«Севилья» - Еуропа лигасы чемпионы!

«Севилья» - Еуропа лигасы чемпионы!

Футболдан 2013/2014 жылғы Еуропа лигасының кубогын испандық «Севилья» командасы жеңіп алды. Жаңа ғана аяқталған ойын пенальти сериясында  4:2 есебімен  Унай Эмери шәкірттерінің пайдасына шешілді.

Алғашқы минуттардан бастап қос ұжым бір-бірінің қателесуін күткендей сыңаймен ойынды бастады. Қауіпті сәттің алғашқысы 15 минутта орын алды. Эйсакель Гарай өзіне берілген бір мүмкіндікті жіберіп алды. Португалия құрамасының қақпашысы өз орнынан табыла білді. «Бенфика» шабуылшыларына қарсы бірнеше рет ойын ережесін бұзған испандық клубтың қорғаушылары сары қағазды өз еншілеріне жазды. Нәтижесінде португалдық клубтың футболшысы Миралем Сулеймани ойынды ерте аяқтады. Бірінші тайм аяқталар тұста Жорже Жезуш командасы «Севильяны» тықсыра түсті. Бірнеше қауіпті сәттерімен қоса, пенальти орындалуы мүмкін орайды да ұйымдастырды. Тек неміс төрешісі Феликс Брых 11 метрлік айып добын белгілей қоймады.

Екінші таймды лиссабондық клуб тағы да өз басымдығымен бастады. Ашық футбол ойынына көшкен клубтар қорғаныс пен қарымта шабуылды жылдам ұйымдастыруымен көзге түсе білді. 48 минутта Бету қақпасының саңылауын табар соққылар бағытталғанымен, нәтиже шықпады. Бұл сәттерде «Бенфика» жолы болмады десек болады. 85 минутта Родриго Лиманың алыстан бағыттаған соққысы қақпашы қолынан серпілсе, Гарай араға бір минут сала өз мүмкіндігін пайдалана алмады. Ол осы уақытқа дейін офсайдтан бір гол соққан-ды. Негізгі уақытта бір-бірінің осал тұсын таба алмаған ұжымдар қосымша уақытқа жүгінді. Мұны алғашқысы да португалдық клубтың допты бақылауы мен шабуылында өтті. 100 минутта севильялық клубтың шабуылшысы Карлос Баккада тамаша мүмкіндік болды. Алайда ойыншы қақпаны дәл бағыттай алмай састы. Екінші қосымша уақыт та Турин таблосына өзгеріс енгізе алмады. Қорытындысында жеңімпаз пенальти сериясында анықталды. Тәжірибелі парагвайлық футболшы Оскар Кардосо мен Родриго Морено және Паулу Бету ерлігінен кейін «Севилья» Еуропа лигасын жеңіп алды. 

Расында да белсенді ойнаған «Бенфика» жетінші рет финалда сүрінді. Бәлкім, «Гуттманн қарғысы» тағы ойынға әсер етті ме? Ал Унай Эмери мен командасын нағыз жолы болды десек болады.

Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com

Ө. Сансызбай