Премьер-лига. VIII тур ойындарының қорытындысы

Премьер-лига. VIII тур ойындарының қорытындысы

Футболдан ел премьер-лигасының VIII тур ойындары мәресіне жетті. Назарларыңызға кездесулерге шолуымызды ұсынамыз.

«Ордабасы» (Шымкент) 2 – 1 «Спартак» (Семей)


Шымкенттік команда кездесуді толықтай бақылауда ұстады. Алғашқы тайм аяқталар тұста бұрыштамадан Артем Касьяновтың асырған тамаша пасынан кейін Эндрю Мвесигва есеп ашты. Осыған дейін жеңіске жетіп көрмеген Алмас Күлшінбаев командасы екінші таймды жойқын шабуылдармен бастады. Сондай қауіпті сәттердің бірінде таразы басын да теңестірді. Алайда екінші таймда Артем мен Мвесигва арасындағы шабуыл шебіндегі байланыс тағы да нәтиже берді. Осылайша алаң иелері үш ұпайды қоржындарына салып, турнир кестесінің төртінші сатысына жайғасты.

«Тобыл» (Қостанай) 1 – 0 «Тараз» (Тараз)

Өткен аптада ғана Вардан Минасян тізгінін ұстаған «Тобыл» бүгін жаңа бапкерімен екінші жеңісіне қол жеткізді. Осыған дейін бірінші турда ғана «Спартакты» жеңген клуб сәтсіз кездесулерінен көз ашпай келе жатқан-ды. Соның салдарынан бас бапкері Сергей Масленов та қызметінен кетті. Бүгін негізгі құрамдағы бірнеше футболшысы алаңға шықпаған «Таразға» оңай болмасы о бастан белгілі еді. Десе де алаң иелері бір доп басымдығымен ғана жеңіске жетті. Жеңіс голын Анатолий Богданов өз еншісіне жазды.

«Жетісу» (Талдықорған) 1 – 0 «Атырау» (Атырау)

Омари Тетрадзе командасы 32 минутта Виктор Ковалев соққан голдың арқасында жеңіске жетті. Алайда гол авторы 70 минутта алаңнан қуылды. Дегенмен батысқазақстандық клуб алаң иелерінің аздығын пайдалана алмады.

 

«Қайсар» (Қызылорда) 1 – 0 «Шахтер» (Қарағанды)


Қарағандылық команданың жеңісті сериясына Қызылордада нүкте қойылды. Алаң иелеріне жеңіс сыйлаған голды «Қайсардың» жартылай қорғаушысы Илья Калинин соқты. Турнир кестесін бастауға мүмкіндігі болған «Шахтер» осылайша маусымдағы екінші жеңілісіне ұшырады.

«Қайрат» (Алматы) 2 – 1 «Ертіс» (Павлодар)


Алматылық клуб өз алаңында «Ертісті» жеңді. Алғашқы таймда Ермек Қуантаев пен Йосип Кнежевичтің орнына шыққан Аслан Дарабаевтың голдарынан кейін «Қайрат» алға шықты. Есепті еселей түсуге бірнеше мүмкіндіктері де болды. Дегенмен нәтижеге айналдыра алмады. Есесіне екінші таймда қонақтар есепті қысқарта білді. Кездесу соңынан ұйымдастырылған пресс-конференцияда Вадимир Вайсс Самат Смақов, Ермек Қуантаев және Бауыржан Исламханның тамаша өнер көрсеткенін атап өтті.

«Астана» (Астана) 1 – 2 «Ақтөбе» (Ақтөбе)


Бұл турдың басты кездесуі «Астана-Арена» стадионында өтті. Осыған дейін жеңілістің ащы дәмін татпаған елордалық клуб бүгін «Ақтөбеден» ұтылды. Ойындағы есеп 4 минутта ашылды. Марат Хайруллиннің айып соққысынан асырған пасына бірінші жеткен Игорь Зенькович баспен қақпаны дәл бағыттады. Алайда 15 минутта Фокси Кетевоама есепті теңестірді. Алғашқы тайм аяқталар тұста Марат Хайруллин дәл соққысымен «Астана» қақпашысынан айласын асырып кетті. Екінші таймда нәтиже өзгермеген ойыннан кейін Владимир Никитенко командасы үш ұпайды еншілеп қайтты. Осылайша «Астана» маусымдағы алғашқы жеңілісіне ұшырады.

 Командалар Ойындар  Жеңіс  Тең  Жеңіліс  Голдар  Ұпай 
1  Ақтөбе 8 5 2 1 12-3 17
2  Астана 8 5 2 1 9-5 17
3  Шахтер 8 5 1 2 14-6 16
4  Ордабасы 8 4 0 4 8-8 12
5  Жетісу 8 3 3 2 6-4 12
6  Атырау 8 3 3 2 7-7 12
7  Қайрат 8 3 2 3 8-7 11
8  Қайсар 8 3 2 3 7-8 11
9  Тобыл 8 2 3 3 6-10 9
10  Ертіс 8 2 2 4 9-11 8
11  Тараз 8 1 2 5 7-15 5
12  Спартак 8 0 2 6 4-13 2

Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sports.kz

О. Сансызбай