«Барселона» һәм Месси

«Барселона» һәм Месси

«Барселона» клубы Чемпиондар лигасының 1/4 финалында сүрінді, ел біріншілігіндегі чемпиондық таласта соңғы сәтте «Атлетикоға» есе жіберді. Сондай-ақ, Испания кубогында жеңіліс тапты. Үздік ойыншыларының бірі Мессидің өзі де Испания біріншілігінің сұрмергендігіне таласта Криштиану Роналдуға жол беріп қойды. Мұның бәрі ойыншылар мен жанкүйерлер үшін оңай болмағаны анық...

«Барса» жанкүйерлері Мессидің кеткенін қалайды

«Барселона» басшылығы Лионель Мессимен жаңа келісімшартқа қол қойды. Жаңа келісімшарт бойынша енді Месси 2018 жылға дейін «Барселона» сапында доп тебетін болады. Келісімшарт 250 миллион АҚШ доллары болып бағаланды.

Испаниялық Sport.Es интернет-ресурсы каталондық команда жанкүйерлеріне жүргізген сауалнама қорытындысы бойынша, Лионель Мессидің командадан кеткенін қалайтындар саны көп болып шықты. Олар «Барселонаның» осы маусымдағы сәтсіздігін аргентиналық сұрмергеннің есімімен байланыстыратын көрінеді.

Сауалнамаға қатысқандардың 37%-ы Лионель Мессидің трансферге қойылуын өтінген көрінеді. Сонымен қатар, бұл тізімнен қақпашы Хосе Мануэль Пинто, қорғаушылар Хавьер Маскерано, Херард Пике және Дани Алвес, жартылай қорғаушылардан Алекс Сонг пен Сеск Фабрегас, шабуылшылардан Алексис Санчес табылып отыр.

Месси кешірім сұрады...


Месси өз кезегінде арнайы мәлімдеме жасап, жанкүйерлерден кешірім сұрады. «Бұл маусым мен үшін де, команда үшін де ауыр болды. Бұлай аяқталады деп ойламаған едік. Соңғы ойында Испания біріншілігін жеңіп алатын үлкен мүмкіндік болып еді, алайда қолдан келмеді. Жанкүйерлердің алдында кешірім сұраймын және алдағы маусымда нәтижелі ойын өткізіп, маңызды жеңістерге ұмтыламыз деп уәде беремін. Бұл жыл мен үшін сәтсіз өтті, бірақ та жақын уақытта бәрі де жақсы болатынына сенемін. Мен «Барселонада» ойнай беруді жөн деп шештім, себебі, клубтың мен үшін ыстық екенін сеземін. Команда үшін бәрі де жақсы болғанын қалаймын. Егер жағдай дұрыс болмаса, бір шешімін табуға тырысамын», - дейді Месси.

"Барселона"- "Атлетико" - 0:7


Жақында 2013/14 жылғы Испания біріншілігінің символикалық құрамы жарияланды. Бұл тізімге «Барселонаның» бірде-бір ойыншысы енбей қалды. Яғни, жыл сайын жүлде бермейтін Месси де мықтылардың сапынан шет қалды. Бұл тізімге Испания біріншілігінің жеңімпазы атанған «Атлетико» клубының жеті бірдей футболшысы енген. Толығырақ айта кететін болсақ, қақпашы: Тибо Куртуа («Атлетико»); қорғаушылар: Филипе Луис, Хуанфран, Диего Годин (барлығы да - «Атлетико») және Эмерик Лапорт («Атлетик» Бильбао); жартылай қорғаушылар: Габи, Коке (екеуі де - «Атлетико»), Андер Итурраспе («Атлетик» Бильбао) және Иван Ракитич («Севилья»); шабуылшылар: Криштиану Роналду («Реал» Мадрид) және Диего Коста («Атлетико»).

Неміс қақпашысы Валдестің орнын баса ала ма?


Алдағы трансфер кезеңінде «Барселона» сапында үлкен өзгерістер орын алғалы тұр. Қазірдің өзінде «Барселона» футбол клубының ресми сайты неміс қақпашысы Марк-Андре тер Штегеннің команда сапына қосылғанын хабарлады. Жиырма екі жастағы қақпашы бұған дейін менхенгладбахтық «Боруссия» командасынында өнер көрсеткен болатын.

Команданың негізгі қақпашысы Виктор Вальдес жарақатына байланысты командадан қол үзген еді. Бразилияда өтетін Әлем чемпионатына да қатыса алмайтын қақпашының тізесінен алған жарақаты кемінде 6 ай емделуді қажет етеді.

Валдестің жарақатынан кейін қосалқы құрамдағы қақпашы Хосе Мануэль Пинтоға жол ашылғандай болып еді. Алайда «көп көріне бермейтін» қақпашы кеше ғана келісімшарттың бітуіне байланысты командадан кететінін мәлімдеді.

Команда басшылығы 2011/2012 футбол маусымында Бундеслиганың «үздік қақпашысы» атанған Марк-Андре тер Штегенге үлкен үміт артып отыр.

Трансфер


«Барселона» клубы «Реал Сосьедад» клубының ойыншысы Иньиго Мартинеске қызығушылық танытуда. Команда басшылығы Иньиго Мартинес үшін 15 миллион евро төлеуге дайын екендіктерін жеткізді.

Каталондықтар бұдан бұрын лондондық «Челсидің» қорғаушысы Давид Луисті сатып алмақшы болған. Тіпті, 2014 жылғы Әлем чемпионаты басталғанша 30 миллион евро төлеуге дайын екендіктерін де хабарлаған еді. Алайда «Челси» командасы Давид Луис үшін 39 миллион евро көлемінде қаржы талап етіп отыр. Ал, каталондықтар бұл ақшаны қымбат деп есептейді.

Сондай-ақ, «Барселонаның» жалға берілген ойыншылары Жерар Деулофеу мен Рафаэль Алькантара команда сапына қайта оралды. Рафаэль Алькантара өткен маусымда «Сальтаның» сапында 4 гол соғып, 6 нәтижелі пас берген. Ал, Жерар Деулофеу «Эвертонның» сапында 25 ойында 3 гол салып, 6 нәтижелі пас берген.

Барсаның жаңа бапкері


Және тағы бір маңызды жаңалық. Аргентиналық маман Херардо Мартино орнын босатқаннан кейін «енді Барсаны кім баптайды?» деген сауал жанкүйерлердің мазасын қашырған болатын. Арада көп уақыт өтпей «Барселона» футбол клубының ресми сайты команда тізгінін 44 жастағы маман Луис Энрике ұстағанын хабарлады. «Барселона» басшылығы Луис Энрикемен екі жылдық келісімшартқа отырды. Соңғы уақытта «Сельтаны» өрге сүйреген бапкердің «Барселона» үшін қаншалықты еңбегі сіңетінін алдағы уақытта көретін боламыз. Луис Энрике каталондықтарға бұнымен үшінші рет келіп отыр. Ол бірінші мәрте 1996 жылы ойыншы ретінде келсе, екінші рет 2008 жылы «Барселона В» командасының бапкері ретінде жолы түсті. Міне, енді кезінде өзі доп тепкен команданы жаттықтыру «бақыты» бұйырып отыр.

Автор: Нұржігіт Айдархан

Сурет: soccsim.ru, realmadrid.kz, barcaman.ru, football.sport.ua.

Ө. Сансызбай