Премьер-лига. Х тур ойындарына шолу

Премьер-лига. Х тур ойындарына шолу

Бүгін футболдан ел премьер-лигасының Х тур ойындары өтеді. Назарларыңызға кездесулер алдындағы шолуымызды ұсынамыз.

"Ордабасы" (Шымкент) - "Жетісу" (Талдықорған)


Шымкенттік клуб өз алаңында тәуір өнер көрсетіп жүр. Жанкүйерлер қолдауымен желпінетін команда бүгін «Жетісуден» жеңіледі деп айту қиындау. Әзірге екі клуб арасын бір ғана ұпай бөліп тұр. Соңғы үш ойында «Ордабасы» ұтылған жоқ. Ал екі клуб арасындағы соңғы Шымкенттегі кездесу 1:2 есебімен Омари Тетрадзе командасының пайдасына шешілген екен. Бүгінгі кездесудің фавориті жергілікті команда саналуда. Ойын Астана уақытымен сағат 17:30-да басталады.

«Ертіс» (Павлодар) – «Тараз» (Тараз)


Екі клуб та маусым ортасына жетпей-ақ бас бапкерлерімен қош айтысты. Оған себеп те жоқ емес. Тоғыз тур қорытындысы бойынша «Ертіс» те, «Тараз» да 8 ұпайдан жинады. Еуропа лигасында ел намысын қорғаған павлодарлық клуб пен ҚР кубогының ақтық сынына дейін жеткен тараздық ұжымның ойын жүйесі жанкүйерлерінің көңілінен шығар емес. Жақында ғана Тармо Рюютлиді қызметінен босатқан «Ертісті» бүгін Ойрат Садуов бастап шығады. Футбол маманы бас бапкердің уақытша қызметін атқаруда. Ал ойынға келер болсақ, жергілікті команданың шабуыл шебі әлсіздеу. «Тараз» бұл тұрғыда алаң иелеріне қарағанда басымдау секілді. Дегенмен оңтүстіктік клубтың қорғаныс қамалы нашарлау. Бұл ойында алаң иелері аздап басымдыққа ие. Кездесу Астана уақытымен сағат 18:00-де басталады.

«Қайсар» (Қызылорда) – «Атырау» (Атырау)


Қызылордалық команда өз алаңында жақсы өнер көрсететін клубтардың қатарынан. «Атыраудың» соңғы ойындары жеңіске бастар жолды таппай келеді. Сондықтан да алаң иелерін жеңілмейді немесе жеңуі мүмкін деп айтуға болатын секілді. Өйткені VIII турда Дмитрий Огай командасы «Шахтердың» жеңісті сериясына нүкте қойған болатын. Ойын Астана уақытымен сағат 18:00-де басталады.

«Астана» (Астана) – «Спартак» (Семей)


Елордалық клуб премьер-лига аутсайдерінен ұпай еншілеуге асығары анық. Онсыз да шабуыл шебі осал қарсыластар тоғыз турда небәрі 5 гол ғана соқты. Жақында бас бапкерін қызметінен босатқан семейлік клуб ғайыптан тайып жеңіске жетіп жатса, бұл турдың басты сенсацияларының бірі болмақ. Ойын Астана уақытымен сағат 19:00-де басталады.

«Қайрат» (Алматы) – «Шахтер» (Қарағанды)


Бұл турдың басты кездесулерінің бірі Алматыда өтеді. «Қайрат» қатарында бақ сынап жүрген талантты жас футболшыларға аздап тәжірибе жетіспей жүргендей. Маусымды сәтсіз бастағанмен, Владимир Вайсс командасы ес жиып үлгерді. Сондықтан да бұл ойынға нақты бір болжам жасау қиындау. Естеріңізге сала кетсек, өткен маусымдағы Алматыдағы кездесуде алаң иелері үш басымдығымен жеңіске жетіп тұрып, бас-аяғы 10 минуттың ішінде қонақтар есепті теңестіріп кеткен болатын. Кездесу Астана уақытымен 19:00-де басталады.

«Тобыл» (Қостанай) – «Ақтөбе» (Ақтөбе)


Осыдан бірнеше жыл бұрын бұл клубтардың арасындағы кездесу қазақстандық нұсқадағы «эль-классикоға» теңелетін. Алайда араға уақыт сала «Тобыл» өз ойынын жоғалтып алды. Осы маусымда қостанайлық клубқа алғашқы алтылыққа ену жоспары қойылуда. Премьер-лигада ала-құла ойын көрсеткеннен кейін команда Сергей Масленовпен келісімшартын бұзды. Ал соңғы ойындары клубтың жанкүйерлер көңілінен шығып келеді. Х турдың орталық кездесуі саналатын тартысты ойында қонақтар да аянып қалмасы белгілі. Сондықтан да Қостанайда өтетін қызықты ойынды жберіп алмаңыздар. Кездесу Астана уақытымен сағат 17:00-де басталады.

Командалар Ойын  Жеңіс  Тең  Жеңіліс  Голдар  Ұпай 
1  Ақтөбе 9 6 2 1 13-3 20
2  Астана 9 5 3 1 9-5 18
3  Шахтер 9 5 2 2 14-6 17
4  Ордабасы 9 4 1 4 9-9 13
5  Атырау 9 3 4 2 8-8 13
6  Жетісу 9 3 3 3 6-5 12
7  Тобыл 9 3 3 3 9-10 12
8  Қайсар 9 3 3 3 8-9 12
9  Қайрат 9 3 2 4 8-8 11
10  Ертіс 9 2 2 5 9-14 8
11  Тараз 9 2 2 5 8-15 8
12  Спартак 9 0 3 6 5-14 3

Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vesti.kz, sports.kz

Ө. Сансызбай