Бразилияға барады

Бразилияға барады

«Блаугрананың» бұдан бірнеше жыл бұрынғы жетістігі көзден бұлбұл ұшты, команданың көшбасшы ойыншысы Месси соңғы уақытта жиі көлеңкеде қалуда. Аргентиналық сұрмергеннің ойын мәнері сол баяғыша қалғанмен, бойында бірқатар өзгерістер орын алып жатқанын жасыра алмаймыз...

Месси,  шынында да, соңғы уақытта жиі көзге түсуден қалды. Команда соңғы кездері Мессиге доп беруге ықылассыз. Бұған аргентиналық ойыншының өзі де себепкер болуы мүмкін. Ендігі таңда әлемнің төрт дүркін үздік ойыншысы доп алып, қорғаушыларды алдап өтуге, дәстүрлі ойын мәнерімен гол соғуға құлықсыз. Допқа аяғы бір ілінсе алып ұшатын шабуылшының аяқ алысы соңғы кезде қарсылас алдында дәрменсіздікпен аяқталуда.

Мессидің ықылассыз ойын өрнегін, жаяу жүріп тоқсан минутты өткеретінін көре отырып, соңғы рет мұндайды қашан көрдік деген ойға қаласыз. Оның үстіне, соңғы жылдары жиі жарақаттанып қалатынды шығарды. Мәселен, Тита Виланова мен Тата Мартиноның уақытысынан бері Месси екі-үш айлап қатардан шығып қалып жатты. Жарақатынан айығып, қалыпқа келіп үлгерем дегенше көп уақытты шығындады. Ал Пеп жаттықтырған төрт-бес жыл көлемінде аргентиналық сұрмерген екі аптаға ғана үзіліске шыққан екен. Бұл жерде испаниялық маманның көрегенділігін айтпастан бұрын, әлемнің ең үздік ойыншысын пайдалануда қалған тренерлер қауқарсыздық танытуда деген ой оралады.

Жалпы, Мессиге соңғы бір-екі маусым ауыр тиюде. Мақтаулы команда Еуропа биігінде ұзақ уақытқа тұрақтап қалардай әсер қалдырған. Дегенмен, кешегі мықтылық күннен-күнге мұқалуда. Бір уақыттардағы Пептің қарсылас шақ келтірмейтін ұжымы енді ортаңқол командаларға есе жіберіп, еурокубоктік додалардан шет қалып жүр. «Барселонаның» «Атлетикодан» жеңілісі – соның айғағы.

Бір жағынан бұған клуб ішіндегі шиеленіскен жағдайлар да әсер етуі мүмкін. Оңтүстік америкалық жұлдыз Неймарды алдырғанмен, оны әлі күнге команда ойынына бейімдей алмай келеді. Гвардиола неміс өлкесіне ат басын бұрған соң, клуб басшылығы Аргентинадан маман алғызған болатын. «Тики-таканы» күшейтіп, өсіп-өркендетеді деген бапкер әлі күнге өз басын алып жүре алмай келеді. Соңғы сұхбаттарында клубтан кететінін айтыпты. Бапкер болған соң өз ісіне толық берілгісі келетін шығар, алайда өзінің бір сөзінде айтқанындай, каталондық басшылық бапкердің ісіне жиі қол сұға беретін көрінеді.

Каталондық басшылық өзінің осы бір әдетімен өз сүйкімін кетіріп жатқандай әсер қалдырады. Неймарды сатып алып, жас баланың трансфері үшін қырық-пышақ болып, ақыры басшысын орнынан тайдырып тынған басшылық Еуропаға аты танылған, есті бапкер шақыртудың орнына, сонау Америкадан қорғанысқа көп иек артатын Херардоны шақыртып алды. Жазғы маусымда командаға бір қорғаушы, бір шабуылшы сатып алудың орнына, Неймардың саудасымен істі болып кетіп, ақыр аяғы клуб құрамы толығусыз қалды.

Қазір каталондық клуб сапында бір Месси ғана емес, өзге де ойыншылар мәз ойын өрнегін көрсетіп жүрген жоқ. Аттай қаланып алынған Сеск те соңғы кездері жанкүйерлер алдында құлдырап барады. Болашағынан көп үміт күттірген испан жігіті шыңдалудың орнына, шын мәнінде өзін таппай қалған сыңайлы. Пеп кезінде екінші командадан шақыртылған Педро да белгілі бір көлемде осалданып қалған секілді. Команданың шабуылына жауапты Иньеста да жасындай жарқылдап жүргені шамалы. Бәрін айт та бірін айт, «Барселона» бұрынғы «Барселонаның» жұрнағы болып қана қалуда.

Аргентина жаз айында төрт жылда бір келетін үлкен додада бағын сынайтын болады. Үлкен футбол мерекесі Аргентинаға өз елінде өтіп жатқандай әсер етері анық. Ең бастысы, Месси бастаған жігіттер бұл додада көптен бері топ жаруға ниетті. Олардың мүмкіндіктерін саралай отырып, солай деп бағамдауға болар. Аргентинаның жұлдызды шоғыры ұжымдық деңгейде толағай табыстарға қол жеткізері анық. «Сен тұр, мен тебейін» - ойыншылары бар құрама халықаралық турнирлерде сәтті өнер көрсетеді деген негіз бар.

Әлем Чемпионаты көпшілік көңілін қазірден аулауда. Сол қатардан Мессиді айта кетуге болады. Даңқы шыққан футболшының бағындырмаған биік белесі қалмады, тек бір жүлде, тек бір жеңіс қана жетпейді. Оны өздеріңіз де біліп отырған боларсыздар.

Мессидің сол баяғынша Месси болып қала берері шүбәсіз. Ал «Барселонаға» тек уақыт керек және дағдарысты бастан өткеруге мықты маман алдыру қажет. Соңғы ақпараттарға сенсек, дортмундық «Боруссиядан» Юрген Клопты алдыруы мүмкін екен. Неміс футболына көрік қосқан бапкер «блаугранаға» жақсы тәлімгер бола алар еді. Оның адами мінез-құлықтарынан бұрын кәсіби біліктілігі ешкімге  күдік-күмән келтіре қоймас. 

Автор: Әкежан Дәкен

Сурет: eurosport.ru

Л. Лига