкіндігі - 66%. «Ақтөбеге» қиын болмақ. Бірақ бәрін алдағы 90 минут көрсетеді. «Стяуа» - қарымды қарсылас. Десе де «Ақтөбе» оңай беріле салатын команда қатарынан емес. Қаншама жыл еурокубоктық ойындарға қатысып тәжірибе жинақтады. Топтық кезеңге өтуді қатты қалайды. Барша қазақстандық жанкүйерлердің алдында намысқа тырысып көрмек. Футболда бәрі де мүмкін. Мықты деген клубтар жеңіске жете бермейтінін ескерсек, қай клуб өз мүмкіндігін ұтымды пайдаланады, қайсысының жолы болады, сол келесі кезеңге өтер. Біз саған сенеміз «Ақтөбе»! Команданың келесі кезеңге өту мүмкіндігі - 50 %. Қазақтың 3 клубына еурокубоктық ойындарда жеңіс тілеймін. Сәттілік жолдас болсын. Ақ жол сендерге!

Ел клубтары еурододада жыл өткен сайын тәуір өнер көрсетіп келеді. Премьер-лигадағы ішкі чемпиондық тартыстар да соңғы сәттерге дейін жалғасуда. Легионерлермен қатар, қазақ футболының танылуына ат салысып келе жатқан жас таланттардың да өнері отандастарымызды қуантуда. Қысқа қайырғанда, қазақ футболы дамымай жатыр деп аузымызды қу шөппен сүртетін заман өтіп бара жатқандай. Ұлттық құрама ойыны да өз жүйесін табады деген сеніміміз мол. Көш жүре келеді түзеледі емес пе? Ал сіздер қалай ойлайсыздар, оқырман қауым?

Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет: facebook.com

Ө. Сансызбай